• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Президент 23 Қараша, 2020

Президент Елбасы еңбек еткен комбинаттың өндіріс қуатын арттыру керек деп санайды

633 рет
көрсетілді

Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапарын Мемлекет басшысы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның металлургия комбинатында түйіндеп, алпауыт кәсіпорындағы мырышпен және алюминиймен қаптау цехының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл цехта мырышпен қапталған орамды және табақша өнімдерін өндіріледі. Оның жалпы өндірістік қуаты жылына 700 мың тонна өнім шығаруға жетеді.

Кәсіпорынның атқарушы директоры Вадим Басин Президентке өндіріс процесін ұйымдастыру және жабдықтау жұмысының қағидалары туралы айтып берген соң, Мемлекет басшысы цехтың дайын өнімдері мен жұмыс жүктемесін қарап көрді.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Наир Биджу Мемлекет басшысына кәсіпорынды одан ары дамыту перспективасы, жаңа кокс батериясы құрылысының жоспары, экологиялық қалдықтарды азайту жөнінде қабылданып жатқан шаралар жайында мәлімет берді.

Кәсіпорындағы еңбек ұжымымен кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорынның қазақстандық металлургиядағы көшбасшы кәсіпорын екенін атап өтті.

– Мұнда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің еңбек жолын бастаған. Біз өндіріс қуатын арттыруды мақсат етіп отырмыз. Маған жаңа инвестициялық жобалар, өндірісті жаңғырту, әлеуметтік жағдайды жақсарту жайында баяндады. Кәсіпорынның алдында тұрған міндеттер аз емес. Сондықтан оны ретіне қарай шешу керек. Ол жайында бұған дейін Премьер-Министрмен сөйлестім. Жаңа облыс әкімімен де бірқатар мәселені талқыладық. Барлық мәселені ақырындап шешу қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Кездесудің соңында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев металлургия зауытының еңбек ұжымына жұмыстарына табыс тіледі.