Мемлекеттің сыртқы қарызы сөз болған жерде әңгімеге араласпайтын адам аз. Жасы да, жасамысы да қызу талқының ортасынан табылады әйтеуір. Олар үшін «қарыз» деген сөз «қорқыныш, қатер» болып естілетін секілді. Ал экономистер мен қаржыгерлер шетелден қарыз алуды қалыпты дүние санайды. Оған әлемдік тәжірибе деп қарайды. Неліктен бұлай? Шынында да, сыртқы қарыз несімен қауіпті?
«Басқа да сектордың» басын ашып алу керек
Ұлттық банктің ресми мәліметіне сүйенсек, 2020 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанның сыртқы қарызы 159,8 млрд долларға тең. Оның 7,9 пайызы немесе 12,7 млрд доллары – мемлекеттік сектордың, яғни Үкіметтің берешегі. Ал 5,2 млрд доллары қаржы нарығының – банктердің үлесіне тиесілі. Бұл – жалпы қарыздың 3,3 пайызы. Сыртқы қарыздың 25,5 пайызы немесе 40,7 млрд доллары басқа секторлардың берешегі.
Қалған 101,3 млрд доллар немесе жалпы қарыздың 63,4 пайызы фирмааралық берешек саналады. Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, сыртқы қарыздың көп бөлігін құрап отырған фирмааралық берешектер халық пен мемлекет үшін аса қауіпті емес.
– Мәселен, McDonald’s, Starbucks секілді әлемдік брендтер Қазақстан нарығына еніп жатыр. Олардың бәрі кәсіпкерлік тұрғыдан үлкен тәуекелмен келеді. Яғни технологияларын әкеледі, инвестиция құяды. Ертең біздің елдегі қызметтері жүрмей жатса, жұмсаған қаржысын мемлекеттен талап ете алмайды. Демек мұндай фирмааралық қарыздар халық пен мемлекет үшін қауіпті емес. Сыртқы қарыздың ішінде мемлекеттік сектордың берешегі аса маңызды, – деді М.Халық.
Сарапшының есебінше, соңғы жылдары Үкіметтің сыртқы қарызы көбейген. Жыл басында пандемияға байланысты әрі жаңа бюджетті қарастыру кезінде Үкімет 3 млрд долларды сырттан іздеу керектігін ашық айтты.
– Десе де салыстырмалы түрде қарасақ, мемлекеттік сектордың сыртқы қарызы аса жоғары емес. Бұл жерде мені «Басқа да секторлар» деген бөлімнің берешегі алаңдатады. Бұл бөлімге қандай секторлар жатады? Осы жағы ашып айтылмайды. Шындығына келсек, квазимемлекеттік сектор осы бөлімге жатқызылады. Демек ұлттық, мемлекеттік компаниялардың сыртқы қарыздары дәл осы жерде шоғырланған. Олардың үлесі қандай? Бұл туралы да нақты ақпарат жоқ. Меніңше, осының бәрі ашық көрсетілуі керек. Өйткені квазимемлекеттік сектордың қарызы түбінде мемлекеттің мойнына түсуі мүмкін. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы сыртқы қарызын өтей алмады делік. Бірақ бұл міндет түптеп келгенде мемлекетке жүктеледі. Сондықтан мұндай қарыздарды «Басқа да секторлардың» ішіне жасырып қойған дұрыс емес. Дұрысы квазимемлекеттік сектордың берешегін Үкіметтің қарызына жатқызу қажет, – деді М.Халық.
Демек халық, мемлекет үшін «Мемлекеттік сектор» мен «Басқа да секторлардың» қарызы маңызды болып тұр. Аталған екі бөлімдегі қарыздың жалпы жиынтығы 53,4 млрд доллар немесе 33,4 пайыз. Енді халық пен мемлекет үшін қауіпті 53,4 млрд доллар көлеміндегі сыртқы қарызды халықтың жалпы санына бөлейік. Сонда жан басына шаққандағы қарыз шамамен 2 900 доллардан айналады. Яғни әрбір қазақстандықтың мойнында шамамен осыншама көлемде сыртқы қарыз бар.
– Кейбір депутаттар мен сарапшылар Қазақстанның сыртқы қарызын тұтастай қарастырып, әрбір тұрғынның мойнындағы қарыз көлемі 9 мың доллардан айналады деп айтып жүр. Меніңше, халықты бұлайша шатастыруға болмайды. Жоғарыда айтқанымдай, халық пен мемлекет үшін мемлекеттік және басқа да секторлардың қарызы маңызды. Демек сыртқы қарызды жан басына шаққанда осы екеуін ғана қарастыру керек. Бірақ біздің есебіміздегі 2 900 доллар да аз ақша емес, – деді экономист.
Біздің елдің мүмкіндігі шектеулі
Былай қарасақ, шетелдерден қарыз алып отырған мемлекет жалғыз Қазақстан емес. Бәрі алады. Өйткені бұл әлемдік тәжірибе. Тек халықаралық нормаларға сәйкес сыртқы қарыз бен ішкі жалпы өнімнің ара қатынасы сақталуы керек. Яғни сыртқы қарыз ІЖӨ-нің белгілі бір мөлшерінен асып кетпеуі керек.
Мәселен, Ұлттық банктің ресми мәліметіне сүйенсек, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында елдің жалпы сыртқы қарызының (фирмааралық қарыз да бар) көлемі осы уақыт ішіндегі ішкі жалпы өнімнің 89,6 пайызына тең болған. Ал фирмааралық қарызды алып тастасақ, көрсеткіш 32,8 пайызды құрайды. Бес жыл бұрын сыртқы қарыздың ІЖӨ-мен ара қатынасы 30 пайызға жетпейтін еді. Демек соңғы жылдары мемлекеттік сектордың қарызы ұлғая түскен.
– Ішкі жалпы өнім – бір жыл ішінде өндірілген тауарлар мен көрсетілген қызметтердің жалпы жиынтығы, яғни ақшалай мөлшері. Бірақ Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің құрылымы шикізатқа тәуелді. Шикізат қоры түбінде бір таусылады. Ал сыртқы қарыз ұзақ мерзімге алынады. Яғни мұндай жағдайда шетелден қарыз алу қауіпті. Өйткені шикізат қоры таусылғанда, қарызды қалай өтейміз деген мәселе алдан шығады. Ол үшін бұған дейін талай мәрте айтылғандай, экономиканы әртараптандыру керек. Мәселен, біз мұнайды шикі күйінде сатамыз. Ал Германия одан 400-ден астам өнім өндіреді. Сол себепті технология, техникасы дамыған Германия үшін сырттан қарыз алу аса қауіпті емес. Себебі олар арзан шикізаттан қымбат тауар жасап, бюджеттің бүйірін қампайта алады. Ал Қазақстанның мүмкіндігі әлі де шектеулі, – деді экономист Талғат Демесінов.
Оның айтуынша, 2021 жылдан бастап Қазақстан сыртқы қарыздарға қызмет көрсетуге, яғни пайыздық мөлшерлемесін төлеуге, қарызды қайтаруға көп қаржы жұмсайтын болады. Себебі осыдан 15-20 жыл бұрын алынған берешектерді қайтаратын уақыт таяды. Ал бұл жағдай мемлекеттік бюджетке, Ұлттық қорға міндетті түрде салмақ салады.
– Соңғы төрт-бес жылда Ұлттық қордағы қаржының шамамен 30 пайызға жуығы жұмсалып кетті. Бұрын Ұлттық қордан бюджеттің шығындарын жабуға жұмсалатын қаржының мөлшері шектеулі еді. Кейін бұл шектеуді алып тастады. Қазір әлеуметтік төлемдердің көлемі көбейіп жатыр. Әрине, әлеуметтік мәселелерді шешкен дұрыс. Бірақ осының салдарынан Ұлттық қордағы қаржы азая бермек. Жердің асты-үстіндегі байлықтың бәрі таусылғанда, сыртқы қарыз дәл осы Ұлттық қордың есебінен қайтарылады. Қазірдің өзінде елдің сыртқы қарызындағы мемлекеттік сектордың берешегін қайтару үшін қордағы ақшаның жартысынан көбін жұмсау керек болады. Ол аздай Үкіметтің кепілдігімен корпоративтік қарыздар алынады. Кепілдік берген соң мұндағы жауапкершілік те мемлекетке жүктеледі, – деді экономист.
Осы орайда, Т.Демесінов шетелдік компаниялардың қарызы Қазақстан экономикасына қаншалықты қауіп төндіретініне тоқталды.
– Америкалық немесе қытайлық кәсіпорындар Қазақстан нарығына енерде саналы түрде көп көлемде қарыз алып келеді. Бұл сыртқы қарыз құрылымындағы фирмааралық берешекке жатады. Қарызды басқа емес, бас компанияларымен байланысы бар ұйымдардан алады. Сөйтіп, біздің елде өнім өндіріп, одан түскен қаржының негізгі бөлігін Қазақстанға келерде алған қарыздарын өтеуге жұмсайды. Бұл Қазақстан бюджетіне көп мөлшерде салық төлеуден жалтарудың бір жолы. Экономика үшін мұның да қауіпі зор. Өйткені ел қазынасы қаншама қаржыдан қағылып отыр, – деді Т.Демесінов.
Қытай алдындағы қарыз қысқарып келеді
2020 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша 2015 жылмен салыстырғанда Қазақстанның сыртқы қарызы 3 пайызға немесе 4,6 млрд долларға көбейген. Бес жыл бұрын берешек көлемі 155,2 млрд доллар болса, қазір 159,8 млрд долларға тең.
Ұлттық банктің деректеріне сүйенсек, Қазақстан қарыздың көп бөлігін Нидерландтан алған – 44,8 млрд доллар. Соңғы бес жылдағы «қызғалдақтар елінен» алған қарызымыз 4 пайызға (1,7 млрд долларға) көбейген. Одан кейін Ұлыбритания (21,7 млрд долар) мен АҚШ-қа (13 млрд доллар) қомақты көлемде қарызбыз. Сондай-ақ республиканың Франция (11,6 млрд доллар), Қытай (10,2 млрд доллар) және Бермуд аралдары алдындағы қарызы айтарлықтай жоғары. Мәселен, көпшілікке аты да, заты да беймәлім Бермуд аралдарынан алынған қарыз соңғы бес жылда 12,6 есе көбейіп, 9,5 млрд долларға жеткен (2015 жылы 752 млн доллар еді).
Бұдан бөлек Біріккен Араб Әмірліктерінен алынған қарыз 262 пайызға (588,3 млн доллардан 2,1 млрд долларға көбейді), Германиядан алынған қарыз 98 пайызға (1,9 млрд долларға жеткен) өскен.
Сонымен қатар соңғы бес жылда Ресей (34,3 пайызға немесе 6,7 млрд доллардан 9 млрд долларға жеткен) мен Швейцария (21,4 пайыз немесе 1,4 млрд доллардан 1,7 млрд долларға жеткен) алдындағы қарыз да көбейген. Халықаралық ұйымдардан алған берешек 15,1 пайызға өсті.
2015 жыл мен 2020 жылдың бірінші жартыжылдығы аралығында Қазақстан Виргин аралдары алдындағы қарызын 27 пайызға (4,1 млрд доллардан 3 млрд долларға түсті), Оңтүстік Кореядан алған қарызын 25 пайызға (1,6 млрд доллардан 1,2 млрд долларға азайды), Қытайдан алған қарызын 25 пайызға (13,6 млрд доллардан 10,2 млрд долларға төмендеді) және Гонконгтен алған қарызын 19,6 пайызға (5,1 млрд доллардан 4,1 млрд долларға түсті) қысқартқан.