Әлемнің түрлі еліндегі табысты және бақытты адамдар «стресті қалай жеңуге болады?» деген сұраққа физикалық-белсенді өмір салтын ұстану деп жауап береді. Кейінгі жылдары Қазақстанда белсенді өмір салтын ұстанатын адамдардың саны артып келеді. Бүгінгі мақаламызда еліміздегі белсенді туризмнің ең кең таралған және қолжетімді бес бағыты, яғни тау және жаяу туризм, атпен жүру, велосаяхат және маунтинбайкинг туралы әңгімелейміз.
Таудан артық тек тау ғана
Туристік фирмалардан, сол сияқты жекелеген-гидтерден тауға саяхат ұйымдастырушыларды Алматы облысынан еш қиналмай таба аласыз. Өйткені бар жоғы жарты сағаттың ішінде мегаполистен тау етегіне топ ете қаласыз. Сондықтан да Алматыға жақын шетелден тәжірибесі мол альпинистер мен тау саяхатшылары көптеп келеді. Ал алматылық тұрғын үшін тауда серуендеу бұл – саяжайға бару сияқты қалыпты жағдайға айналып кеткелі қашан. Елімізде тау туризмі спорттық және әуесқойлық болып бөлінеді.
Тау туризмі – Алматы маңындағыдай ауқымды болмаса да, Шығыс Қазақстан мен Түркістан облыстарында да танымал. Шығыста әлемнің кез келген бұрышынан келген туристерді Алтай мен Сібірдің ең биік шыңы – жұмбаққа толы Мұзтау бірден баурап алады. Мұнда қарапайым, категориясыз жаяу серуендеуден бастап, арнайы альпинизм жабдықтарын пайдалану арқылы күрделі санатқа жататын сапар жасауға болады. Риддер қаласы да туристер арасында аса танымал. Бұл жақта негізінен Үш ағайынды және Ворошилов шыңына шығуға болады. Тек аймақтың қашықтығы ғана туристер ағынының көп болуына аздап кедергі келтіруі мүмкін, алайда кейінгі бірнеше жылда Шығыс Қазақстан облысында тау сапарларын ұйымдастыруға бағытталған бірнеше демалыс орындары ашылды.
Түркістан облысында Сайрам-Өгем мемлекеттік табиғи паркінің шатқалдарына туристік сапарлар ұсынылады. Қызмет көрсетумен айналысатын турфирмалар және бақса да ұйымдар негізінен Шымкент қаласында орналасқан. Сапарға шығу орындарын таңдауға Ontustik Tourism Center ақпараттық бюросының мамандары да көмектеседі. Айтпақшы, тау туризмі сіз үшін уақыт өте келе альпинизмге ұласуы мүмкін.
Жүре берсең – көре бересің
Жаяу бағыттар – әдетте әлемнің түрлі елдерінде жабайы, адам аяғы баспаған аумақтар арқылы өтеді. Адамдар өркениеттен алыстап, табиғатпен жақындасып, біртұтастай өмір сүріп көргісі келеді. Елімізде мұндай алыс, әдемі, жабайы орындар айтарлықтай көп. Ал бұл бағытта маманданған кәсіби гидтер немесе туристік фирмалар өкінішке қарай жеткіліксіз. Дегенмен бұл сізді қызықтырған табиғат объектісінің немесе ландшафтың орналасуына байланысты.
Еліміздің барлық облыстарында мәртебелеріне сәйкес көп, не аз мөлшерде (қорықтарда аз, ұлттық парктерде көп) туристік бағыттар жүргізілетін айрықша қорғалатын табиғи аумақтар бар (бұдан әрі – АҚТА).
Егер Қазақстанда 13 мемлекеттік ұлттық саябағы және 10 мемлекеттік табиғи қорық бар екенін ескерсек, онда жаяу сапарыңызға қайда баруыңызға болатыны жөніндегі таңдау өте ауқымды. Әрине, АҚТА-ларда туризмнің басқа да түрлері бар, алайда бәрінен бұрын жаяу турлар танымал, себебі олар қоршаған ортаға ең аз зиян тигізеді және мемлекет қорғауындағы аумақтарда жүруге ең қолайлы болып келеді. Дәл сондай танымал объектілердің барлығы орналасқан Айқай құм, Қатутау таулары, Ақтау ( «Алтын Емел» ұлттық паркі, Алматы облысы), Көлсай көлдері, Қайыңды көлі («Көлсай көлдері» ұлттық паркі, Алматы облысы), Шарын шатқалы және оның «Шетен орманы» (Шарын ұлттық паркі, Алматы облысы), Баянауыл ұлттық паркінің әдемі аласа таулары, жартастары мен көлдері (Павлодар облысы), «Жұмбақтас», «Оқжетпес», айналасын қарағайлы орман қоршаған көлдер – бұл Ақмола облысының табиғи байлығы – «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, Мұзтау, республиканың ірі ұлттық паркі – Катонқарағайдың (ШҚО) көптеген сарқырамалары, Сайрам-Өгем паркінің әсем шатқалдары (Түркістан облысы).
Мемлекеттік табиғи қорықтардан бірінші кезекте мыналарды атап өтуге болады: Марқакөл көлі (Марқакөл қорығы, ШҚО), Батыс Алтай қорығындағы «Тастағы ертегі» (ШҚО), Ақсу-Жабағылы қорығының шатқалдары да Дүниежүзілік мұра объектісі.
Жоғарыда аталған барлық мемлекетпен қорғалатын аумақтарда бірнеше (бестен онға дейін) туристік бағыттар бар. Ұлттық парктер мен қорықтардың деректерін табу еш қиындық туғызбайды, өйткені олардың әрбірінің өз вебсайттары бар.
Айтпақшы, парктегі немесе қорықтағы кез келген бағытқа сіз міндетті түрде гидпен бірге барасыз, өйткені сіздің саяхатыңызды ұмытылмастай әрі қауіпсіз етеді. Егер басқа аумақтарға жол тартсаңыз, өзіңізбен бірге спутниктік телефонға дейін барлық түрлі байланыс құралдарын алғаныңыз жөн, еліміздің шалғай өңірлерінде, сіз, шынында да өркениеттен алыс, инфрақұрылым мен ұялы байланыс жоқ жерлерде болып қалуыңыз мүмкін!
Атпен серуендеу
Жаяу бағыттардан атпен жүру сапарларына ауысу ақылға қонымды. Себебі айрықша қорғалатын табиғи аумақтарда атпен саяхаттау да кең таралған. Бұдан басқа бұл жерде туризмнің жаңа бағыты – агро-немесе ауылдық туризм туралы айта кеткен орынды. Ауыл-аймақтардағы бірінші қонақ үйлер Қазақстанда 15 жыл бұрын пайда болды десек те, кейінгі жылдары бұл бағыт қарқынды даму үстінде. Алматы, Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарында жаңа қонақүйлер салынып қана қоймай, бұл үйлердің қонақжай иелері ұсынатын қызметтер түрі де кеңейе түсуде. Ал ауылдық жерді атсыз елестетуге бола ма? Әрине, болмайды! Атпен саяхат – агротуризмнің ғажап түрлерінің бірі.
Бұдан басқа, атпен жүрудің бағыттарын түрлі туристік фирмалар ұсынады. Жетісу жайлауларында атты турлар сұранысқа ие. Қаладан алыс емес жерлерге де саяхат құруға болады. Мысалы, Үшқоңырға, сондай-ақ Қаскелең, Ақсай шатқалдарына. Егер уақыт мүмкіндік беретін болса, онда Алматыдан 200-300 шақырым алысқа баруға да болады, атпен саяхаттау бағыты басталатын жерге дейін автокөлікпен барып, әрі қарай атқа мініп кетуге болады. Ассы немесе Шалкөде жайлауларының керемет көріністерінен ләззат алуға болады.
Велосаяхат
Велосипед саяхаттауға арналған көлік түрі ретінде Қазақстанда танымал бола түсуде. Еліміздің кез келген өңірінде жергілікті қоғамдастықтар, велоәуесқой клубтары бар. Алайда олардың басым көпшілігі қалада немесе қала маңында велосипед «тебумен» шектеледі. Қалауыңызша солардың қатарына қосыла аласыз. Өмірге қажетті барлық жабдықтарды өзімен алып жүретін спорттық велотуристер бар. Бірақ біріншісі де, екіншісі де автомобильмен ілесіп жүріп, гидпен ақылы, толық қызмет ұсынатын тур ұйымдастыруға бейімделмеген. Мұндайға қабілетті компаниялар елімізде, өкінішке қарай көп емес, бірақ бар. Соның бірі Алматы қадасында орналасқан – «Велосипедпен саяхаттаушылар клубы». Десе де ұйым тек Алматы емес, Қазақстан бойынша да турлар ұйымдастырады.
Велотуризм тақырыбы ауқымды және шексіз. Атап айтқанда, оның бағыттарының бірі – маунтинбайкинг. Темір тұлпардың еріне мініп тауға тартып отырудың ең сенімді жолы турфирмаларды іздеу емес, өзіңіз тұратын өңірдегі велоқызығушылар қоғамдастықтарын тауып, солармен достасып әрі қарай бірге саяхаттау! Осылайша «Экстремальды атлетика» қоғамдық ұйымы (Алматы) тау велосипеді бойынша жарыстарды тұрақты түрде ұйымдастырып тұрады. Шындығында, мұндай старттар табиғаттағы белсенді демалысқа емес, оқиғалық туризмге жатады.