Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен аталған Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған заң жобалары мақұлданды.
Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған құжаттар
Депутаттар бастамашы болған «Астық туралы» Қазақстан Республикасының заңына толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған, төтенше жағдай енгізілген кезде елді азық-түлік астығымен кепілді түрде қамтамасыз ету, сондай-ақ «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның мәртебесі мен рөлін заңнамалық тұрғыдан айқындау мақсатында әзірленді.
Құжатқа енгізілетін түзетулерде астықтың тұрақты жұмыс істейтін резерв қорын қалыптастыру арқылы елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін арттыру, соның нәтижесі ретінде ішкі астық нарығын тұрақтандыруға мүмкіндік беру қарастырылған. Заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Сергей Звольскийдің айтуынша, астықтың резерв қорын сақтауға республикалық бюджеттен шамамен 2,4 млрд теңге мөлшерінде қаражат керек.
Бұдан басқа, заң жобасында ұсынылып отырған жаңалықтар мал шаруашылығы мен құс шаруашылығы салаларына арналған жем-шөп базасын дамытуға, сондай-ақ тұқымдық және жемдік қорларды қалыптастыру арқылы жоғары сапалы тұқымдар өндірісінің көлемін ұлғайтуға бағытталған. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин жиын барысында сөз сөйлеп, «Астық туралы» заң жобасының маңызы туралы айтып берді.
– Соңғы кезде пандемияға байланысты көптеген мемлекеттер шектеу режімдерін енгізді. Сауда-экономикалық байланыстар азайды. Бұл жағдай, әрине азық-түлік мәселесіне де әсер етеді. Ал астық мәселесі – бірінші кезектегі әлеуметтік мәселе. Сондықтан осы заң жобасында қаралған астық қорларын сақтауды мемлекеттік қамтамасыз ету, осы саладағы оператордың мәртебесін анықтау туралы нормалар өте маңызды, бүгін өте керек, – деді Н.Нығматулин.
Сонымен қатар отырыста депутаттар ветеринария мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Мәжіліс депутаты Роман Кимнің айтуынша, заң жобасымен екі заңнамалық актіге – «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодекске және «Ветеринария туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отыр.
Заң жобасы арқылы ветеринарлық паспортты электронды форматта беру бойынша мемлекеттік қызмет көрсету мүмкіндігі іске асырылады. Көрсетілетін қызметті автоматтандыру бұрын қағаз форматта дайындауға жіберілетін бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді, адами фактордың әсерін жояды, осы құжатты беруді жеңілдетеді және алуды тездетеді.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудың алғышарттарын барынша азайту мақсатында заң жобасында мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық инспекторларға мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық бақылау және қадағалау жүргізу кезінде фото және бейнетүсірілімді жүзеге асыруға, сондай-ақ техникалық құралдарды (жабдықтарды, аспаптарды, өлшеу құралдарын, құрылғылар мен құралдарды) пайдалануға құқық беру ұсынылуда. Бұдан басқа, кеден заңнамасына өзгерістер көзделіп отыр.
Соған сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасында мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын кеден органдары мен мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық инспекторлар мен өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың өзара іс-қимыл жасау тәртібі қаржы және ауыл шаруашылығы салалары министрлерінің бірлескен актісі арқылы айқындалады.
Агроөнеркәсібін дамытуға бағытталған заң жобаларының қатарында «Мақта саласын дамыту туралы» Қазақстан Республикасы заңының күші жойылды деп тану және Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Заң қолданыста болған 13 жыл ішінде мақта қолхатын мақта өңдеу ұйымдары бірде-бір рет бермеген әрі банктер кепілдік қамтамасыз ету ретінде бірде-бір рет қабылдамаған. Осы себептен заңнамада көзделген мақта қолхаттарын қамтамасыз ету жөніндегі жүйе саланың субъектілері арасындағы кедергі келтіріп отыр. Ал бұл өз кезегінде саладан инвестициялар мен ақша қаражатының кетуіне және оның барлық негізгі көрсеткіштерінің төмендеуіне алып келеді.
Саланың тоқырауын туғызатын проблемалар мақта өсірушілердің, уәкілетті мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері мен Парламент депутаттарының қатысуымен әртүрлі диалог алаңдарында бірнеше рет талқыланды. Барлық дерлік мүдделі тараптар саланың тартымды болмауы оның шамадан тыс әрі тиімсіз реттелуінен туындап отыр деген пікірге тоқтады.
Осыған байланысты, саладағы проблемаларды заңнамалық тұрғыдан шешу мақсатында Парламент депутаттары осы заң жобасын әзірледі. Онда бір мезгілде қолданыстағы заңнаманың нормаларына тиісті өзгерістер енгізе отырып, салалық заңның күшін жою арқылы мақта қолхаттары жүйесін қайта реттеу ұсынылады. Сонымен қатар мақта қолхаттарын шығара отырып, қойма қызметі бойынша қызметтер көрсету жөніндегі мақта өңдеу ұйымдарының қызметін лицензиялау алып тасталады.
Індетпен күресуге қажет қаражат
Бұдан бөлек, жалпы отырыста депутаттар бірқатар ратификациялық заң жобаларын мақұлдады. Олар – Қазақстан мен Азия Даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімдер (COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі белсенді шаралар мен шығыстарды қолдау бағдарламасы). Аталған құжат жөнінде баяндама жасаған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, Президенттің 2020 жылғы 13 тамыздағы Жарлығына сәйкес, Азия Даму банкінен 908 млн 596 мың еуро қарыз алынады.
– Қарыз 2021 жылға арналған бюджет тапшылығын қаржыландыруға бағытталады. Бұл Қазақстан Республикасы Үкіметінің Covid-19 пандемиясының салдарымен күрес және экономиканы қалпына келтіру жөніндегі шараларын қолдауға мүмкіндік береді.
Өтеу мерзіміне қатысты қарыз екі бөлікке бөлінген. Қарыздың бір бөлігі – 454 млн 298 мың еуро, яғни жартысы 3 жылдық жеңілдік кезеңді қоса алғанда, 10 жыл мерзімге беріледі. Қалған 454 млн 298 мың еуро сомасындағы екінші жартысы 3 жылдық жеңілдік кезеңді қоса алғанда, 5 жыл мерзімге беріледі, – деді Е.Жамаубаев.
Ведомство басшының сөзіне сүйенсек, қарызды өтеу республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылмақ. Көрсетілген қаражатты тарту бюджеттің бекітілген тапшылығы жағдайында аса қажет.
Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасы мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі белсенді іс-шаралар мен шығыстарды қолдау бағдарламасы) ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы талқыланды.
Қаржы министрі Е.Жамаубаевтың сөзіне қарағанда, Президенттің 2020 жылғы 13 тамыздағы Жарлығына сәйкес, Қазақстан Республикасы мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімге қол қойылған. Оның сомасы 661 млн 800 мың еуроны құрайды.
– Қарыз 2021 жылға арналған бюджет тапшылығын қаржыландыруға бағытталады. Яғни Covid-19 пандемиясының салдарына қарсы күрес және экономиканы қалпына келтіру бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің іс-шараларын қолдауға мүмкіндік береді. Қарыз 3 жылдық жеңілдікті кезеңді қоса алғанда, 10 жыл өтеу мерзіміне беріледі. Сыйақы мөлшерлемесі ‒ Еурибор+0,50%.
Келісімде белгiленген қаржылық шарттарға сәйкес қарызға қызмет көрсетуді және оны өтеуді республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады. Көрсетілген қаражатты тарту бюджеттің бекітілген тапшылығы жағдайында өте маңызды. Бұл қаражат Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкінің пандемияға қарсы күрес жөніндегі арнайы бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасы үшін 2020 жылға резервтелген, – деді Е.Жамаубаев.
Сондай-ақ ратификацияланған құжаттар қатарында Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің арасында тасымалданатын тауарларды кедендік ресімдеудің және кедендік бақылаудың тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама бар.
Аталған құжат жөнінде де Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады. Ведомство басшысының айтуынша, заң жобасын ратификациялау тауарларды кедендік ресімдеу және кедендік бақылау тәртібіне тұжырымдамалық өзгерістер енгізуді көздемейді. Хаттама ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасында ынтымақтастықты кеңейтуге және тереңдетуге, ықпалдасуға және өзара көмек көрсетуге бағытталған.
– Хаттамаға 2019 жылғы 31 мамырда Ашхабад қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің премьер-министрлері қол қойды. 2011 жылғы 18 қазанда Санкт-Петербургте Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің жаңа Еркін сауда аймағы туралы шартқа қол қойылғаннан кейін заң жобасын әзірлеу қажеттігі туындады. Оның күшіне енуіне байланысты бірқатар халықаралық шарттар, оның ішінде 1994 жылғы 15 сәуірдегі Еркін сауда аймағын құру туралы келісім тоқтатылды. Сондықтан жоғарыда көрсетілген Шартқа сәйкес келтіру мақсатында Қатысушы мемлекеттердің арасында тасымалданатын тауарларды кедендік ресімдеудің және кедендік бақылаудың тәртібі туралы келісімнің кіріспесіне өзгеріс енгізіледі.
Екіншіден, жоғарыда көрсетілген Шартқа сәйкес келтіру және бірыңғай «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында тауарлардың шығарылған елін айқындау ережесін» белгілеу мақсатында Келісімнің 2-бабы 2009 жылғы 20 қарашадағы атауы осындай Ережеге сілтемемен толықтырылды.
Үшіншіден, Келісімнің 6-бабы жаңа редакцияда жазылды. Оның мәні – қажет болған жағдайда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекет өткізу пункттерінде бірлескен кедендік бақылауды және кедендік операцияларды жүзеге асыру үшін жағдай жасап береді. Бұл тауарлардың өтуін жеделдетуге мүмкіндік береді және кеден органдардың бақылау уақытын қысқартады, – деді министр.
Сенат енгізген түзету қабылданды
Жалпы отырыста Мәжіліс екінші оқылымда «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» және Мемлекет басшысының Жолдауында жекелеген ережелерін іске асыру мәселесіне қатысты заң жобаларын мақұлдады.
Осы құжаттар туралы баяндама жасаған депутат Снежанна Имашеваның айтуынша, заң жобасы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауының жекелеген ережелерін іске асыруға бағытталған.
– Заң жобасында лауазымдары қысқартылатын жауапты хатшылардың міндеттерін аппарат басшыларына жүктеу; бас бостандығынан айыру мерзімдерін ұлғайтуды, жазаны өтеу режімін күшейтуді, заңда көзделгеннен анағұрлым жеңіл жазаны қолдану құқығын, сондай-ақ жазаны өтеу кезеңінде оны жеңілдету құқығын алып тастауды және басқаларын қоса алғанда, кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстар үшін жазаны қатаңдату; квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінде қос азаматтық анықталған кезде оларға қатысты шара қолдану; сұйытылған мұнай газы саудасын электронды сауда алаңдарына көшіру мерзімдерін ұзарту ұсынылады. Заң жобасын талқылау кезінде депутаттар құқықтық коллизияларды болғызбауға бағытталған бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Сонымен қатар заң жобасының нормаларын бір-біріне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келтіру мақсатында заң жобасының бүкіл мәтіні бойынша редакциялық, нақтылаушы сипаттағы түзетулер енгізілді, – деді С.Имашева.
Депутаттың сөзіне сүйенсек, Мәжіліс комитеттері заң жобасы бойынша оң қорытындыларын берген. Осыларды ескере келе, С.Имашева заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, оны Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қарауына жіберуді ұсынды.
Сондай-ақ депутаттар Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және Экономикалық өсуді қалпына келтіру мен Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар арасында ауызсумен жабдықтауды субсидиялау жөніндегі өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелеріне қатысты заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдады. Сонымен қатар Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту және Кедендік реттеу туралы заң жобалары да екінші оқылымда мақұлданды.
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Салық кодексі мен «2021 – 2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларды қарады.
Осы құжатқа қатысты баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Татьяна Яковлева Сенат заң жобасына 39 түзету енгізгенін атап өтті. Түзетулер заң жобасының мәтініне енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға (3 түзету) және республикалық бюджеттің шығыс бөлігіне енгізілген өзгерістерге (36 түзету) байланысты. Мәжіліс депутаттары аталған толықтыруларды қолдады.
– Сенат енгізген түзетулер 2021 – 2023 жылдарға арналған республикалық бюджеттің негізгі параметрлерін өзгертпейді. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Қаржы және бюджет комитеті «2021 – 2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерістермен және толықтырулармен келісуді ұсынады, – деді Т. Яковлева.
Сондай-ақ Палата «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасымен жұмысты жалғастыру жөнінде бейінді комитеттің ұсынысымен келісті.
Жалпы отырыста Мәжіліс «Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу үшін Палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне жаңа ратификациялық заң жобасы бойынша қорытынды дайындау мерзімін тағайындады.
– Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші Факультативтік хаттамасына Қазақстан Республикасының ескертпесімен 2020 жылғы 23 қыркүйекте Нью-Йорк қаласында қол қойылған. Хаттама елімізде өлім жазасын жою жөніндегі халықаралық міндеттемелерді қабылдауына бағытталған. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті заң жобасы бойынша 2021 жылдың 23 маусымға дейінгі мерзімде қорытынды әзірлеуге дайын, – деді осы мәселе жөнінде баяндама жасаған депутат Мұхтар Ерман.
Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына өз сауалдарын жолдады.