Кеше Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтті. Онда Мәжіліс бірқатар заң жобасын талқылады. Бірінші оқылымда «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізу және Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауының жекелеген ережелерін іске асыруға қатысты заң жобаларын мақұлдады.
Жауапты хатшы институты жойылады
Үкіметі туралы заң жобасының негізгі мақсаты – мемлекеттік қызмет және мемлекеттік басқару саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру. Заң жобасында жауапты хатшылар институты жойылады. Жауапты хатшылар институты жойылған кезде олардың міндеттері министрліктер аппараттарының басшыларына жүктеледі. Заң жобаларын депутаттарға Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова таныстырды.
«Жолдауда Мемлекет басшысы министрліктер аппараттарының басшыларына міндеттерін жүктей отырып, жауапты хатшылар институтын жоюға нақты тапсырма берді. Осы тапсырманы іске асыру мақсатында аппарат басшысы мен министр арасындағы лауазымдық өкілеттіктер мен жауапкершіліктің аражігін ажырату бойынша тиісті заңнамалық түзетулер енгізіледі. Бұдан басқа, аппарат басшысының мәртебесі мен өкілеттіктерін реттейтін нормаларды қайта қарау, сондай-ақ оның тікелей мемлекеттік орган басшысына бағынуын белгілеу ұсынылады», деді А.Жайылғанова.
Сондай-ақ заң жобасында сұйытылған мұнай газы сауда-саттығының көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту қарастырылған. Энергетика министрлігі коронавирус пандемиясының салдарынан туындаған жағдайды ескеріп, сұйытылған мұнай газын сатуды 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін электронды сауда алаңдарына ауыстыруды көздеп отыр.
А.Жайылғанованың айтуынша, ұсынылған түзетулерде сұйытылған газды осы сауда алаңдары арқылы өткізуге толық шығу мерзімін қолданыстағы заңнамада көзделген 2020 жылдың орнына 2023 жылдың соңына дейін ұзарту болжанып отыр. Себебі нарықтық бағалар бойынша сауда-саттыққа бірден көшу түпкі тұтынушылар үшін сұйытылған газ бағасының айтарлықтай өсуіне әкелуі мүмкін.
Сонымен қатар заң жобасында кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстар үшін жазаны қатаңдату, оларды қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерде ұстауды, тағайындалған мерзімді кешірім жасау және мерзімінен бұрын босату құқығынсыз өтеу қарастырылған.
«Кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстар үшін жазаны қатаңдату қарастырылған. Осы тармақ бойынша Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге, «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкімшілік қадағалау туралы» заңына заңнамалық түзетулердің кешені әзірленді.
Түзетулер келесі тапсырмаларды іске асыруға бағытталған. Кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстар үшін жазаны қатаңдату, педофилдерді қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде ұстауды белгілеу, оларға рақымшылық жасауды және мерзімінен бұрын босатуды болдырмауға бағытталады.
Әзірленген түзетулер мынадай ережелерден тұрады. Біріншіден, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қылмыстарды жасағандарға санкциялар күшейтілді. Екіншіден, кәмелетке толмағандарға жыныстық қысым көрсетуге жататын қылмыстардың шеңбері кеңейтілді», деді А.Жайылғанова.
Сонымен қатар кәмелетке толмағандарға жыныстық қысым көрсеткендерге балалармен жұмыс істеуге, педогогикалық қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынбақ.
«Үшіншіден, кәмелетке толмаған жаста қылмыс жасаған адамдарды қоспағанда, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды мерзімін қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеуді тағайындауға тікелей тыйым салынды және қылмыстар субъектілерінің бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерде өтеуді тағайындау туралы талап көзделген.
Төртіншіден, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстық туралы істер бойынша қылмыстық құқықбұзушылық үшін көзделген жазадан гөрі неғұрлым жеңiл жаза тағайындауға, жазаның өтелмеген бөлiгiн қысқартуға, рақымшылық жасау туралы актіні қолдануға тыйым салынды.
Бесіншіден, соттың медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын айқындау кезінде химиялық кастрациялаумен қатар сексуалдық зорлық-зомбылыққа бейімділікті және сексуалдық ұнатудың бұзушылықтарын емдеуді тағайындау құқығы көзделген. Түзету педофилдерге қатысты тән және психика тұрғысынан медициналық ықпал етудің кешенді тәсілдерінің мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге бағытталған.
Қылмыстық-процестік кодекстен алқабилердің қатысуымен өтетін соттың құзыретінен кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы аса ауыр қылмыстар туралы істерді қарау алып тасталды.
Түзету алқабилердің эмоциялық факторға негізделген шешім шығаратынына байланысты балаларға қатысты аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға жауапкершілікті негізсіз жеңілдетуге мүмкіндік беретін сот практикасының прецеденттерін болдырмауға бағытталған», деп түсіндірді А.Жайылғанова.
Бұдан бөлек, заң жобасында сыбайлас жемқорлық қылмыстарына жол берген адамдарға қатысты квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салуды енгізу және қос азаматтығы бар мемлекеттік қызметшілерді немесе квазимемлекеттік ұйымдардың басшыларын жұмыстан шығару қарастырылған.
Туризмді дамыту мүмкіндігі
Жалпы отырыста туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Аталған мәселе жөнінде Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова баяндама жасады. Ведмоство басшысының айтуынша, заң жобасы елдің қабылданған стратегиялық құжаттарына сәйкес туристік саланы мемлекеттік реттеуді жетілдіруге, сондай-ақ ұзақ мерзімді кезеңге арналған Қазақстанның экономикалық даму басымдықтарының бірі ретінде туризм саласын дамыту үшін қажетті құқықтық база құруға бағытталған.
«Мемлекеттік реттеу, атаулы мемлекеттік қолдауды жүзеге асыру тұрғысынан маңызды мәселелердің бірі – туристік қызметтің қазіргі түрлері мен бағыттарын нақты жіктеу жоқ. Осыған байланысты туристік кластерлерді дамытудың стратегиялық жоспарларын, сондай-ақ туристік қызметтің жекелеген бағыттарын іске асыру мақсатында заң жобасында туризмді жіктеу көзделген.
Басым туристік аумақ ұғымын енгізу – заң жобасының негізгі новелласы. Оны құру мақсаты – синергетикалық әсер есебінен туристік нарықта аумақтың бәсекеге қабілетін, туристік кластерге кіретін туристік ұйымдар жұмысының тиімділігін арттыру, ресурстарды (материалдық, зияткерлік) туризмді дамытудың неғұрлым перспективалы нүктелеріне шоғырландыру.
Басым туристік аумақ – туристік салаға инвестициялар мен халықаралық стандарттарды енгізуді көздейтін іс-шаралар кешені. Аумақты (географиялық шекараларды) Үкімет айқындайды.
Заң жобасында бұл артықшылықтар қолданыстағы заңнамада белгіленген 2 млн айлық есептік көрсеткішке қарсы ең төменгі инвестициялық шегі бар 200 мың айлық есептік көрсеткішті құрған басым туристік аумақтарды іске асыру үшін ұсынылады», деді министр.
Сонымен қатар заң жобасында туризм саласындағы субъектілердің тізбесі кеңейтілмек. Соған сәйкес туристік қызмет субъектілерінің негізгі ерекшеліктері мен сипаттамалары, олардың туристік қызметтерді көрсетуге және туристік өнімдерді қалыптастыруға қатысуы айқындалады. Заң жобасында туристік оператор мен туристік агент, сондай-ақ гид, экскурсовод, туризм нұсқаушылары терминдеріне анықтама берілген. Бұдан бөлек Туризм саласындағы ұлттық компанияның функциялары бекітілмек.
«Ұлттық компанияның мәртебесін, қызметінің бағыттары мен өкілеттіктерін заңнамалық деңгейде белгілеу орынды болып табылады және оның тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
Азаматтардың құқықтарына кепілдік беру жүйесінің тетігі және заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік жөнінде. Шығу туризмінде туристерді қорғау деңгейін арттыру бойынша шаралар кешенін қабылдау, туроператорлар ұйымдастырған шығу туризмі шеңберінде Қазақстан Республикасының азаматтарына туристік код беру тетігін енгізу, сондай-ақ кепілдік беру сомаларын жинау және қайтару тәртібін регламенттеу енгізу жоспарланып отыр.
Олжалық аң аулауды дамыту, фермерлік аңшылық шаруашылығының кәсіпкерлігін қолдау қарастырылған. Әлемдік тәжірибе кәрі жануарларды жоюдың ғылыми негізделген лимиті популяцияға депрессиялық әсер етпейтінін, ал кейбір жағдайларда оның өнімділігін арттыратындығын дәлелдеді.
Қазақстанда көптеген сирек кездесетін түрлер популяциясының қазіргі жағдайы тұрақтанды және аң аулау мақсатында кәрі дарақтар тұрақты пайдаланылады.
Туризм саласындағы реттеу саясатын жетілдіру жөнінде. Осы уақытқа дейін туроператорлық қызметке лицензия қызмет бағыттарына қарамастан берілді. Қызметті жүргізуді оңайлату және әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында заң жобасымен мынадай шаралар ұсынылады. Олар: келу және ішкі туризм саласындағы туроператорлық қызметті лицензиялауды хабарлама жасау тәртібіне ауыстыру, жануарлардың өсімін молайту және мал шаруашылығын дамыту мақсатында жануарлар дүниесін қорғау туралы заңнама шеңберінде рұқсат беру рәсімдерін оңтайландыру, профилактикалық бақылауды регламенттеу», деді А.Райымқұлова.
Ведомство басшысының айтуынша, заң жобасында Үкіметке, туризм саласындағы уәкілетті органға және өзге де мемлекеттік органдарға тиісті құзыреттіліктерді бөлу көзделген.
Заң жобасы туралы пікір білдірген Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин туризмді дамыту үшін қолайлы жағдай жасау, оның ішінде заңнамалық деңгейде елдің туристік әлеуетін ашуға және осы саланы нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
«Туризм – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында ерекше орны бар салалардың бірі. Біздің елімізде туризмді дамытудың мүмкіндігі өте зор. Ең алдымен, кең-байтақ Қазақстанымыздың табиғаты керемет. Біз, осы залда отырған әр депутат өзінің туған жерін еске алса, не болмаса астанамыздың, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласының төңірегінде, Бурабайды, оңтүстік өңірді алсақ ешқандай шетелдің керегі жоқ. Ең алдымен, халқымыздың бауырмал, қонақжай дәстүрі де ерекше. Ол да біздің туризмге жол ашады. Ұлы даламызда шетелдіктер қызығатын тарихи-мәдени мұралар да көп. Сол үшін елімізде туризмді дамытуға баса көңіл бөлініп, нақты шаралар қолға алынды. Басты мақсат – 2023 жылға дейін туризм саласы экономиканың 8 пайызын құрауға тиіс. Бұл еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге арналған маңызды қадамдардың бірі. Ол бүгін заң жағынан қолдау тауып отыр», деді.
Жалпы, заң жобасы туристік қызмет саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленді және басым туристік аумақтар ұғымын бекітуді көздейді. Аумақтарда туристік қызмет объектілерін құру кезінде инвестициялық преференциялар беруді, туроператорлық қызметті шығу, келу және ішкі туризм салаларына бөлуді қарастырады. Сондай-ақ шығу туризмі саласында азаматтардың құқықтарына кепілдік беру жүйесін жетілдіруді «трофейлік аң аулау» ұғымын енгізу ұсынылған.
Қоғамдық кеңестің құзыреті артады
Сонымен қатар палата бірінші оқылымда нормашығармашылықты жетілдіру мәселелері бойынша түзетулер және адвокаттық қызмет пен заң көмегіне қатысты депутаттық заң жобаларын мақұлдады.
Бұл заң жобасының негізгі ережелерінің бірі – заңнама алдындағы талдау нысаны ретінде заң жобасының тұжырымдамасы мәселесін шешу. Заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік органның консультативтік құжатты оған тиісті талдамалық материалдарды қоса бере отырып қалыптастыру және оны жұртшылықпен талқылау міндеті белгіленеді. Талқылау қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар проблемаларды және оларды шешу жолдарын пысықтайды.
Ал адвокаттық қызмет пен заң көмегіне қатысты депутаттық заң жобалары қолданыстағы заңнама мен құқық қолдану практикасының мониторингі, сондай-ақ депутаттардың адвокаттармен, заңгерлермен, судьялармен және құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесулер кезінде келіп түскен ұсыныстар негізінде әзірленді.
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында қылмыстық, азаматтық істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету шеңберінде адвокаттарды тағайындау тәртібін автоматтандыру ұсынылып отыр.
Бұл ретте қорғалуға конституциялық құқықтың бұзылуына жол бермеу мақсатында автоматтандырумен қатар адвокаттарды тағайындаудың қолданыстағы тәртібі сақталады.
Жалпы отырыста орталық және жергілікті мемлекеттік органдар арасында ауыз сумен жабдықтауды субсидиялау жөніндегі өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша депутаттық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Заң жобасында баламасыз сумен жабдықтау көздері болып саналатын аса маңызды жергілікті сумен жабдықтау жүйелерінің тізбесін әзірлеу және бекіту жөніндегі функцияларды уәкілетті органнан жергілікті атқарушы органдарға беру көзделеді. Бұл ретте жаңадан салынған жергілікті сумен жабдықтау жүйелерінің тізбесіне енгізу рәсімі жергілікті деңгейде жүргізілетін болады, бұл өңірлердің ауыз сумен жабдықтауға субсидиялар алуын жылдамдатады.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары екінші оқылымда бірқатар экологиялық және оған ілеспе заң жобаларын мақұлдады. Экология кодекстің жобасы бойынша екінші оқылымға дайындық барысында жұмыс тобы ең үздік қолжетімді техникалардың неғұрлым қатаң анықтамалықтарын қабылдау кезінде бұрын берілген кешенді экологиялық рұқсаттарды қайта қарауды пысықтады. Сондай-ақ әзірлеу тәртібін енді ұлттық стандарттар түрінде емес, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі анықтамалықтарды бекітуді және эмиссиялар мониторингтің автоматтандырылған жүйесін енгізу мерзімдері мәселелері бойынша түзетулерді қарады.
Жалпы отырыста палата депутаттары екінші оқылымда қаралатындар қатарында қоғамдық кеңестердің қызметі туралы заң жобасын мақұлдады. Осы заң жобасына қатысты Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин пікір білдірді.
«Қоғамдық кеңестер туралы» алғашқы заң осыдан 5 жыл бұрын қабылданған болатын. Бірақ қазіргі уақыт талабына сай, осы заң жобасына бірқатар маңызды өзгерістер енгізіліп отыр. Мысалы, енді мемлекеттік органдарда ғана емес, квазимемлекеттік секторларда да осы қоғамдық кеңестер құрылады. Сонымен бірге қоғамдық кеңес мүшелері мемлекеттік сатып алу жұмыстарына қатысады. Осы сияқты басқа да көптеген керекті түзетулер енгізілді. Оның барлығы, билік және қоғам арасындағы байланысты, диалогты одан әрі күшейтіп, жұмыс сапасын арттыруға ықпал етеді деп сенеміз», деді Н.Нығматулин.
Жалпы «Қоғамдық қызмет туралы» заң жобасы бойынша депутаттар қоғамдық кеңестің қызметін жергілікті деңгейде ұйымдастыру тұрғысынан қамтамасыз ету жөніндегі функцияны әкімдіктердің құзыретінен алып тастауды және оны мәслихаттарға бекітіп беруді ұсынды. Осыны негізге ала отырып, мәслихат хатшысы еңбек заңнамасына сәйкес еңбек шарты бойынша тартылатын қызметкерді дербес айқындайды, ол қоғамдық кеңес хатшысының міндеттерін атқарады.
Сондай-ақ жиын барысында депутаттар өздері әзірлеген күзет қызметі мәселелері туралы заң жобаларын, адамдарды Қазақстан шегінен тыс жерге шығарып жіберуге және бюджет заңнамасын жетілдіруге қатысты заң жобаларын мақұлдады. Бұдан бөлек, жалпы отырыста палата дипломатиялық қызмет туралы заң жобасын жұмысқа алды.
Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары Зағипа Балиева, Азат Перуашев мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.