Ғасырлар қойнауынан бастау алған адамзат тарихына көз салар болсақ, бүгінде әлеуметтік-экономикалық даму биігінің көшбасында келе жатқан алдыңғы қатарлы елдердің талай-талай тағдыр сынына түсіп, небір дағдарыстарды өткергенін байқауға болады. Міне, осындай сындарлы шақтарда жүзден жүйрік шыққан реформаторлар серпінді бағдарламалар қабылдап, елді дамудың тәуекелді баспалдақтарына бастаған. Бұл ретте ХVІ ғасырдағы Голландияның, ХVІІ ғасырдағы Англияның, ХІХ ғасырдағы Германияның, екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Жапонияның экономикалық даму тәжірибесі мысал бола алады. Қазіргі жаһандық қаржы-экономикалық дағдарысынан кейінгі Қазақстанның серпінді даму соқпағына түсуі де осы тарихи сабақтастықтың заңды жалғасы іспеттес.
Заманауи реформатор, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың 2020 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық стратегиялық даму бағдарламасы шын мәнінде елімізді бәсекелестік биігіне шығарып, дәуірлік даму деңгейіне көтеретін ұлттық өрлеу баспалдағы екендігі ақиқат. Елбасы өткен жылы “Нұр Отан” ХДП-ның ХІІ съезінде сөйлеген сөзінде “2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап “Қазақстан-2030” Стратегиясының аясында біз индустриялық-инновациялық жедел даму бесжылдығын бастаймыз. Біз әлемнің барлық мемлекеттерінде өткен ғасырдың басында болған индустрияландыру туралы емес, инновациялық индустрияландыру туралы айтып отырмыз. Біздің индустрияландыру әлемдік экономиканың қазіргі даму ғұрпына сәйкес болуы тиіс” деп атап көрсеткен болатын.
Иә, жаһандық дағдарыстан қиналыссыз шыққан Қазақстан ел экономикасын жаңа асуға шығару мақсатында батыл бастама – 2020 жылға дейінгі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын қабылдады. Бұл стратегиялық бағдарлама индустриялық дамудың екі бесжылдық жоспары бойынша іс жүзіне асырылатын болады. 19 наурызда Елбасының Жарлығымен 2010-2014 жылдардағы үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама бекітілген болатын. Жақында Үкімет осы үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың (ҮИИД) мемлекеттік бағдарламасын іс жүзіне асырудың мынандай негізгі тетіктерін белгіледі: Үкіметтің 2010-2014 жылдардағы ҮИИД бағдарламасын іс жүзіне асыру жөніндегі шараларының жоспары; өндірістік қуаттарды тиімді орналастыру кестесі; Қазақстанның индустрияландыру картасы; Бизнестің жол картасы-2020. Енді осы маңызды мемлекеттік бағдарламаның басты тұжырымдарын саралап көрейік.
2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама еліміздің 2020 жылға дейінгі стратегиялық дамуының бірінші индустриялық бесжылдық жоспары болып табылады. Бұл жоспарды белгілеу мейілінше ашық және транспарентті түрде жүзеге асырылды. Бизнес қауымдастығымен негізгі мәселелерді талқылаған үйлестіру кеңесі құрылды. Үдемелі индустриялдық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама еліміздің экономикалық саласындағы бес жылға арналған бірден-бір құжат болып саналады. Бұған дейінгі қолданыста болған стратегиялар мен бағдарламалар (52 құжат) өз күшін жояды. Бесжылдық жоспарды жүзеге асыру барысында дамудың салалық бағдарламалары бекітілетін болады.
Бағдарламаның көздеген мақсаты бойынша Қазақстан 2014 жылға дейін мынандай жетістіктерге жетуге тиіс:
– еліміздің ішкі жалпы өнімін 2008 жылғы деңгейден 50 пайыз арттыру;
– қайта өңдеу саласында еңбек өнімділігін 50 пайызға, экономиканың жекелеген салаларында 100 пайызға өсіру;
– шикізаттық емес экспорт үлесін 40 пайызға жеткізу;
– ІЖӨ-нің энергетикалық шығынын 2008 жылғы деңгейден 10 пайызға төмендету;
– жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар ішінде инновациялық кәсіпорындардың үлесін 10 пайыз арттыру;
Егемен елімізді әлеуметтік-экономикалық даму сатысының жаңа көкжиегіне көтеретін бұл стратегиялық бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында Мемлекет басшысы 7 басым бағытты белгілеп берді. Олар: агроөнеркәсіп, металлургия, мұнай өңдеу, энергетика, химия және фармацевтика, құрылыс индустриясы, көлік және инфрақұрылымдық салаларды дамыту болып табылады. Сонымен бірге Елбасы тағы да бес бағытты, атап айтқанда, мәшине жасау, уран, жеңіл өнеркәсіп, туризм және космос салаларын дамытуға да басымдық беру қажеттігін ескерткен болатын.
Жақында ел Үкіметі 2010-2014 жылдардағы ҮИИД жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іс жүзіне асыру жөніндегі шаралар жоспарын бекітті. Осы Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов “ҮИИД бағдарламасы негізгі мақсатқа жетудің нақты құралдары және механизмдерімен айшықталған. Ол барлық қатысты салалардың өкілдерінің қатысуымен жан-жақты сарапталып, талқыланған. Ішкі және сыртқы инвестициялар көлемін нақты ескеріп жасалынған. Ең бастысы ол – еліміздің тұрғындарының барлық топтары үшін жаңа мүмкіндіктер ашады”, деп атап көрсетті. Барлық мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен және ұлттық компаниялармен бірлесе отырып белгіленген бұл шаралар жоспары ҮИИД бағдарламасын іс жүзіне асырудың үйлестірілген картасы болап табылады. Әрбір бағдарламаны іс жүзіне асыруға бір ғана мемлекеттік орган немесе ведомство жауап береді. Барлық шаралар жоспары негізгі 4 бағытқа топтастырылған. Бірінші, жалпы жүйелі шараларды қолдау, инфрақұрылымды, өнеркәсіптің басым салаларын дамыту бағдарламасы, екіншіден, ҮИИД бағдарламасын жүзеге асырудың өңірлік аспектілері – өңірлерді дамыту бағдарламасы, индустрияландыру картасы, Бизнестің жол картасы-2020, өндірістік қуаттарды тиімді орналастырудың кестесі, Қазақстанның өңірлік-аймақтық дамуының болжамдық кестесі, үшіншіден институциялық қайта құру, төртіншіден, бағдарламаны іс жүзіне асыруға тиімді басшылық жасау.
Қазақстанның 2010-2014 жылдарға арналған республикалық және өңірлік индустрияландыру картасы ҮИИД мемлекеттік бағдарламасының маңызды құрамдас саласы болып табылады. Ол мемлекетке бизнес қауымдастығымен бірлесе отырып еліміздің ресурстық қуатын және инфрақұрылымын дамытуға, дұрыс инвестициялық шешімдер белгілеуге жағдай жасайды. Жалпы алғанда, “Индустрияландыру картасына” жалпы құны 7,4 триллион теңгені құрайтын 240 жоба енгізілген. Атап айтқанда, республикалық картаға жалпы құны 6,8 триллион теңгені құрайтын 101 ірі жоба кіреді. Бұл жобаларды жүзеге асыру барысында 130 мың уақытша жұмыс орны ашылса, жоба толық іске қосылғаннан кейін 90 мың қазақстандық тұрақты жұмыс орнымен қамтылмақ. Өңірлік карта шеңберінде негізгі үйлестіру міндеттері әкімдіктерге жүктелген. Өңірлік карталарға жалпы құны 580,4 миллиард теңгені құрайтын 139 жоба енгізілген. Бұл жобаларды жүзеге асыру барысында 13,3 мың адам уақытша жұмыспен қамтылса, жоба іске қосылғанда 18,5 мың адам тұрақты жұмысқа орналастырылатын болады.
Инвестициялық жобаларды сараптау және мониторинг жасау мақсатында инвестициялық үрдістерді басқару жүйесін ақпараттандыруға ерекше мән берілмек. Бұл жобаларды жүзеге асыру мақсатындағы шараларда мемлекет және жеке салалардың арасындағы тиімді үйлесімдікті қамтамасыз етпек. Ақпараттандыру жүйесі арқылы отандық және шетелдік инвесторлардың қатысуы туралы жан-жақты деректер беріледі. Карта жөніндегі ақпараттық жүйеге бизнес қауымдастығының кеңінен тартылуы қамтамасыз етіледі. Үкімет басшысының тапсырмасымен жобаларға мониторинг жүргізу міндеті Сауда- өнеркәсіп палатасына және оның өңірлік филиалдарына жүктеліп отыр.
2015 жылға дейін өндірістік қуаттарды тиімді орналастыру кестесі
ҮИИД бағдарламасын іс жүзіне асыруда өндірістік қуаттарды тиімді орналастыру кестесі айрықша маңызды болмақ. Бұл кесте “Индустрияландыру картасын” ескере отырып еліміздің инфрақұрылымдық және ресурстық базасын дамытудың ұзақ мерзімді жоспарын үйлестіреді. Ол біріншіден, мемлекетке бизнес қауымдастығымен бірлесе отырып, дұрыс инвестициялық шешімдер белгілеуге, екіншіден, еліміздің инфрақұрылымдық және ресурстық қуатын дамыту негізінде жеке меншік саланың жобаларды жүзеге асыру жөніндегі жұмысын ретке келтіреді. Бұл кестеге мынандай маңызды салалар енгізілген:
Кестені белгілеу барысында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қажетті жағдайлар, атап айтқанда еліміздің және өңірлердің экономикалық даму деңгейінің негізгі параметрлері, табиғи монополиялық субъектілердің 2015 жылға дейінгі тарифтерінің деңгейі ескерілуі қажет. Мемлекеттік жобалау құрылымында бұл кестелердің тиімді орналастырылуы төмендегі кесте бойынша орын алмақ:
Сонымен аталмыш кестелер “Индустрияландыру картасына” байланысты өңірлік-салалық дамудың алғышарты ретінде бизнестің инвестициялық шешімдерін жоспарлауда бағдарға алынады. Өңірлерді дамыту жоспарларын белгілегенде болжамдық бағдар ретінде қолданылады. Мәселен, белгілі бір кәсіпкер өңірлік (облыстық) рынокқа кіру алдында сол өңірдің жағдайымен, атап айтқанда, бұл өңірде осындай қанша өндіріс орны бар екендігі, сату рыногының дәрежесі туралы, жылу және су құбырларының жағдайы туралы, маман кадрлар жөнінде жан-жақты дерек алатын болады. Бұл бизнес үшін де, Үкімет үшін де өте тиімді. ҮИИД бағдарламасын жүзеге асыру шаралары барысында кесте толықтырылып, жаңартылып отырылады.
Болашақта бұл кесте еліміздің 2020 жылға дейінгі өңірлік-аймақтық даму көрсеткіштерінің құрамдас бөлігі болып табылмақ.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында мемлекет тарапынан кешенді көмекті қажет ететін 4 маңызды міндетті атап көрсеткен болатын. Олар:
– өңірлердегі кәсіпкерлікті дамыту;
– жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттыру және жаңа өндіріс орындарын ашу;
– экономиканың шикізаттық емес салаларына инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай қалыптастыру;
– отандық өнім өндірушілердің тауарларын сыртқы рынокқа шығару.
Қабылданған мемлекеттік бағдарламада Елбасы басымдық берген осы міндеттерді іс жүзіне асыруға негіз қаланды. Қазақстанның 2010-2014 жылдардағы үдемелі индустриялық-инновациялық дамуы жөніндегі мемлекеттік бағдарлама еліміздің экономикалық өрлеу биігінің алғашқы тұғыры болып табылады. Бұл өміршең жоспардың толық жүзеге асырылатындығына қазірдің өзінде берік негіз қалануда.
Мәселен, биылғы жылдың өзінде жалпы құны 713,6 миллиард теңгені құрайтын 144 индустриялық жобаның құрылысы аяқталмақ. Қазіргі таңда осы мақсатқа тартылған инвестицияның 583 миллиард теңгесі игерілді. Бірінші жартыжылдықта жалпы құны 396 миллиард теңге болатын 72 инвестициялық жоба пайдалануға берілмек. Бұл орайда сәуір айындағы деректер бойынша Павлодар облысындағы нысандар 97,5 пайыз, Маңғыстау облысындағы инвестициялық жобалар 96 пайыз, Ақмола облысындағы нысандар 90,2 пайыз дайындық сапына келіп қалған. Екінші жартыжылдықта жалпы құны 440 миллиард теңге болатын тағы 72 нысан пайдалануға берілмек.
Еліміздің экономикалық дамуының локомотиві болатын 2020 жылға дейінгі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының шеңберінде биылғы жылдың өзінде бірқатар ірі құрылыс нысандары қатарға қосылды. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында керамогранит өндірісі жөніндегі зауыт, мақта материалдарының сортты тұқымын өндіру жөніндегі зауыт пайдалануға берілсе, Қызылорда облысында қиыршықтас зауыты іске қосылды. Осы сәуір айының соңына дейін Ақтөбе облысындағы “Рамазан” ЖШС құс өсіру фабрикасы қайта құрудан өткізіліп, “Маңғыстау облысы кеме жөндеу зауыты” ЖШС-ның шағын кемелерді жөндеу жөніндегі зауыты пайдалануға беріледі. Ал мамыр айында үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы негізінде Павлодар облысында үш ірі зауыт, Қарағанды, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында тағы үш ірі инвестициялық нысандар іске қосылады.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің ел халқына арнаған биылғы Жолдауында еліміздің алдағы онжылдық даму стратегиясының негізгі тұғырларын нақты айқындап берді. “Бұл бағдарламаның түпкі мақсаты – еліміздің тәуелсіздігін баянды ету, қазақтың ұлт болып өркендеуіне жол ашу, оның тілі мен мәдениетінің кең құлаш жаюына мүмкіндік туғызу”, деп атап көрсетті Елбасы. Еліміздің индустриялық-инновациялық дамуының алғашқы бесжылдығын іс жүзіне асыру жөніндегі мемлекеттік бағдарлама өмірге жолдама алды. Іске сәт!
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.