Кеше Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешов Жетісу өңіріне келген іссапарын индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен өткен жылы құрылысы басталған Іле ауданындағы “Жетіген-Қорғас” темір жол желісіндегі қолға алынған жұмыстармен танысудан бастады. “Индустрияландыру картасы” аясында облыста жалпы құны 1 трлн. 235 млрд. теңгені құрайтын 22 инвестициялық жобаны жүзеге асыру қарастырылған. Ағымдағы жылы жұмысы аяқталатын нысандардың тізіміне жалпы құны 15,9 млрд. теңге болатын 8 жоба енгізілген. Министр мен облыс әкімі Серік Үмбетов жалпы құны 165 млрд. теңге қаржы жұмсалып, 29 көпір, 2 жол сымдарын, 307 су өткізетін құбыр және басқа да жұмыстардың, Жетіген-Қорғас жаңа темір жол желісінің бүгінгі жайымен танысып, мамандармен пікірлесті.
Еліміздегі алыс-берістің күретамыры саналған темір жол құрылысында 5500 адам жұмыспен қамтылса, нысан іске қосылғанда 2077 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Қазір Жетіген стансасынан Құрөзекке дейінгі аралықта жұмыс қызу жалғасып, жоспарлы жұмыс белгіленген кезеңде іске асырылуда.
Ағымдағы жылғы сәуір айының біріне дейін аталған сегіз жоба бойынша 11,8 млрд. теңге қаржы игеріліпті. Осы күні Ә.Исекешев “Медиатекс- Н” бас киім тігетін фабрикада да болды. Сапар барысында журналистерге берген сұхбатында Ә.Исекешев облыстағы белгіленген жобалардың сәтті жүзеге асырылып жатқанын атап көрсетті.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.