Алматы қаласында таныстырылған IAzamat мобильді қосымшасын енді ұялы телефонға жүктеуге болады, деп хабарлайды Egemen.kz
Бүгіннен бастап қала тұрғындары алып шаһар жайлы толық ақпарат алып ғана қоймай, өз азаматтық пікірін білдіре алады. Қалалық бағдарламаларға дауыс беріп, мегаполисті дамытудағы ойын ашық айтуына болады. Сондай-ақ қаланың соңғы жаңалықтарымен танысып отырады. Мамандар бұл қосымша Алматы билігі мен дүйім ел арасында кедергісіз байланыс орнататын электронды алаң дейді. Басты мақсат – қала халқын Алматының қоғамдық өміріне қосу.
"Биыл қанша ағаш егілді? Мемлекеттік бағдарламалар арқасында қанша отбасы пәтер кілтін алды? Жалпы Алматының шеткі аудандары қалай дамып жатыр? Қанша жаңа саябақ пайда болды? Олардың толық мекенжайы қандай? Бір сөзбен айтқанда, мәдениет және білім, экология саласындағы жаңалықтарды көріп, сіздер де қала өмірін жақсартуға атсалыса аласыздар. Мұнда дауыс беруден бөлек көптеген функция бар. Егер қосымшада қателіктер немесе арыз-шағым болса, Open Алматы кеңсесіне хабарласыңыздар", деді қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев.