Сенатор Андрей Лукин «Нұрлы жер» қол жетімді тұрғын үй салу мемлекеттік бағдарламасын іске асыру көрсеткіштеріне күмәнданатынын жеткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Депутат «Нұрлы жерге» бөлінген қаражаттың 50%-дан астамы игерілмегеніне назар аударуын сұрап, Министрлер Кабинетінің басшысына сауал жолдады. Бағдарламаға 873,8 миллиард теңге бөлінсе, оның тек 476,8 миллиард теңгесі ғана жұмсалған. Ал тұрғын үй алғысы келетіндердің саны күн санап өсе беретіні заңды.
«Кезекте тұрғандардың ең көбі Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген, онда 45,2 мың адам, ал Алматы облысында 43,3 мың адам кезекте тұр», - деді Андрей Лукин.
Сонымен бірге, Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің мәліметтері бойынша 2017-2019 жылдар аралығында елімізде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 32,5 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Алайда, бұл мөлшер жеткіліксіз, деді сенатор, өйткені 500 мыңнан астам қазақстандық жеке пәтерлі боламыз деген үмітпен кезекте тұр. Тізімде негізінен әлеуметтік осал топ азаматтары, мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері және әскери қызметкерлер бар.
«Мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға бөлінген бюджеттік қаржы көлемін және олардың даму деңгейінің төмендігін, сондай-ақ азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің асыра бағаланған көрсеткіштерін ескере отырып, бөлінген қаржының пайдаланылуы, қолдануға берілген тұрғын үйдің бөлінуі және мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың санын азайтуға нақты әсері туралы ақпарат беруіңізді сұраймын», - деді Андрей Лукин.
Бүгінгі күні Қазақстанның тұрғын үй қорының ауданы 347,4 млн шаршы метрге, көп пәтерлі тұрғын үйлердің саны 78402 данаға жетті.