Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан тас көмір экспорттаушылардың үздік ондығына енді. Әлемдік экспорттың 1,7 пайызы біздің елге тиесілі екен. Ал қоңыр көмір (лигнит) экспорты бойынша үздік үштіктің қатарындамыз. Бұл ретте Қазақстан әлемдік экспорттың 2,6 пайызын өтеп отыр.
«QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығының мәліметінше, тас көмірді экспорттайтын алғашқы ондықтың қатарында Қазақстаннан бөлек, АҚШ, Ресей, Аустралия, Индонезия, Оңтүстік Африка, Колумбия, Моңғолия, Канада және Мозамбик бар. Ал қоңыр көмір экспорттаудан біздің ел Ресей мен Индонезиядан кейін жайғасып, үштікке енді.
Қазақстан соңғы он жылда орташа есеппен жыл сайын 25-30 млн тонна көмір экспорттап келеді. Мәселен, 2010 жылы тас және қоңыр көмірді қоса есептегенде 30,1 млн тонна өнім шекарадан асырылған. 2015 жылға дейінгі экспорт көлемі 30 млн тоннадан төмендеген емес. 2016 жылы шамамен 4 млн тоннаға азайған. Содан бері 30 млн-дық меже бағынбай келеді.
Былтыр 25,8 млн тонна көмір сыртқа шығарылды. Осы жылдың сегіз айындағы көрсеткіш – 16,2 млн тонна. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,3 пайызға аз. Демек COVID-19 пандемиясы бұл бағытқа да өз салдарын тигізген.
– 2020 жылдың қаңтар-тамыз аралығында Қазақстаннан экспортталатын шикізаттық тауарлардың ішінде көмір жетінші орынға тұрақтады. Сегіз айда 246,9 млн доллардың өнімі шетел асырылған. Жалпы, көмір экспортының негізгі бөлігін тас көмір құрайды. Оны биылғы статистикадан да аңғаруға болады. 2020 жылдың сегіз айындағы көмір экспортының 86,8 пайызы тас көмірге тиесілі. Бұл дегеніміз – 14,05 млн тонна. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда көрсеткіш 10,2 пайызға кем. Ал қоңыр көмірдің экспорты 32,2 пайызға ұлғайып, 2,14 млн тоннаға жетті, – дейді «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ бас сарапшысы Бақытбек Амантаев.
Қаңтар-тамыз аралығында Қазақстаннан экспортталған шикізаттық тауарлардың алғашқы ондығына көмірден бөлек, шикі мұнай (17 148,7 млн доллар), табиғи газ (1 378,0 млн доллар), мыс кендері (936,3 млн доллар), бидай (621,5 млн доллар), бағалы металдар (459,7 млн доллар), темір кендері (376,9 млн доллар), зығыр тұқымы (111,3 млн доллар), арпа (109,5 млн доллар) және мырыш кендері (102,0 млн доллар) бар.
Қазақстан көмірін көп тұтынатын ел – Ресей. 2020 жылдың сегіз айындағы экспорттың 82,8 пайызы немесе 13,4 млн тоннасы солтүстіктегі көршімізге бағытталған. Одан кейінгі орындарда Өзбекстан – 1,2 млн тонна (7,4 пайыз), Украина – 532,8 мың тонна (3,3 пайыз), Қырғызстан – 467,9 мың тонна (2,9 пайыз), Беларусь – 390,8 мың тонна (2,4 пайыз) және Қытай – 165,4 мың тонна (1 пайыз) тұр. Қазақстан көмірін импорттайтын елдердің қатарында Польша, Греция, Грузия, Латвия мемлекеттері де бар. Қаңтар-тамыз аралығында аталған төрт елге барлығы 20,7 мың тонна көмір жеткізілген.
– Біздің көмір Ресейге ең төменгі бағамен жеткізіледі – орташа есеппен тоннасына 9,8 доллар. Ал бір тоннасына Өзбекстан – 18,3 доллар, Қырғызстан – 25,6 доллар, Беларусь – 26 доллар, Украина – 96,7 доллар, Қытай 114,6 доллар төлейді. Атап өтерлігі, қазақстандық көмірдің орташа бағасы әлемдік нарықтағыдан үш есе арзан. Сондай-ақ біздің өнімнің бағасы әлемдік нарықпен салыстырғанда әлдеқайда тұрақты. Қаңтар-тамыз аралығында қазақстандық көмірдің орташа экспорттық бағасы тоннасына 15 долларды құрады. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,3 пайызға төмен. Ал сегіз айдың ішінде әлемдік нарықтағы көмірдің бір тоннасы 44,5 долларға тең болды.Көрсеткіш былтырғы жағдайдан 28,7 пайызға төмен, – дейді Б.Амантаев.
Статистикаға сүйенсек, 2020 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстанда 78 млн тонна көмір өндірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен шамалас. Ал Қазақстанға әкелінетін импорттық көмірдің көлемі 483,7 мың тоннаны құрады. Көрсеткіш былтырғы жағдаймен салыстырғанда 7,6 пайызға жоға- ры.