Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовтың қатысуымен өткен баспасөз-конференциясында аймақ басшысы өңірде жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Өңір басшысының айтуынша, Маңғыстау инвестиция көздерін тарту бойынша үздік аймақтар қатарында. Биыл облыста 99,8 млрд теңгенің 14 инвестициялық жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде, 1056 адам жұмыспен қамтылады. Олардың ішінде отандық капиталдың қатысуымен 27,4 млрд теңгенің 10 жобасы, шетелдік инвесторлардың қолдауымен 70,5 млрд теңгеге 3 жоба, мемлекет-жекеменшік әріптестігі тетігімен жүзеге асатын 1,9 млрд теңгенің 1 жобасы бар.
– Оның екеуі шетелдік инвесторлардың қатысуымен іске қосылды. Бірі – өздеріңізге белгілі, жазда ашылған «Риксос Ақтау» туристік қонақүй кешені. Оның құны 60,8 млрд теңге. 635 жаңа жұмыс орны ашылды. Екіншісі, маусымда ашылған құны 8,6 млрд теңге болатын «Теңіз суын дайындау және алынған мұнай орнына су жіберу» жобасы, – деді Серікбай Трұмов.
Бұл бағыттағы жұмыстар келер жылы да жалғаспақ, яғни келер жылы құны 81,1 млрд теңге болатын 21 жобаны жүзеге асыру көзделуде. Бұл 2 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді деген сөз. 2 жоба шетелдік және 19 жоба отандық инвесторлардың қатысуымен жүзеге асады. Өңірде ауыз су тапшылығын жою мақсатында ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған сумен қамту жүйелі жүргізілуде. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 75,8%-дан 86,8%-ға дейін жеткізіледі. Жалпы, ауыз сумен және кәріз желілермен қамту үшін бюджеттен 5,8 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.
– Мәселен, құны 21,4 млрд теңге болатын «Қаражанбас» кен орнында тәулігіне 17 мың текше метр су тұщыту зауыты салынады. Теңіз суын тұщытатын екінші зауыт 2021-2022 жылдары Кендірлі аймағында салынады деген жоспар бар. Тәулігіне 50 мың текше метр су тұшытады. Бұл Жаңаөзен қаласы сұранысын толық өтейді. Қазір техникалық негіздемесі жасалып жатыр, – деді облыс әкімі.
Президент Қ.Тоқаевтың қойған міндеттерінің бірі – кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын ашу. Бұл саланың өңір экономикасындағы үлесі 31,8% құрады. Маңғыстаулық кәсіпкерлер 2-тоқсанда 17,6% өсім көрсетіп, 692,6 млрд теңгенің өнімін шығарды. Бүгінде шағын және орта бизнестің 756 жобасы мемлекеттік қолдау механизмдерін пайдаланды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есеге артық.
– Оның ішінде «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 312 жобаға 51,8 млрд теңгеге қолдау көрсетілді. 1300-ден астам жаңа жұмыс орны құрылып, 3070 жұмыс орны сақталды. Былтырмен салыстырғанда қолдау алған жобалар саны 1,7 есеге артты. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 1,6 млрд теңгеге 317 шағын несие беріліп, 399 жұмыс орны құрылды. Қарапайым заттар экономикасы аясында жеңілдетілген несие алуға құны 71,5 млрд теңгенің 101 жобасы мақұлданды, – деді облыс әкімі.
Әлемдік індеттің өршуіне байланысты кәсібі тұралап қалған өңірдің 17 мыңға жуық шағын және микробизнес субъектілері салық төлеуден босатылып, жеңілдіктер берілді. Сондай-ақ, 404 кәсіпкерге жалпы сомасы 14,8 млрд теңгеге негізгі қарыздары мен сыйақы төлемін өтеу кейінге қалдырылды. Бұдан бөлек, бар-жоғы 1 пайызбен несие беретін өңірлік «Нұр капитал» жобасы бірнеше жылдан бері жемісін беріп келеді. Биыл 548,7 млн теңгені құрайтын 26 жоба қаржыландырылып, 128 жаңа жұмыс орны құрылды. Бағдарлама басталғаннан бері 2,9 млрд теңгеге 149 жоба мақұлданып, 1 126 жаңа жұмыс орны ашылды.
С.Трұмовтың айтуынша, Маңғыстауда құрлық, теңіз, әуе қозғалысының барлық түрі жолға қойылған. Осы мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, көлік және логистика әлеуетін одан әрі дамыту жұмыстары қолға алынған. Карантин уақытында шекара арқылы тауар тасымалында қиындық туындағанмен, теңіз қақпасы арқылы алыс-беріс тоқтамай, керісінше, байланыс жандана түскен. Ақтау, Құрық теңіз және Солтүстік терминал порттары арқылы 10 айда жүктерді ауыстырып-тиеу көлемі 4,5 млн тоннаны құрады.
Құрық порты арқылы – 1 352 мың тонна, Ақтау теңіз порты – 2 581 мың тонна, Солтүстік терминал арқылы 544 мың тонна жүк тасымалданған. 10 айда фидерлік жүктерді ауыстырып-тиеу 10 611 контейнерлік бірлікке жетіп (жиырма футтық эквивалент), өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 2,1 есе өскен.
«Әуе жолы арқылы сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсету мақсатында Үкіметтің қолдауымен «FlyArystan» компаниясы «Ақтау-Алматы», «Ақтау-Нұр-Сұлтан», «Ақтау-Шымкент», «Ақтау-Атырау», «Ақтау-Қарағанды», «Ақтау-Орал» – 6 бағыт бойынша жаңа рейстерін ашты», деді ол.
Бұдан бөлек, Ақтауда ондаған жыл бойы шешімін таппаған мәселенің бірі – қоғамдық көліктердің жағдайы. Биыл қаладағы автобус парктерін жаңарту үшін 216,5 млн теңге бөлініп, отандық 18 автобус сатып алынды. Бұл жұмыс алдағы уақытта жалғасады.
Маңғыстауда «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында 26,3 млрд теңгенің 9 инфрақұрылымдық жобасы іске асырылып жатыр. Сондай-ақ халық көптен бері көтеріп жүрген мәселелердің бірі – қала және ауыл жолдарын күрделі жөндеуден өткізу болатын. Биыл осы мәселені шешуге мүмкіндік туды. Нәтижесінде, 10 айда 161 шақырымды қамтитын 2 жоба аясында автомобиль жолдарының реконструкциясы аяқталды. Оның ішінде 64 шақырымды құрайтын республикалық маңыздағы «Жетібай – Жаңаөзен», облыстық маңыздағы 97 шақырым «Ата жолы» автомобиль жолы бар.
Сондай-ақ биыл 477 шақырымды құрайтын облыстық және аудандық, ауылішілік жолдардың құрылысы мен орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
– «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының шеңберінде Бейнеу ауданында 44 көшеге, Маңғыстау ауданында 13 көшеге, Түпқараған ауданында 25 көшеге асфальт төселді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы Ақтау қаласының шағынауданішілік жолдары жөндеуден өтті. Атап айтқанда, 6 бірдей шағын аудандағы 136 мың шаршы метр жол жөнделді. Бұл да ақтаулықтардың көптен бері көтеріп жүрген мәселелерінің бірі еді, – деді әкім.
Маңғыстау – еліміздегі туризмді дамытуға қолайлы аймақтардың үздік ондығына кіреді. Ақтау қаласында жағажай туризмін, ал аудандарда эко-этнотуризмді дамытуға мүмкіндік зор. Өңірдегі туризмді өркендету мақсатында кешенді жоспар жасақталып, саланы жетілдіру бағыттары айқындалды. Осы жұмыстардың нәтижесінде биыл өңірімізге 117 мыңнан аса турист келген. Оның 67 мыңнан астамы шілде айында ашылған «Риксос Ақтау» қонақүй демалыс кешеніне келгендер. «Риксос Ақтау» жобасы Орталық Азиядағы курорттық типтес ең ірі отель. Бұл жоба аймақ туризмінің дамуына тың серпін берді.
– Биылғы 2-ші тоқсанда туризм саласында 1 млрд теңгенің қызметі көрсетілді, өңірге 177 мың турист келді. Ақтау қаласының «Жылы жағажай» теңіз курорттық аймағын инфрақұрылыммен қамту мақсатында Үкіметтің қолдауымен 17 млрд теңгеге 31 шақырым жол салынды. 2020 жылдың 1-жартысының қорытындысымен туризм саласына салынған инвестиция көлемі 68,7 млрд теңгені құрап, 3,7 есеге артты, – деді С.Трұмов.
Өңірде жылы жағажайда жобаларды іске асырудың екінші кезеңі басталды. Қазір салынады деп жоспарланған 5 қонақүйдің үшеуінің құрылысы басталып кетті. Жылы жағадайда жаңа қонақүйлер, гольф-клуб, тақырыптық ойын-сауық саябағын салу жоспарланған, жалпы жоба құны 1,2 млрд доллар.
Журналистерге арналған баспасөз конференциясында әкім коронавирустық инфекцияның екінші толқынына белсенді дайындық барысында аймақтағы медициналық ұйымдарда материалдық-техникалық базалардың барынша жасақталғанын айтты. Соңғы үлгідегі 200 төсектік орынмен жабдықталған модульдік стационар ашылды. Қосымша 11 инфекциялық стационар толығымен жабдықталып, резервте дайын тұр. Онда 2452 инфекциялық және 131 реанимациялық орын бар. 7 компьютерлік және 4 магнитті-резонансты томограф алынды. 2 жылжымалы медициналық кешен, 1 жылжымалы зертхана бар.
– Медициналық ұйымдар 260 ИВЛ аппараттарымен және 638 оттегі концентраторларымен толықтай қамтылды. Ең бастысы, облыстағы жедел жәрдем автопаркі 100 пайыз жаңарып, 85 санитарлық көлікпен толықты. Қазір Маңғыстауда жағдай тұрақты. «Жасыл» аймақтамыз. Облыс көлемінде арнайы мониторинг топтары құрылып, тамыз айынан бері 800-ге жуық рейдтік шаралар ұйымдастырылды. Осындай қатаң карантиндік шаралардың арқасында өңірдегі жағдайды бақылауда ұстап отырмыз, – деді С.Трұмов.
Маңғыстауда жеке тұрғын үй құрылысы мен мемлекеттік бағдарламалар тиімді жүргізілуде. Дәлірек айтқанда, көрсеткіш 13,5%-ға өсіп, 151,9 млрд теңгені құрады. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 1 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл шамамен 7400 пәтер. Жыл соңына дейін пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемін 1,2 млн шаршы метрге жеткізу жоспары бар. «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 154 отбасы баспаналы болды. Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолжетімді баспанамен қамту мақсатында 130 отбасына тұрғын үй сертификаты берілді. Жыл соңында тағы 419 отбасына пәтер беру жоспарлануда. Биыл Маңғыстауда жыл соңына дейін бірқатар инвестициялық және әлеуметтік нысандарды ашу жоспарланып отыр. Солардың бірі – Түпқараған ауданында жылына 5 мың тонна құс етін өндіретін ірі фабрика. Бұл 5 млрд теңгенің жобасы, 100-ге тарта адамды жұмыспен қамтиды. Сондай-ақ осы ауданда құрама жем зауыты, Жаңаөзенде газ өңдеу зауытына қажетті энергия өндіретін кәсіпорын, Жетібайда жел электрстансалары ашылады.
– Бұдан бөлек, құрылысы бірнеше жылға созылған онкологиялық диспансерді де аяқтап, пайдалануға береміз. Ақтауда жұқпалы аурулар ауруханасы, 900 орындық жаңа мектеп, кітапхана мен көпсалалы спорт кешенін ашып, халықтың игілігіне береміз, – деді облыс әкімі. Халық арасында кең талқыланып, маңғыстаулықтар үшін маңызды тақырыпқа айналған Бозжыра шатқалы маңынан салынатын қонақүй туралы түсінік берген облыс басшысы брифингте өзге де сауалдарға жауап берді.
Маңғыстау облысы