Сауд Арабиясында әлемнің ең үлкен 20 елінің басшылары қатысқан G20 саммиті өтті. Биылғы іргелі жиын коронавирус пандемиясына байланысты видеоконференция режімінде ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында негізінен індетпен күрес мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, коронавирусқа қарсы вакцинаны, әлемнің түкпір-түкпірінде қолданылып жатқан дәрілер мен тестілерді қалай үлестіру қажет екені сөз болды. Күн тәртібіне бұл мәселенің шығу себебі мынада. Пандемиядан зардап шеккен мемлекеттер ең әуелі өздерін вакцинамен қамтамасыз етуге талпынатыны анық. Мұндай жағдайда қалтасы қалың елдер екпе шығаратын компаниялармен келісімшарт жасасып, вакцинаның көп мөлшерін сатып алуы мүмкін. Ал кедей мемлекеттер вакцинадан қағылады. Осыны болдырмау үшін вакцина мен дәрі-дәрмекті әділ бөлу мәселесі қызу талқыланды.
Айта кетерлігі, биылғы саммитке Сауд Арабиясы төрағалық етіп отыр. Коронавирус пандемиясына байланысты екі күндік жиын толықтай онлайн форматта өтті. Эр-Риядтың төрағалығы осы қарашада аяқталады. Келесі кезек Италияға берілді.
Видеоконференцияны ашқан Сауд Арабиясының королі Салман бин Абдулазиз коронавирус пандемиясының жаһандық күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе екенін атап өтті. Сондай-ақ экономиканы қалпына келтіру үшін бірлесіп әрекет етудің маңызына тоқталды.
«COVID-19 пандемиясы бүкіл әлемді аз уақыттың ішінде үлкен дағдарысқа ұшыратып, жаһандық экономиканы тоқыратып, әлеуметтік салаға үлкен шығын келтірді. Адамдар мен мемлекеттер әлі де мұның зардабын тартып жатыр. Әйтсе де, бұл дағдарыстан шығу үшін халықаралық қоғамдастық ынтымақтаса жұмыс істеуі керек», деді Салман бин Абдулазиз.
Сондай-ақ Сауд Арабиясы королі дағдарыстан шығатын жол ұсыну арқылы адамдарға үміт сыйлап, ынтымақтаса әрекет етудің маңызына екпін берді. Оның айтуынша, кейінгі кезде коронавирусқа қарсы вакцинаға қатысты жағымды жаңалықтарға қарамастан, әлем екпелерді әділ әрі тең бөлінуіне күш салуы тиіс.
Бұдан кейін G20 елдерінің басшылары рет-ретімен сөз сөйлеп шықты. Германия канцлері Ангела Меркель коронавирусқа қарсы вакцинаға қол жеткізу үшін халықаралық қоғамдастықтың тізе қосып ынтымақтасуы қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар індетпен күрестегі жаһандық кампанияның мақсатына тоқталды. Соған сәйкес, 2021 жылдың аяғына дейін 2 млрд дана вакцина шығарылуы тиіс.
«Пандемияны ауыздықтау үшін вакцина әлемнің бүкіл еліне қолжетімді болуы тиіс. Бірақ бұған бөлінген қаражат жетпейді. Бізге сенімді қаражат көзі, тиімді ынтымақтастық және шешім қабылдауда тәуелсіздік қажет... Жаһандық науқан бастамасы үшін қазірге дейін 5 млрд доллар қаражат жиналды. Германияның үлесі 500 млн еуро», деді А.Меркель.
Канцлердің айтып отырған жаһандық науқан COVID-19-ға қарсы вакциналарды қолдануға рұқсат берілгеннен кейін әлемнің түкпір-түкпірін екпемен тең көлемде қамтамасыз етуді көздейді. Қазірге дейін оған 172 мемлекет кіруге келісім берді. Бір қызығы, АҚШ бұл тізімде жоқ.
Франция президенті Эммануэль Макрон да вакцинаны теңдей бөлу қажет деп есептейтінін жеткізді. «Біз екі түрлі әлемді – байлар өздерін ғана вирустан қорғап, бұрынғы өміріне қайта оралатын сценарийді болдырмауымыз керек», деді ол.
Еуропалық комиссия президенті Урсула вон дер Лейен қауіпсіз әлемге жедел қол жеткізу үшін одаққа мүше мемлекеттер жаһандық бастамаға үлес қосуы қажет екенін жеткізді. Осы мақсатта құрылған COVID-19 құралдарына қол жеткізуді жеделдету (ACT Accelerator) бастамасына қаржы құюға шақырды. Сонымен қатар әлем елдеріне сауын айтып, осы жобаға 4,5 миллиард қаражат керек екенін айтты.
Ресей президенті Владимир Путин өз сөзінде коронавирус пандемиясы әсерінен бұрын-соңды болмаған жаһандық экономикалық дағдарыстың басталғанын атап өтті. Оның айтуынша, жұмыссыздар санының көбеюі мен соның салдарынан туындайтын кедейшілік, әлеуметтік тұрақсыздық өзекті түйткілге айналып отыр. Сондықтан G20 елдері бұған жол бермеуі тиіс.
Кремль басшысы бұдан кейін күн тәртібіндегі мәселе төңірегінде ой қозғап, Ресейдің коронавирусқа қарсы вакцина бүкіл әлемге қолжетімді болуы үшін барын салатынын жеткізді.
«Иммунитетті қалыптастыратын препараттар баршаға ортақ, жалпыға бірдей екені сөзсіз. Ресей ғалымдары әзірлеген вакциналарды қажет еткен елдерге беруге әзір. Олардың қатарында әлемде алғаш рет тіркелген, адамдағы аденовирустар арқылы әзірленген «Спутник V» вакцинасы бар. Сондай-ақ Новосібір ғылыми орталығы шығарған ресейлік вакцина «ЭпиВакКорона» да әзір тұр. Ресейлік үшінші вакцина да дайын болып қалды», деді В.Путин.
Қытай басшысы Си Цзиньпин де вакцина жасау саласында ынтымақтастық жасауға әзір екенін мәлімдеді.
«Қытай коронавирусқа қарсы вакцинаны зерттеу және дайындау саласында, оны өндіру мен таратуда басқа елдермен бірге ынтымақтастықты күшейтуге әзір. Біздің еліміз дамушы елдерге көмек көрсетіп, қол созуға берген уәдесін орындайды. COVID-19-ға қарсы вакцинаны жалпыға ортақ етіп, әлемдегі бүкіл халыққа қолжетімді жасау үшін барын салады», деді Си Цзиньпин.
АҚШ президенті Дональд Трамп індетпен күреске жаһандық іс-қимылдың қажет екеніне тоқталып, алдағы уақытта экономикалық өсімді қалпына келтіру үшін халықаралық аренада диалог орнатудың маңызын жеткізген.
Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған жиын барысында Анадолыда дайындалған вакцинаны бүкіл әлемге таратуға әзір деп мәлімдеді. Оның айтуынша, түркиялық вакцина барша адамзаттың игілігіне айналуға дайын.
«Коронавирус індетінің таралуы әлемнің ең үлкен экономикаларын бір шаңырақ астына жинайтын G20 саммитінің маңызы мен жауапкершілігін арттырады деп есептеймін. Эр-Риядтағы саммитте қабылданған шешімдер эпидемияның кері әсерін бәсеңдетіп қана қоймай, G20-ның маңызын арттырады», деді Ердоған.
Жиын барысында Еуропалық одақ өкілдері келешекте болуы мүмкін пандемиялардың алдын алуы үшін халықаралық келісімді қабылдауға шақырды. Бұл қадам індетпен күресуде жедел қимылдауға мүмкіндік бермек.