• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Қараша, 2020

Зымыран әскерлері және артиллерия – Қарулы Күштердің атыс қуаты

800 рет
көрсетілді

Он тоғызыншы қарашада Құрлық әскерлерінің зымыран әскерлері мен артиллеристері кәсіби мерекелерін атап өтуде.  

Әскерлер құрамы Одақ Қарулы Күштеріндегі Ортаазиялық әскери округінің зымыран әскерлері мен артиллерия штабының базасында құрылды. Аталған әскерлердің қалыптасуы мен дамуына генерал-майорлар Лұт Әлшекенов пен Руслан Шпекбаев, полковниктер Михаил Шлейко, Дәурен Есхожин, Николай Мисюра, Виктор Кашоид және Ғиниятқали Шалабаев елеулі үлес қосты.

Еліміздің Зымыран әскерлері мен артиллериясының құрамында, тактикалық зымырандардың құрамалары, гаубицалық, зеңбіректік, реактивті және танкіге қарсы қолданылатын артиллерия, артилллериялық барлау, минаатқыш және танкіге қарсы бөлімшелер бар. Әскерлер «Василек», «Сани», «Поднос» және «Дева» минометтері, өздігінен жүретін «Гвоздика» және «Акация» артиллериялық қондырғылары, сүйретілетін «МСТА-Б», «Гиацинт» қарулары, Д-20 және Д-30 гаубицалары, «Град», «Град-1», «Прима», «Ураган» және «Смерч» дүркіндетіп атудың реактивті жүйелері, «Точка-У» тактикалық кешендері, «Рапира» зеңбіректері және «Штурм-С» танкке қарсы зымыран кешендерімен жарақталған. Жоғары қуатты 240 мм өздігінен жүретін «Тюльпан» минометтері бар.  

Артиллерияны оптикалық және радиолокациялық барлау, топогеодезиялық, метеорологиялық және баллистикалық қамтамасыз ету құралдарымен қайта жарақтандыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Жауынгерлік қолданудың жаңа тәсілдері мен атысты басқарудың автоматтандырылған жүйелері енгізілуде.

Зымыран мен артиллерия мамандары оқу-жаттығу барысында тәжірибелік дағдыларын және машықтарын пысықтайды. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында өткен «Алдаспан» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының жалпы әскери құрамаларының артиллериялық бөлімшелері жұмылдырылды. Мақсаттар туралы ақпарат нақты уақыт режимінде әскерлердің штабына «SkyLark» ұшқышсыз ұшу аппараттарынан және жылжымалы нысандарды барлаудың радиолокациялық станциясынан келіп түсті. Төрт жыл бойы Армия халықаралық ойындарындағы, «Артиллериялық оқ ату шебері» сайысында қазақстандық әскери қызметшілер бірінші орынды иеленді.

Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің Әскери институтында 1993 жылдан бастап жыл сайын 60 артиллерист офицер даярлайтын артиллерия кафедрасы жұмыс істейді. Тұңғыш Президент – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің базасында 2014 жылы зымыран әскерлері мен артиллерия кафедрасы құрылды. Онда терең теориялық және тәжірибелік білімі бар мамандар сабақ береді.  Санкт-Петербург қаласындағы Михайлов әскери артиллериялық академиясында осы саланың мамандарын даярлайды. Жыл сайын зымыран және артиллериялық әскер қатарын Қарағанды және Алматы политехникалық университеттерінің әскери кафедралар түлектері толықтырады.