Парламент Мәжілісінде туристік қызметке қатысты заң жобасы қызу талқыға түсті. Талқылау барысында депутат Артур Платонов Kazakh Tourism компаниясын мемлекет пен бизнес арасында делдал болғалы тұрғанын айтып өтті, деп хабарлайды Egemen.kz
"Заң жобасына сәйкес "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы жаңа құзыретке ие болғалы тұр. Атап айтқанда ол бюджет қаражатын туристік саладағы жеке құрылымдардың жарғылық капиталына инвестициялай алады екен. Kazakh Tourism компаниясының өзі 100 пайыз мемлекет тарапынан қаржыландырылатынын ескерсек, бұл ретте бюджет қаражаты Kazakh Tourism арқылы жеке қолға таратылатынын аңғаруға болады. Осылайша компания қаржылық делдал қызметін атқарады. Онсыз да бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғаны үшін Kazakh Tourism бұған дейін де қатаң сынға іліккен болатын. Сондықтан Kazakh Tourism компаниясына қосымша құзырет берудің қажеті қанша? Біз бұл норманы алып тастауды ұсынамыз", деді Артур Платонов.
Бұл сұраққа жауап берген Ақтоты Райымқұлова "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы құрылған кезде оның сыртқы экономикалық инвестициялық жұмысты жүргізетіні айқындалғанын айтты.
"Идея мынадай болған. Ол 50 пайыз қаражатты сала отырып, инвесторлар үшін инвестициялық жобалардың іске қосылуына мұрындық болу, екіншіден мемлекет қандай да бір жобаға қызығушылық танытатынын көрсету. Өздеріңіз білетіндей, бұл жоба операциялық қуаттылыққа өткен кезде "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясының үлесі аукцион жүйесі бойынша сатылатын еді. Яғни үлес жеке инвесторларға сатылуы мүмкін. Бірақ компания инвестиция тарту міндетін орындайды", деді ол.
Министр өз сөзінде депутаттардың бұл ұсынысын Үкімет қолдағанын жеткізді. Ал Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин депутаттардың бұл ұсынысы орынды екенін жеткізді.