Тамақ пісіруді тек әйелдерге тән жұмыс деп олардың міндетіне артып тастау дұрыс па, дұрыс емес пе?
Ер адамның жылы-жұмсақ пісірумен айналысуын нәпақа тауып, бала-шаға асырау үшін «әйелдің ісі, ердің күші» деп жұмысты «жынысқа» жіктемей, қолдан келген тірлікті жасау, сөйтіп, кәсіптің көзін табу дейміз бе, әйтеуір ешкім жақсы істі жоққа шығара алмайды. Қазір асханаларда тамақты дәмді етіп дайындауда анау-мынау әйелді жарты жолда қалдыратын бесаспап аспаз ерлер аз емес, тіпті мәртебелі тұлғалардың да жеке аспаздары көбіне ерлерден болып келеді.
Жаңаөзен қаласының тұрғыны Сәбит Қабыкеев 21 жасынан бастап тәтті торттар дайындайды. Осы кәсіпті қолға алуға тәттіге деген сүйіспеншілік басты себеп болған. Бүгінде ол әртүрлі торттардың құрамын әзірлеп, өзі атау береді.
– Торт пісіріп жүргеніме 6 жылдай болды. Қытайдағы оқуымды тастап елге оралып, бір жылдай жүріп, өзімнің бизнесімді бастадым. Тапсырыстарды әзірше үйде қабылдаймын. Бүгінде менен сабақ алған шәкірттерім де бар. Алдағы уақытта өз кондитерлік дүкенімді ашуды жоспарлап отырмын. Мақсатым – Жаңаөзен, Ақтау қалаларында кондитерлік студия ашып, кәсібімді кеңейту. Өсіп келе жатқан жастарды жұмысқа тартып, еңбекке баулығым келеді. Қазір өзгеше рецептермен 3 торт ойлап шығардым, дейді Сәбит Қабыкеев.
Сәбит Қабыкеевтің айтуынша, бір тортты әртүрлі жағынан жасап көріп, ерекше торттың рецептін ойлап тапқан. Оны дайындап, нақты құрамын анықтау үшін 2 айға жуық уақыт кеткен. Бүгінде өзі дайындаған тәттілеріне «Ай тәтті», «Үш сұлу» және «Аққу» деген ат қойған 27 жастағы кәсіпкер азамат болашақта жұмыссыз жүрген жастарға тегін түрде білім беріп, өзінің кондитерлік дүкеніне жұмысқа алуды мақсат тұтады.
Ал Сәбиттің торттарыннан дәм татып, оны өз дастарханынан көруге асыққан тұрғындар тек ризашылықтарын білдіруде.
Маңғыстау облысы