• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Сәуір, 2010

БАЙҚАУҒА ДЕЙІНГІ 72 САҒАТ

670 рет
көрсетілді

Жыл сайын көктемнің жайдары осындай уақытында елордаға республикамыздың әр өңірінен көңілдерінде қобалжумен қоса қуаныш сезімі орын алған, шаттықпен бірге жастықты ұштастырған, сеніммен бірге дос­тықты жалғас­тырған “Жас қанат” байқауына қатысушылар бас қосады. Өнердің қара қазанында бір-бірімен тайталаса, өзара бәсекелесіп, кейде баптан гөрі бақтың озып шабатынына күмәнмен емес, өз-өзін жетіл­діруге берілген зор мүмкіндік ретінде қарайтын жас таланттар биыл тағы да, Астанаға келді. Сейсенбі күні жас әншілер еліміздің мақ­танышына айналған, қанат жайып өсіп-өркен­деп келе жатқан бас қаланы аралап, оның зәу­лім де көзтартар құрылыстарына іштей тәнті болып қайтты. Қала тұрғындары мен қонақтарының көзайымына айналған көрікті жерлер мен айшықты нысандарда да болды. Мәселен, экскурсияның алғашқы қадамы Пре­зи­денттік Мәдениет орталығынан басталды. Еліміздің тарихынан берері көп, тәрбиелік мәні зор бұл орталықтан жастар мол рухани ізгі­ліктерді саналарына сіңіріп шықты деп айтуға толық болады. “Тарихты оқулықтардан немесе кітаптардан оқу бір басқа да, көзбен көріп, шежірелерден ұғынудың жөні тағы бір басқа екен”­дейді жас әншілердің ішіндегі Алматы облысының Қаскелең кентінен келген Лиза Кенжебаева. Осыдан кейін “Жас қанат” үміткерлері “Бәй­терекке” қарай бет алды. Мұнараның шырқау басына шыққан олар шынымен де елорданың көркіне, қарқынды даму жылдам­дығына тәнті болып, іштей ел басқарып отыр­ған ағаларымызға ризашылықтарын білдіріп жатты. Өйткені, тәуелсіз Қазақ мемлекеті өмірінің тұрақтылығы мен әлеуметтік ахуалы­ның қаншалықты алға кеткендігін бұл жас өрендер “Бәйтерекке” шыққанда ғана толық сезінетіндіктерін олар анық білгендей болды. Бұдан соң жас таланттар бейбітшілік пен ынтымақтың тұлғалық нысанына айналған Пирамида ғимараты мен Тәуелсіздік сарайына ат басын бұрды. Мұнда олар Астана туралы 4D форматында түсірілген қысқа метражды фильм­ді тамашалады. Осы қатысқан іс-шаралар барысында біз жасқанаттықтардың араларындағы достық рәуіштегі жылы қарым-қатынасты анық бай­қадық. Өнер бәйгесіне қатысатындықтан ара­ларында белгілі деңгейде бәсекелестіктен туа­тын ептеген қызғаныш бар шығар-ау деп ойла­с­ақ, әзірге ондайды көре қойғанымыз жоқ. Бұл ойымызды “Жас қанат” күнделігінің жүргізу­шісі Зүлфия Темірғалиева да растап отыр. “Мен жастарды бақылап әрі олармен бірге жұмыс істеп жүрмін. Олардың барлығы да өте тату әрі бауырмал. Байқаудың шешуші сәтінде де осылай болса деп тілеймін. Осы күндері бір нәрсеге көзім анық жетті. Олардың әрқай­сысы өзінше талант және өзін­дік болмысымен ерекшелене алады”­, деді ол. Сәрсенбі қатысушылар үшін аса жауапты әрі қызықты күн болды. Бұлай дейтін себебіміз, осы күні үміткерлер жеребе тарту арқылы өздерінің қаншасыншы болып сахнаға шығатындықтарын анықтай­тын сәт еді. Шыны керек, қай әншінің де бірінші болып шыққылары келмейтіні белгілі. Өйткені бірінші әншіге қашанда жүктің ауырлығы, бәсекелестіктің мысы басатыны анық. Сәрсенбінің сәтті күнінде жасқанат­тықтар “Нефть” атты түнгі клубта жеребе тарту шарасына қатысты. Өздерін қандай реттік саны күтіп отырғанын білмейтін үміткерлер бойларындағы қобалжу сезімін жасыра алмады. Үстел үстінде қойылған түйе сувенирінің астына жасырылған қағаздарды алу барысында қолдары дірілдемегендері некен-саяқ. Деген­мен де, бұйырған кетпейді, қуған жетпейді дағдысына еттері үйреніп қалған әншілер бірден барды да жеребе тартып, өздерінің сахнаға шығатын реттік нөмірін анықтады. Сонымен бірінші болып Алматы қаласынан келген 23 жастағы Қанатбек Пулатбеков сахна­ға шығатын болса, ал ең соңғысы астаналық 23 жастағы Диана Маева деп белгіленді. Жеребе тарту шарасына қатысқан Астана қаласы мәдениет департаментінің бастығы Еркебұлан Әгімбаев: “Осымен он тоғызыншы рет “Жас қанат” байқауы жас әншілерге мүмкіндік беріп отыр. Әншілердің дені кезін­де осы басқыштан бастап, өздерінің шығарма­шылық, әншілік қабілеттерін осы байқауда сынаған болатын. Сонымен қатар, бұл конкурс жаңа әндердің, жаңа есімдердің таны­луына зор ықпал жасайды. Әншілермен қоса компо­зиторлар да сыннан өтеді. Сон­дықтан бұл мүмкіндікті қолдарыңнан жіберіп алмау­лары­ңыз керек”­, – деп әншілерге сәттілік тіледі.­ Сонымен байқаудың басталуына бір күн қалды дегенде жас әншілер өнер ордасына айналған Қазақ ұлттық музыка академиясының ұжымымен кездесті. “Бұл жоба уақыт өткен сайын өзінің танымалдылығын арттырып келеді. Жас әншілердің болашағына, шығар­машылық жетілуіне үлкен серпін беретініне сенімдімін. Таланттар әрқашанда көзге көріну­ге тиіс. Оларға ұдайы қолдау көрсетіп, демеп отыруымыз керек. Ертең өткелі жатқан кон­курс­тың мән-мағынасы сіздер үшін аса маңыз­ды. Эстрадаға жетелейтін бағдаршам­дарыңыз іспеттес. Сондықтан да, сіздердің әлем тани­тын, халқымыздың атақ-абыройын асқақтата­тын танымал әнші болуларыңызға тілектеспіз. Сіздерге Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева және тағы басқа мықты-мықты әншілердің жолын берсін”, деді Қазақ ұлттық музыка академиясының ректоры Айман Мұсақожаева. “Жас қанат” жас әншілер үшін берілген зор мүмкіндік екені рас. Үлкен сахнаға, еліміздің қызу шоу-бизнесіне, танымалдылыққа апара­тын жол болып есептелінетін бұл байқаудан бүгінгі қазақ эстрадасында бағы ашылған, жұл­дызы жанған талай белгілі әншілер шық­қаны мәлім. Мәселен, 1992 жылғы “Жас қанат” байқауының бірінші сайысына қатысқан Медеу Арынбаев, сонымен қатар Бақыт Шадаева, Нұрлан Абдуллин, Бауыржан Исаев, Алтынай Жорабаева, Мәдина Садуақасова сияқты әнші­лер де кезінде осы байқаудың жеңімпаздары атанып, бүгінде қазақ әншілерінің ішіндегі өзіндік болмысы мен орны бар өнер иелері болып жүр. Көп ұзамай, осы жолғы ХІХ рес­публикалық байқауына қатысқан жас талант­тардың да аттары, абыройлары асқақтайтын болады. Атар таңдар әлі алда. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.