Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар лигасының кезекті тур ойынын сырт алаңда Албания футболшыларымен өткізіп, тартысқа толы кездесуде 3:1 есебімен жеңіліп қалды. Осыдан бір ай бұрын Алматының Орталық стадионында өткен бәсекеде екі құрама (0:0) тең тарқасқан еді.
Қазақстан құрамасы үшін Албанияда 3 ұпай олжалау өте маңызды еді. Өйткені жерлестеріміз турнир кестесінде соңғы орында келе жатса да, кейінгі екі ойында жеңіске жетсе, көш бастауға мүмкіндігі болған-ды. Осыны ескерген Қазақстан футбол федерациясының басшылығы Албаниямен өтер матч алдында ойын мәнері ұқсас Черногория құрамасымен жолдастық кездесу ұйымдастырды. Подгорицада аралас құраммен жасыл алаң қожайындарымен тең ойнаған жерлестеріміз Тиранаға көтеріңкі көңіл-күймен келді.
Черногориямен өткен ойында қолданған 3-5-2 тактикасы нәтиже берген соң, Михал Билек Албания құрмасына қарсы дәл осы тактиканы қолданды, бірақ алаңға мүлде жаңа футболшыларды шығарды. Бас бапкер мейлінше қорғанысқа көп көңіл бөлген болса да, кездесудің алғашқы 15-минутына дейін футболшыларымыз шабуылдаумен болды. Ғафуржан Сүйімбаев пен бір ай бұрынғы матчқа қатыса алмаған Ян Ворговский қарсыласты қос қапталдан қыспаққа алып, шабуылшыларымыз албандық қақпашы Беришаны біраз састырды.
Алайда тез ес жиып үлгерген Албания футболшылары 16-минутта есеп ашты. Ледиан Мемушайдың айып алаңына асырған добына біздің қорғаушыларға қарағанда бірінші болып жеткен Сокол Чикаллеши баспен гол соғып, командасын есепте алға шығарды. Бұдан кейін де шабуылын тоқтатпаған албаниялықтар Стас Покатилов қорғаған қақпаны біраз торуылдады. Нәтижесінде Ардиан Исмайли 23-минутта стандартты жағдайда құрамасының екінші голын соқты. Алаң қожайындарының қақпаға бағыттаған добын жұдырығымен қағып жіберген Покатилов абайсызда допты қарсылас футболшының аяғына салып берді. Қақпашы мен қорғаушылардың қателігін тиімді пайдаланған Исмайли гол соғуда мүлт кеткен жоқ. Дәл осындай гол соғылатын қарбалас сәт екінші таймда да біздің қақпа маңында орын алды. Абырой болғанда ол жағдайда қорғаушы Нұралы Әліп допты қайтарып, қақпамызды 100 пайыздық голдан құтқарып қалды.
Албанияның бірінші таймда соққан екі голына жерлестеріміз жылдам жауап берді. Допты алаң ортасынан жылдам ойынға қосып, сол уақытта Беришаның қақпасынан алыстап кеткенін байқаған Айбол Әбікен допты дәл қақпаға орталық алаңнан бағыттап, есеп айырмасын қысқартты. Сөйтіп кездесудің бірінші бөлігі 2:1 нәтижесімен аяқталды.
Екінші таймда Михал Билек алаңға тыңнан ойыншылар қосқанымен, олар құраманы жеңілістен құтқарып қала алмады. 60-минутта Александр Марочкин қақпа алдындағы қарбаласта қателесіп қана қоймай, қарсылас футболшыға қарсы тәртіп бұзып, төреші еш ойланбастан біздің қақпаға 11 метрлік айып добын белгіледі. Пенальтиді сәтті орындаған Рей Манай есепті 3:1-ге жеткізді. Екінші таймда да Қазақстан құрамасының есеп айырмасын қысқартатын мүмкіндігі болған еді. Алайда Ғафуржан Сүйімбаев бос қалған қақпаға гол соға алмады. Кездесу соңына дейін есеп өзгермей, 3:1 есебі сақталып қалды.
Матчтан кейін ойын туралы пікір білдірген бас бапкер Михал Билек кездесудің қиын өткенін айтты. «Бүгінгі ойында үш гол өткізіп алғанымыз өте өкінішті. Екінші таймда есеп айырмасын қысқартатын мүмкіндік Сүйімбаев пен Ворговскийде болған еді. Өкінішке қарай, екеуі де гол соға алмады. Егер біреуі гол соғып, таблодағы есеп 3:2 болғанда тең нәтижеге қол жеткізуімізге де болар ма еді. Десе де Албания бүгін жинақы, ұйымдасқан футбол көрсетті. Жылдамдық жағынан да, допты бақылау жағынан да бізден бір бас жоғары тұрды. Бұл біз үшін өте қиын матч болды. Келесі матчқа дейін қалпымызға келу үшін үш күндей уақыт бар. Литвамен өтетін кездесу біз үшін өте маңызды екенін барлығымыз жақсы түсінеміз. Сондықтан өз алаңымызда тек жеңіс үшін ойнаймыз», деді М.Билек.
Осылайша бес ойынның үшеуінде жеңілген Қазақстан құрамасының топта бірінші орын алу мүмкіндігінен түбегейлі айырылғаны былай тұрсын, келесі жылы D дивизионына түсіп қалу қаупі туындады. Егер 18 қарашада өз алаңымызда өтетін ойында Литваны жеңе алмасақ, онда Ұлттар лигасының алдағы маусымында Андорра, Мальта, Сан-Марино, Лихтенштейн секілді құрамаларға қарсылас атанамыз.