• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Қараша, 2020

Алик Шпекбаев: Азаматтардың мұң-мұқтажын жедел шешуіміз керек

480 рет
көрсетілді

Ағымдағы жылғы 19 қарашада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына келді, деп хабарлайды Egemen.kz

 

 

Сапар барысында ол Ақтөбе облысының Хромтау қаласына табан тіреп, Мемлекеттік кірістер басқармасының клиентке бағдарлануымен танысты және Хромтау ауданының "Ашық әкімдік" қызметін тексерді.

Ведомство басшысы әлеуметтік сала, ТКШ және жер қатынастары мәселелері бойынша өтініш білдірген жергілікті азаматтарды жеке қабылдады. Мысалы, көшені жарықтандыру, оны абаттандыру, жұмысқа орналастыру, байланыс қызметін жақсарту, мүгедек балаға жәрдемдесу және т.б. мәселелер бойынша өтініштер түсті.

"Барлық өтініштер жергілікті атқарушы органдардың жеке бақылауына алынып, жауапты тұлғалар бекітілді. Аумақтық департаментке әрбір өтінішті зерделеп, оны егжей-тегжейлі қарап шығу туралы тапсырма берілді", деп атап өтті Алик Шпекбаев. Сондай-ақ, тұрғындар "бір терезе" қағидаты бойынша азаматтарға жедел және кедергісіз қызмет көрсетуге бағдарланған жергілікті сервистік әкімдіктің жұмысын оң бағалады.

Сондай-ақ сервистік әкімдік жанында азаматтарды жеке қабылдау және кеңестер өткізу үшін "Open Space" нысанындағы кабинет бар. Онда "Адал көмек" жобасының жетекшісі Айман Омарованың өңірге сапары аясында тегін заң көмегі ұйымдастырылды.

Хромтау ауданының "Ашық әкімдігіне" ағымдағы жылдың басынан барлығы 600-ден астам өтінім хат, 500-ден астам өтініш және өзге де сауалдар келіп түсті. Әкімнің жеке қабылдаулары аясында 95 өтініш түсті. Бұдан басқа, Хромтау ауданының атқарушы органдары тізілімге сәйкес мемлекеттік қызметтің 82 түрін көрсетеді. Жыл басынан бері 8000-нан астам қызмет көрсетілді. Электрондық қызметтерді алу үшін өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары да қарастырылған.

"Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында Агенттік азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылды күшейтуде. Мемлекеттік органдардың ашықтығы мен айқындығын арттырудың тиімді құралы – халық алдында қолжетімділік пен есеп беруді қамтамасыз ету. Сондықтан мемлекеттік аппарат халықпен мүмкіндігінше жиі кездесіп, оның мұң-мұқтажын тыңдап, азаматтардың мәселелерін жедел шешуі керек", деді Агенттік төрағасы.

Жалпы бүгінгі күні Ақтөбе облысының барлық аудандық және қалалық әкімдіктерінде "Open Space" үлгісінде 15 сервистік әкімдік және 65 кабинет жұмыс істейді.

Хромтау ауданының бірқатар мекемелерін аралағаннан кейін Алик Шпекбаев аудан жұртшылығы өкілдерімен кездесіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың новеллалары, қол астындағылардың сыбайлас жемқорлығы үшін басшылардың дербес жауапкершілігі және НҚА сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізудің жаңа тетіктері туралы айтып берді.

Сондай-ақ, "Protecting business and investments" бизнес пен инвестицияларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу бойынша жобаның іске асырылу барысымен танысу мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы "Arm Wind" ЖШС жел электр станциясына, "Экоферма" ЖШС құлпынай өсіретін жылыжайға, "Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ-ға және облыстың басқа да бірқатар кәсіпорынға баруды жоспарлап отыр.