Румынияда коронавирус инфекциясын емдеуге арналған ауруханада өрт болып, 10 адам қаза тапты. Тағы бірнеше науқас қатты жарақат алды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Өрт солтүстік-шығыстағы Пятра-Нямц қаласындағы мемлекеттік аурухананың қарқынды терапия бөлімін жалмаған. Науқастарды құтқармақ болған кезекші дәрігердің денесін күйік шалып, ауыр хәлде жатыр. Румыния Денсаулық сақтау министрі Нелу Тэтарудың жергілікті БАҚ-қа берген мәліметі бойынша, өртке электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болуы мүмкін.
Сондай-ақ министр Тэтару коронавирусқа қарсы ем алып жатқан басқа науқастарды Яссы қаласындағы басқа мекемеге ауыстыратынын атап өтті. Жергілікті БАҚ хабарлауынша, денесін қатты күйік шалған кезекші дәрігер әскери ұшақпен ел астанасына жеткізілген.
"Жарақат алған басқа да медицина қызметкерлері бар", деп атап өтті Тэтару.
Сондай-ақ ол сенбі күні кешке ауруханада болған жағдайдан кейін Пятра-Нямцке бара жатқанын айтты. Сегіз науқас екінші қабаттағы өрт пайда болған бөлімшеде мерт болған, ал екеуі жанындағы палатада көз жұмды. Барлығы коронавирустан ем алып жатқан. Палатадағылардың көбі өкпені жасанды желдету құрылғысына қосылған.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, науқастарды интубациялауға пайдаланылатын оттегі түскеннен кейін қызыл жалын тез тарап кеткен деген болжам бар. Пандемия басталғалы Румынияда 350 000 коронавирус жұқтыру оқиғасы тіркелді, 8813 адам көз жұмды.
Жұма күні елде 9 489 адамның коронавирусқа шалдыққаны белгілі боп, 174 адам өмірден өтті. 1 149 науқас қарқынды терапия бөлімшелерінде ем алып жатыр.