Ақтауда тұрғын үй нарығы төңірегінде дау-дамай қызып тұр. Соңы сиырқұйымшақтанып кетер деп күдіктенбей, жиған-тергенін біреудің есепшотына аударып беріп, келісілген уақытта салынып бітуге тиіс үйін жылдап күткен үлескерлердің айқайы жер жарады. Бір пәтерді бірнеше тұрғынға сатып масайраған кәсіпкер ылаңы өз алдына бөлек әңгіме. Заңсыз құрылыс жүргізумен айналысатындар да аз емес. Әйтеуір тұрғын үй нарығы мен құрылысқа қатысты мәселе оңып тұрған жоқ.
Ақтау қалалық әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, қала аумағында рұқсатнама құжаттары рәсімделмей жатып құрылыс жұмыстары басталып кеткен көп қабатты тұрғын үйлер бар. Мысалы, №19 «А» шағын ауданында орналасқан «Самғау» тұрғын үй кешені жоспарлау жобасына сәйкес келмейді, №20 шағын ауданда орналасқан «Гауһар тас» деген үй автотұрақтың орынына салынуда, сондай-ақ «Махаббат» тұрғын үй кешені, №16 шағын ауданда орналасқан «Айсар» тұрғын үй кешені де даулы құрылыстардың санатында.
– Маңғыстау облысы әкімінің қаулысы негізінде тиісті рұқсат құжаттарын ресімдемей, құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастаған 15 компанияға қатысты облыстық қала құрылысы және жерді бақылау басқармасы тарапынан қосымша тексеріс тағайындалды. Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі қала аумағында салынып жатқан нысандарға тұрақты түрде мониторинг жүргізеді, – дейді Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бекнұр Балиұлы.
Оның айтуынша, осы мониторинг барысында белгілі болған, тиісті рұқсат құжаттарын рәсімдеместен басталып кеткен құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша, Маңғыстау облысының қала құрылысы және жерді бақылау басқармасы 2018 жылы 66 әкімшілік іс қозғап, айыппұл салды. 2019 жылы 130 әкімшілік іс қозғалып, біраз компанияға айыппұл салынды. Биыл 30 нысанға қатысты тексеру жұмыстарын жүргізуге хат жолданды. Алайда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың былтыр желтоқсан айында шығарылған № 229 Жарлығына сәйкес, шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеру тоқтатылуына байланысты, жолданған хаттардың көпшілігіне қатысты тексеріс тағайындалмады.
Сонымен қатар Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан, тиісті рұқсат құжатынсыз, яғни өз бетінше салынып жатқан құрылыстарды бұзуға қатысты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 244-бабы бойынша 2019 жылы – 14, ал 2020 жылы – 9 талап арыз жолданды. Алайда сот органдары тарапынан бұл талап арыздардың басым бөлігі қанағаттандырылмады.
«Заңсыз» немесе «құжаттары ресімделмеген» деген ұғымды анықтау қиынның қиыны. Үй салу үшін кәсіпкер жерді әкімдіктен алады. Өзге біреуден сатып алғанның өзінде үй салуға рұқсат алу үшін де талай есікті тоздыруына тура келеді. Барлық баспалдақтан өтіп, жұмысты бастаған кезде, яғни болары болған тұста «заңсыздықтар» қайдан шыға келеді?
Биыл Ақтау қаласы аумағында құрылыс мекемелерінің жеке қаражаты есебінен жалпы саны 61 көп пәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Құрылыс нысандары қаншалықты көп болса, оларға қатысты дау да жеткілікті. Айталық, «Гауһар тас» тұрғын үй кешеніне қатысты әңгіме желдей есуде. «Гауһар тасты» №20 шағын ауданда «Тастемір ЛТД» ЖШС салып жатыр. Өз бетінше салып жатқан компания тапсырыс беруші «Маңғыстау облысының қала құрылысы және жерді бақылау басқармасы» ММ тарапынан, ҚР ӘҚБтК 316-бабының 1-бөлігі, 321-бабы және 463-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына аталған заңсыз құрылысты бұзу бойынша жолданған талап арыздың негізінде азаматтық іс қозғалып, бірақ қанағаттандырылмай қалған болатын. Аталған сот шешіміне әкімдік тарапынан Маңғыстау облыстық сотына апелляциялық шағым жіберіліп, сот алқасы тарапынан шағым тағы да қанағаттандырылмады. Осыған орай тапсырыс беруші Ұлттық экономика министрінің «Құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінен жобалауға арналған сәулет-жоспарлау тапсырмасын алып, тұрғын үй кешенінің нобайлық жобасы келісімделді. Алайда Маңғыстау облыстық полиция департаменті 2020 жылғы 16 қыркүйекте «Гауһар тас» ТҮК үлескерлерінің өтініші бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы (аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастағандығы хабарланды. Артынша полиция департаменті «Тастемір ЛТД» ЖШС басшысын тұтқындап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Қазіргі уақытта іс бойынша жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Тергеу барысы Маңғыстау облысының Полиция департаменті басшылығының бақылауында. Мәселенің мән-жайын, істің ақ-қарасын тергеу барысы анықтайды.
Бұл Ақтау қаласында тұрғын үй құрылысы саласындағы былық-шылықтың көп екендігінің бір ғана көрінісі. №19 «А» шағын ауданда №32 жер учаскесінде жүргізіліп жатқан «Самғау» тұрғын үй кешенінің де басы даудан арылар емес. Жер телімі бастапқыда шағын ауданның бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес аукцион арқылы жеке тұлғаға әкімшілік ғимаратын салу үшін сатылған. Алайда «Grand Story AST» компаниясы құрылыс салуға рұқсат құжаттарын ресімдеместен және де бекітілген жобадан ауытқып, тұрғын үй салуға кірісіп кетті. Оған қатысты облыстық қала құрылысы және жерді бақылау басқармасы хаттама толтырып, айыппұл салуға мәжбүр болды. Сондай-ақ Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі де Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына, аталған заңсыз құрылысты бұзу бойынша жолданған талап арыздың негізінде, азаматтық іс қаралып, қанағаттандырылмады. Одан әрі Маңғыстау облыстық сотына апелляциялық шағым түсіріліп, ол жер де бірінші инстанциялық сот шешімін өзгеріссіз қалдырды. Әрі қарай серіктестік тарапынан аталған жер учаскесінің нысаналы мақсатын тұрғын үй етіп өзгертіп беруден бас тарту туралы, Ақтау қаласы әкімдігінің қаулысын заңсыз деп тану туралы Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз беріліп, бұл жолы шағым қанағаттандырылды. Бұл екі аралықта басы дауға қалып, сотқа сүйрелген кешенге 50 адам салымшы болып, қаражатын салып үлгерген екен. Екі ортада қалтасындағы барын баспана алуға жұмсаған қарапайым үлескерлер зардап шекті.
Мұндай кеп «Айсар» тұрғын үй кешені басында да бар. Ақтаудағы №16 шағын аудан №15/2 жер учаскесінде өз бетінше салынып жатқан «Айсар» тұрғын-үй кешеніне де қатысты. «Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі де аталған заңсыз құрылысты бұзу үшін Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз жолдады.
Қарт Каспийдің жағасындағы шаһардан пәтер алуды армандап қомақты қаржы салған үлескерлерді күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырған тағы бір құрылыс – «Қазақметалл» ЖШС-на қарасты «B Group» тұрғын үй кешенінің бір бөлігі. Бұл жерде де үлкен мәселе бар. Құрылтайшы кәсіпкерлер мен әкімдіктің арасында аңтарылса, ақшасы төленген үйіне кіру арман болған жұрт кімге сенерін, кімнен көмек аларын білмей дал. Ал әкімдіктегілер болса бұл кешеннің жұмысымен айналысып жатқанын айтты.
Көріп отырғанымыздай, алақандай Ақтауда заңсыз құрылыс нысандары көп. Оған қаражатын салып сан соққан салымшылардың қарасы тіпті де қалың. Түптеп келгенде, кінәрат заңсыздыққа жол берген әкімдіктерге тіреледі. Әрине, көп қабатты тұрғын үй салу – кез келген кәсіпкер тәуекел ете бермейтін аса күрделі жұмыс. Ал ол іске заңсыздық араласқан кезде «мысық пен тышқан» атты ертегінің кейіпкерлері секілді, бірі құрылыс салып, екіншісі бұзудың қамын күйттеп, екі ортада топырлап жүрген салымшылар әділдік іздеп жүгіріп жүрген жайы бар.
– Өкінішке қарай, қалада заңсыз салынып жатқан бірнеше үй бар. Тұрғындардың ақшасын алып, енді үйді салып бітіре алмай жатыр. Қаржы салған азаматтар арыз жазуы керек. Кейін құқық қорғау органдары құрылыс салып жатқан мекеменің басшыларын тексереді. Содан кейін тиісті шараларды қабылдайды. Біз әкімшілік тарапынан бей-жай қалмаймыз. Бұл мәселе қазір тікелей облыс әкімінің бақылауда тұр. Алдағы уақытта заңсыз құрылыс жүріп жатса, оларды тоқтатамыз. Бұл жерде құрылыс мекемелерімен ғана емес, жарнама беретін компаниялармен де айналысамыз. Егер заңсыз құрылыс болса, оларға жарнама берілмесін деген тапсырма бар, – дейді бұл жайында Ақтау қаласының әкімі Н.Қилыбай. Әкімдік енді есін жиғандай, әуел басында бейжай қарамаса мәселе туындамас еді ғой!
Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Б.Балиұлының айтуынша, қала тұрғындарына үлестік қатысу тәртібін түсіндіру мақсатында әкімдіктің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларына 40-тан астам хабарлама мен видеороликтер жарияланыпты.
– Сондай-ақ қала аумағында орналасқан 5 билбордқа жадынама ілінді және бірнеше рет қалалық әкімдікте, халыққа қызмет көрсету және де құқық қорғау қызметтерін көрсету орталықтарында ашық есік күндері де өткізілді. Қала аумағында жарнама қызметімен айналысатын In Aktau, Лада, Тумба, Krisha.kz сияқты мекемелерге құрылысы аяқталмаған тұрғын үйлерді жарнамалауды тоқтату керектігін айтып хат жолдадық. Тұрғындардан аталған жарнамаларға алданып қалмауын, қаражат салмауын сұраймыз, – дейді ол. Ақпараттық жұмыстың, түсіндіру, алдын алу жұмыстарының жүргізілгені дұрыс, әрине. Бірақ кез келген іс нәтижесімен өлшенбеуші ме еді?! Ал нәтиже көңіл көншітпей тұр.
Құрылыстың заңсыздығы, салымшының сан соғуы – бір мәселе болса, салынған үйлердің бәрі бірдей сапа жағынан сүйсінте бермейтіндігі тағы бар. Ақтауда нөсер жауғанда суға кетіп жатқан да су жаңа үйлер, арнайы кәріздік құбыр жүйелері дұрыс салынбай, қойылған ыдысы қоқысқа толған кезде шикілігі шыққан да сол соңғы салынған үйлер. Жер телімдерін беру тәртібіндегі ала-құлалық, инфрақұрылым салудағы салғырттық туралы мәселеге келгенде саланы жетік білетін мамандар айтарға сөз таппай күйінеді...
Маңғыстау облысы