• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Қараша, 2020

Жаңа аудандағы жасампаз іс

319 рет
көрсетілді

Осыдан екі жыл бұрын Елбасы Жарлығымен қай­тадан құрылған Райымбек ауданы дамудың жаңа сатысына аяқ басты. Биыл өңірдегі халық саны қырық мыңнан асқан. Ауылға қала сағалап кеткен жастардың оралып жатқаны тіптен ерекше. Бүгінге дейін екі мыңға жуық жас маман Нарынқол ауылына табан тірепті.

Облыста Райымбек ауданын дамытуға тұрақты көңіл бөлініп келеді. Қайта жаңғырған аймақтағы 7 ауылдың жолын жөндеуге 1,6 млрд теңгеге қаржы бөлініп, ұзын­дығы 65 шақырым жол жөн­делген. Оның ішінде аудан орталығы Нарынқол ауылында жалпы ұзын­дығы 31,5 шақырым болатын кө­шелерге 795 млн теңгеге асфальт төселді. 8 тұрғын үймен бірік­ті­рілген учаскелік полиция пункті салынды.

Былтыр Жамбыл, Қақпақ ауыл­дарында дәрігерлік амбулато­рия­лар тұрғызылып, пайдалануға бе­рілген. Биыл 1,1 млрд теңгеге Қы­зылшекара, Жамбыл, Қақпақ ауыл­дарында ауыз су жү­йесі жасалып жатыр. Алдағы уа­­қытта тағы 7 ауыл сапалы ауыз­ сумен қамтылатын болады. 2018 жылдан бері 4 мектеп пен 2 бала­бақша күрделі жөндеуден өткенін де атап өткен ләзім. Тағы 3 мектепті күр­делі жөндеуден өткізуге жо­балық-сметалық құжаты дайын­далған.

Ел ішіндегі жағдай оңалғанын ауыл шаруашылығы саласының алға басуынан байқауға болады. Ауданда, әсіресе картоп өсі­ру ісі жақсы жолға қойылды. Об­лыс қаражаты есебінен 28 бір­лік трактор мен 111 бірлік ауыл ша­руашылығы техникасы, 236 тон­на голландиялық «Сантэ» және «Агрия» картоп тұқымдары сатып алынған. Инвестициялық жо­­ба­­ның аясында 4 сервистік-да­йындау орталығы құрылды.  Соның нәтижесінде картопты әр гектарынан 300 центнерден өнім алуға қол жеткізілді.

Өңірдің рухани жаңғыруы да қарқынды. Келер жылы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығын өткізу жоспарда бар. Осы орайда Қарасаз ауылындағы Мәдениет үйіне, Мұқағали Мақа­таевтың әдеби-мемориалды му­зейіне жөндеу жұмыстары жүр­гізілді.

Жалпы, биыл аудан тұрғын­дары игілігіне бірнеше әлеуметтік нысан мен қызмет көрсету ғи­­мараттары, Нарынқол ауылында қырықтан астам тұрғын үй қол­данысқа берілді. Сонымен қа­тар «Азаматтарға арналған үкі­мет» жəне аудандық прокуратура ғимараттары іске қосылды.

– Шекараның шебінде, облыс­тың шетінде қайта шаңырақ кө­терген Райымбек ауданының жа­ңарып, көркейіп келе жатқаны көңіл қуантады. Елбасы Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаевтың Жар­лығымен қайта құрылғаннан бері аудандағы халық саны өсіп, 40 мыңға жуықтады. Соның ішінде екі мыңнан аса адам туған жеріне қайта оралды. Ауданның дамуына, инфрақұрылымын қалпына келтіруге бюджеттен 17,9 млрд теңге қаржы жұмсалды. Жолдары жасалып, көшелеріне асфальт тө­селіп, жаңа ғимараттар салынды. Басқа да игіліктердің барлығы жасалуда. Соның ішінде бірінші кезекте, ауданға жұмыс істеуге келген қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешіп келеміз. Міне, салынып жат­қан 83 коммуналдық тұрғын үйдің алғашқы кезегін қолданысқа беріп отырмыз, – дейді облыс әкімі Амандық Баталов.

Айтпақшы, ауданда салынып­ жатқан денешынықтыру-са­уық­ты­ру кешені де жыл соңына қарай аяқ­талуы тиіс. Оның алаңы – 4257 шаршы метр. Кешенді «Фуд МС» компаниясы салуда. Құрылыс жұ­­мыс­тарына қазір 87 адам тар­тылған.

 

Алматы облысы