Мысырда өте құнды жәдігерлер табылды. Олардың қатарында екі жарым мың жылдан астам уақыт сақталған жүзден астам саркофаг, жерлеу орындары мен ондаған мүсін бар.
Тарихи орында қазба жұмыстарын жүргізген ғалымдар тереңдігі шамамен 12 метрлік үш мазаратты қазған. Пәленбай жыл өткеніне қарамастан, жәдігерлер өте жақсы сақталған екен.
Ғалымдардың болжамына сүйенсек, бұл жерде жергілікті ағаштан жасалған саркофагты шығаратын үлкен шеберхана болуы мүмкін. Әзірге зерттеушілер оны іздестіруін жалғастыра бермек. Алда-жалда табыла қалса, өте құнды артефактке айналмақ.
Мамандар Пирамидалардан оңтүстікке қарай 16 шақырым жерде орналасқан Саккараның алып қорымында бірнеше ай бойы жүргізіп жатқан қазба жұмыстарын тоқтатқан жоқ. Ол жерге жақын маңда осы өркениеттің гүлденуі кезінде Ежелгі Мысырдың астанасы болған Мемфис орналасқан. Ғалымдардың айтуынша, әзірге Саккарада жасырынып жатуы мүмкін артефактілердің тек бір пайызы ғана табылған.