• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Парламент 27 Қараша, 2020

Жаңартылатын энергияның үлесі артады

101 рет
көрсетілді

Кеше Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады.

 

Зейнетақымен қамсыздандыру мәселесі реттеледі

Жоғарыда аталған құжат жаңарты­латын энергия көздеріне қолдау көр­сетуге арналған. Еліміздің сыртқы көз­дерге энергетикалық тәуелділігін де төмендетеді. Бұл электр энергиясының арзандауына септігін тигізіп, тұтынушылар үшін қолайлы жағдай туғызады. Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Шавхат Өтемісовтің айтуынша, құжатта бірқатар жаңалық қарастырылған. Біріншіден, электр стан­саларының маневрлік қуатын арттыру жоспарда бар. Сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін қолдауға «өтпелі та­риф» белгіленбек.

«Жаңартылатын энергетиканы дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау көзделген. Бұл мақсатта ұсынылып отырған шаралардың қатарында жаңар­ты­латын энергия көздерінің электр энергия­сын сатып алуға арналған келісім­шарттың қолданылу мерзімін 15 жылдан 20 жылға дейін ұлғайту ұсынылады. Ол инвесторға аукциондық сауда-саттықта неғұрлым төмен тарифтерді ұсынуға жағдай жасайды. Бұл өз кезегінде тұты­нушылардың шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді», деді депутат.

Заң жобасындағы келесі жаңашылдық артық энергияны қаржы-есеп айырысу орталығы арқылы сатып алу және қайта сату болмақ. Осыған байланысты гидроэлектрстансаларының артық электр энергиясын «КЕГОК» акционерлік қоға­мына қарайтын қаржы-есеп орталы­ғына сату міндетін заңнамалық түрде бекіту ұсынылады. Құжат туралы пікір білдірген Сенат Төрағасы заң жобасында жаңартылатын энергияны дамыту үшін қолайлы жағдайлар мен тетік­тер көрсетілгенін атап өтті. «Арзан, таза, тұрақты және заманауи энергия көздеріне жалпыға бірдей қолжетімді етудің маңызы зор. Соған сәйкес елімізде жаңартылатын көздерден алынатын энергияның үлесін арттыру көзделіп отыр. Осы орайда, бүгін қабылданған заң елімізде жаңартылатын көздерден алынатын энергияны өндіру мен қолдануды ынталандырумен қатар, қоршаған ортаны қорғауға да үлесін қосатыны сөзсіз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат депутаттары «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қарады. Бұл келісім Одақтың қай елінде жұмыс істесе де еңбекшілерді зейнетақымен қамту сол мемлекеттің азаматтарымен тең жағдайда жүргізілуін көздейді. Заң бойынша әр мемлекет өз аумағында жұмыс істеген кезең үшін төлейді деп қарастырылған.

«Еуразиялық экономикалық одақ ту­ралы шартта зейнетақымен қамсыз­дандыру мәселесін реттеу мақсатында жеке халықаралық шарт әзірлеу көзделген. Осыған байланысты тиісті келісім әзірленіп, 2019 жылдың 20 желтоқсанында мемлекеттер басшылары қол қойды. Аталған келісімнің негізгі мақсаты – жұмысқа орналастырушы мемлекет өз азаматтарына тарайтын жағдайларда және тәртіппен еңбекшілердің зейнетақы құқықтарын қалыптастыру, сақтау және іске асыру, еңбекшілердің зейнетақыларын тағайындауға және экспорттауға байланысты мәселелерді шешу, сондай-ақ мүше мемлекеттер арасында зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы ынтымақ­тастықты нығайту», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде әртүрлі зейнетақы жүйесі қалыптасқан. Мысалы, Беларусьта жинақтаушы зейнет­ақы жүйесі жоқ. Басқа елдерде жинақ­таушы жүйелері әртүрлі. Зейнет­ақы жүйелерін қаржыландыру және зей­нетақы қаражатын бөлу тәсілдерінде де айырмашылық бар. Бұдан басқа зейнетақы жүйелері құрылымдық жағынан, яғни зейнеткерлік жасы, мөлшері, еңбек өтілі және басқа да параметрлер бойынша ерекшеленеді.

«Қазіргі уақытта тұрақты тұратын шетелдік азаматтар үшін зейнетақымен қамсыздандыру мәселесі реттелген. Ал жұмыс мақсатында уақытша келген еңбекшілер үшін бұл мәселе реттелмеген күйде қалып отыр. Сондықтан аталған келісімнің күшіне енуі еңбекшілердің зейнетақы саласындағы мәселелерін реттеуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, жұмысқа орналастырушы мемлекеттің азаматтары мен еңбекшілердің тең құқықтары қамтамасыз етіледі. Әр мемлекет өз аумағында жұмыс өтілі кезеңдері үшін зейнетақы төлейтін болады. Әрбір мүше мемлекет зейнетақы алу құқығын айқындап, оның мөлшерін өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес есептейді», деді Б.Нұрымбетов.

 

Жол сапасы алаңдатады

Палатаның жалпы отырысында ал­ты депутаттық сауал жолданды. Сенат Төрағасының орынбасары Нұр­лан Әбдіров және сенаторлар Рысқа­ли Әбдікеров пен Сергей Ершов еліміз­дегі маңызды автожолдардың сапасына, сондай-ақ осы саладағы өзекті пробле­маларға Үкімет басшысының назарын аударды. Депутаттар сауалында жыл сайын жолдардың жөнделуі мен күтімі үшін бөлінетін қомақты қаражат та сөз болды.

Қазіргі таңда автожол саласында ең жиі кездесетін мәселелердің бірі – жүк автомобильдерінің шамадан тыс жүк тасуы. Бұл жаңадан салынған жолдардың мерзімінен бұрын бұзылуына алып келеді. Статитикаға жүгінсек, еліміздегі жолдардың 9,3 пайызы ғана 10 тоннадан астам жүктемені қабылдай алады. Ал жалпы жолдардың 90,7 пайызы жүк көліктерінің ең төменгі салмағына да төтеп бере алмайды. Оған қоса, сапасы жағынан қауіпті санатта тұр.

Заңға сәйкес жалпы қолданыстағы автожолдар арқылы жүк көлігімен 25 тоннадан астам жүк тасымалдауға тыйым салынған. Алайда депутаттар келтірген ақпарат бойынша осы жолдармен 40 тоннаға дейінгі жүкті тасымалдау толастамай тұр.

«Бұл проблемаға тосқауыл болатын бақылаушы органға баса мән беру қажет. Мысалы, елімізде 95 мың 600 шақырым болатын автомобиль жолы бар. Көліктік бақылау инспекциясының жалпы штат саны 278 маманды құрайды, көліктік бақылау бекеттерінің саны – 53. Демек, бір Көліктік бақылау бекеті шамамен 2 мың шақырым автомобиль жолын назарда ұстау керек. Бұл, әрине, автомобиль жолдарын толыққанды бақылау үшін жеткіліксіз», дейді сенаторлар.

Осыған байланысты депутаттар ауыр жүк тасымалдаушы көліктерді тексеру мен бақылауды күшейтуді және жүк тасымалдау фактілерін (техпаспорт негізінде, өлшеусіз) тексеру құқығын полицияға да беру мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Сондай-ақ сауал барысында облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын салу, жөндеу жұмыстары кезінде заманауи инновациялық технологияларды кеңінен қолдануды талап етудің қажеттілігі де айтылды.

Сенатор Бекболат Орынбеков аудандық маңызы бар моно және шағын қалаларға жұмыс істеу үшін келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесін көтерді. Ол бұл туралы еліміздің Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында айтты.

Бүгінде ауылдық елді мекендерге жұ­мыс істеуге және тұруға келген әлеуметтік сала мамандарын қолдауға бағыт­талған «Дипломмен – ауылға!» жобасы іске асырылып келеді. Жобаның бас­ты мақ­саты – ауылдық елді мекендердегі кадр тапшылығын шешу. Дегенмен аталған бағдарламаны аудандық маңызы бар моно және шағын қалаларда жүзеге асыруда бірқатар өзекті мәселелер бар. «Аталған қалаларға жұмыс істеуге немесе тұруға келген әлеуметтік сала ма­ман­дарына қолдау көрсету шаралары жүргізілмеуде. Қазіргі уақытта Қазақ­стан Республикасы бойынша 27 моно­қалада 1,5 млн адам және 42 шағын қалада 1 млн адам тұрады, оның ішінде 69 аудандық маңызы бар қалаларда 2,5 млн адам тұрады», деді Бекболат Орынбеков.

Мұндай жағдай Жамбыл облысындағы аудан орталықтары болып есептелетін Жаңатас, Қаратау, Шу қалаларында кездеседі. Сенатордың айтуынша, осы қалаларға жұмысқа орналасқан жас мамандар барлық әлеуметтік көмектен шет қалып отыр. Бұл жағдай жергілікті жерде кадр тапшылығының одан әрі ұлғаюына әкеледі. Сенатор аталған мәселені шешу үшін Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығында көрсетілген талаптарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет екенін айтты.

 

Цифрландыру мәселесі шешілмей тұр

Нұртөре Жүсіп Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған депутаттық сауалында кітапханалар мен архивтердегі цифрландыру жағдайына назар аударды. Сенатордың айтуынша, бүгінде отандық кітапханалар мен мұрағаттарда құжаттар мен жазбаларды сақтау ісіне жеткілікті көңіл бөлінбейді. Тіпті елордадағы Ұлттық архивке қарасты Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығында қолжазбалар мен сирек кітаптар сақтайтын жер өте тар. «Қор көбейген сайын, ғимаратқа сыймай барады. Орталықтың ғимараты еуропалық талаптарға мүлдем сай емес. Оның үстіне, көрермендерге арнап дайындаған көрмесі де кішкентай. Сондықтан кітап қоры көбейген сайын орталықта ғылыми сараптамалық топты ұлғайту керек», деді Нұртөре Жүсіп.

Сауал барысында сенатор елімізде реставрация саласын жетілдіру, осы бағытта маман даярлау, аймақтардағы архивтердің жағдайын жақсарту мәселелеріне де назар аударды. Сонымен қатар ол кітаптар мен құжаттарды цифр­ландыру ісі көңіл көншітпейтінін айтты. Сенатор бұл мәселелерді Мәдениет және спорт министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі бірлесе қолға алып, жетілдіру керектігін сөз етті. Сондай-ақ елімізде қолжазбалар, сирек кітаптар, басқа да құнды құжаттарды цифрландырып, олардың қолжетімділігін қамтамасыз ету және халықтың қажетіне жарату қажет екенін атап өтті.

Сенатор Ақмарал Әлназарова Қазақ­станда толық балалардың көбейіп бара жат­қаны туралы айтты. Депутат Министр­лер кабинетінің басшысының атына жол­даған сауалында жағымсыз жағдай­дың себептері туралы айтты.

«Қазақстандағы балалар майлы, қанты мен тұзы көп өнімдердің көлемді маркетингінің ықпалында қалғанын мойындау керек. Бұл біздің балаларды ауқымды маркетинг әсерінен қорғау және шектеу қажеттігін көрсетеді», деді сенатор.

Сенатор Андрей Лукин «Нұрлы жер» қолжетімді тұрғын үй салу мемле­кеттік бағдарламасын іске асыру көрсет­кіштеріне күмәнданатынын жеткізді. Депутат «Нұрлы жерге» бөлінген қара­жаттың 50 пайыздан астамы игеріл­мегеніне назар аударуын сұрап, Үкімет басшысына сауал жолдады. Бағдарламаға 873,8 млрд теңге бөлінсе, оның тек 476,8 млрд теңгесі ғана жұмсалған. Ал тұрғын үй алғысы келетіндердің саны күн санап өсе беретіні заңды.

«Мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға бөлінген бюджеттік қаржы көлемін және олардың даму деңгейінің төмендігін, сондай-ақ азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің асыра бағаланған көрсеткіштерін ескере отырып, бөлінген қаржының пайдаланылуы, қолдануға берілген тұрғын үйдің бөлінуі және мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың санын азайтуға нақты әсері туралы ақпарат беруіңізді сұраймын», деді Андрей Лукин.

Сенатор Бақытжат Жұмағұлов Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында Жетісу жерінде, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, тарихы тереңнен тамыр тартатын Қапал ауылының бүгінгі жай-күйіне қатысты мәселе көтерді. Ол Қапалдың іргесі бекініс ретінде 1847 жылы қаланғанымен, шежіресі сонау Түркі дәуіріне, Қимақ мемлекетіне барып тірелетінін айта келіп, Қазақстанның қасиетті жерлерінің картасы дайындалып жатқан қазіргі кезде осындай сан ғасырлық тарихы бар орындар ескерусіз қалмаса екен деген ұсынысын жеткізді.

Сонымен қатар сенатор бекініс ретінде салына бастаған кезеңде, яғни осыдан екі ғасыр бұрын тұрғызылған нысандарды сақтап қалу мәселесіне де назар аударды.

«Осыдан екі жүз жыл бұрын Тянь-Шяньнің шыршасынан қаншама үйлер салынды. Олар күні кешеге дейін сәулет өнерінің үлгісіндей болып сақталып келіп еді. Бірақ бүгінде XIX ғасырдың ескерткіші болып саналатын қос қабатты үйлердің бет жағы ғана сақталыпты. Ескі екі мешіт үйі қараусыз қалып, құлаған. Ауылдың рухани орталығы болған ақын Сара мен Фатима Ғабитова музейлерінің ізі де жоқ. Ондағы құнды экспонаттар қайда?» деген Бақытжан Жұмағұлов бұл жергілікті халықтың жанайқайы екенін айтты.

Осыған орай сенатор Премьер-Министрден сәулетшілер, тарихшылар, әдебиетшілер, этнографтардан тұратын арнайы комиссия құруды, Қапал ауылының мәдени-тарихи ескерткіштерін қорғау үшін тиісті шаралар қабылдауды және оларды Үкімет қорғауындағы санаттар қатарына қосуды сұрады.