Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынайтын елорданың «Барыс» клубы өз айдынындағы матчтар сериясын сәтсіз бастады. «Барыс Аренада» Минскінің «Динамосын» қабылдаған қазақстандық команда 1:4 есебімен жеңіліп қалды.
«Барыстың» негізгі құрамын әлі анықтай алмай жатқан бас бапкер Юрий Михайлис кейінгі екі ойында Сведберг, Блэйкер, Виделль, Варон және Фрэттин бестігін бірінші минуттан бастап мұзайдынға шығарып жүр. Бұл бестік «Нефтехимикпен» өткен ойында өз жемісін бергенімен, елордадағы кездесуде жеңісті жолды жалғастыра алмады. Бірінші кезеңнің 11-минутында есеп ашқан Брэндон Козун арада үш минут өткенде дубль авторы атанып, командасының екінші шайбасын соқты. Ал екінші кезеңнің 32-минутында Егор Шарангович командасының есептегі үстемдігін 3:0-ге жеткізді.
Үшінші 20 минутта мұзайдын иелерінен Якоб Лилья мергендігімен көзге түсіп, есеп айырмасын қысқартуға мүмкіндік алды. Швециялық шабуылшы осымен екінші ойында гол соқты. Кездесудің аяқталуына екі минут қалғанда Кирилл Воронин ойынның нүктесін қойып, командасына маңызды жеңіс сыйлады. Жерлестеріміз келесі кездесуін бүгін Магнитогорскінің «Металлург» командасымен өткізеді.