• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Сәуір, 2010

АЛҒАШҚЫ АКЦИЯ БАСТАУ АЛДЫ

694 рет
көрсетілді

Астанада Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралардың алғашқысы “Ұлы Жеңіс – ардагерлер өмірінде” атты акция бастау алды. Қала әкімдігінде осы шараның басталуына орай оның екі жобасы таныстырылды. Мұнда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Алпысбеков акцияның негізгі мақсаты Ұлы Отан соғысын бейнелі түрде еске алу екенін, сондықтан оның екі жобасының бірі ардагерлердің фотосессиясын жүргізуге, ал екін­шісі деректі фильм көрсетуге арна­латынын айтты. Оның айтуынша, бірінші жобада қала бойынша аты-жөні, шайқасқан жері мен кейінгі буынға айтқан сөздері жазылған 65 астаналық ардагердің портреттері ілінетін болады. Екінші жобада – “65 жыл – 65 әскери тағдыр” атты деректі фильм көрсетіледі. Жеңіс күніне арналған бұл фильмге Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигельдинов пен Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһар­маны Сағадат Нұрмағамбетов сияқ­ты ардагерлер­дің өмірі, соғысқан жерлері мен ерлік­терін көрсету жос­парлануда. Осы жобаны жаса­ған­­дардың бірі Гауһар Жан­сейітова­ның айтуынша, фильм Қазақстанның барлық әскери бөлім­дерінде, қала мектеп­теріндегі ашық сабақтарда теле­арна­ларда көрсетіледі. Сонымен бірге оны Астана қаласының ресми сайтынан да (www.astana.kz) көруге болады. – Фильмде 30 сағаттық ма­териал түсірілді, – деді ол. – Мұн­да Отанға қызмет етуде үлкен ерлік пен үлгі көрсеткен, соғыста қан кешіп, от пен оққа кеудесін тосқан қаһармандардың ерліктері көр­сетіледі. Сондай-ақ, онда ардагер­лердің зұлмат соғыс пен жауынгер жолдастары туралы естеліктері айтылады. Қазір ардагерлердің соғыс пен жеңіс туралы айтқан келелі сөздері бейнеролик топта­масымен еліміздің жетекші арна­ларында көрсету жоспарланып отыр. Бұл жобаға Мәскеу мен Минск басшылығы да қызығушы­лық танытуда. Сонымен бірге қала әкімдігінде өткен кеңесте Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар таныстырылды. Онда негізгі акциялардың 7-9 мамыр күндері өтетіні, оның алдында Астанадағы салтанатқа Қазақ­стан­ның өзге өңірлерінен ардагер­лер келетіні хабарланды. Содан кейін келесі күні қалалық зиратта сағат 09.00-де соғыста жараланып, қай­тыс болған жауынгерлердің басына “Даңқ гүл шоғын” қою рәсімі, одан кейін сағат 11.00-де Бауыржан Момышұлы ескерт­кіші­не гүл шоқтарын қою рәсімі, сағат 15.00-де Тәуелсіздік сарайында салтанат­ты жиын мен мерекелік концерттің болатыны айтылып, осы шарадан соң сағат 17.00-де Елбасы мен Қорғаныс министрі атынан Салтанат сарайында арда­гер­лерді қабылдау рәсімі өтетіні туралы мәлімет берілді. Келесі 8 мамыр күні сағат 11.00-де “Отан қорғау­шылар” монументінің алдында “Даңқ гүл шоқтарын қою” рәсімі, театрландырылған қойылым мен Қорғаныс министрлігінің орталық ән-би ансамбльінің концерті, сағат 12.30-да қала алаңдарында үрмелі оркестр концерттері өтетіні хабарланды. Ал 9 мамыр күні сағат 10.00-де Тәуелсіздік даңғылындағы “Қазақ елі” монументі алаңынан бастап “Отан қорғаушылар” монументіне дейін Ұлы Отан соғысында  Жеңіс­тің 65 жылдығына арналған азамат­тық шеру басталып, одан кейін кешке дейін Жастар сарайы жазғы сахна­сы, Қаржы министрлігі алдын­дағы гүлзар, елорда саябағы, Бауыр­жан Момышұлы саябағын­дағы амфи­театр, “Арай” саябағы мен қала­лық алаңда үрмелі оркестр­дің концерті өтетіні хабарланды. Осы күні сағат 17.00-де Конгресс-холлда Жеңіс күніне арналған КСРО халық әртісі Әлібек Дінішевтің жеке концерті болып, одан әрі мерекелік шара сағат 22.00-де от-шашумен аяқталатыны белгілі болды. Қазір қала әкімдігінің мәлімет­теріне қарағанда, Астанада 484 соғыс ардагері тұрады. Жеңіс күні­не орай олардың әрқайсысы рес­пуб­ликалық бюджеттен материал­дық көмек ретінде 65 000 теңге, ал жергілікті бюджеттен 35 000 теңге алатын болады. Сондай-ақ, қалада тұрып жатқан 53 фашизм тұтқын­дары мен соғыста қаза тапқан жауынгерлердің 25 жесіріне 10 000 теңгеден, Ұлы Отан соғысына қа­тысу­шыларға және соғыс мүгедек­теріне теңестірілген 1 700 азамат пен 3 906 тыл еңбек­кері­не 4 000 теңге көлемінде ма­териал­дық кө­мек беріледі. Осы күндері 8 сәуір­ден бастап астаналық 48 ардагер “Оқжетпес” санаторийін­де жолда­ма­мен демалуда. Дастан КЕНЖАЛИН.