Бүгін Қызылорда облысында САРАТС-2 – "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау" жобасының аясында Қоғамдық тыңдау өтті. Аталған шара Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің бастамасымен ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz
Шараға Комитет төрағасы Мұрат Бақтиярұлы, сенатор Ақмарал Әлназарова, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы, жергілікті атқарушы органдардың, ірі күріш шаруашылықтарының басшылары,белгілі су мамандары, қоғам белсенділері қатысты.
Қоғамдық тыңдау жұмысына төрағалық еткен Мұрат Бақтиярұлы өз сөзінде САРАТС-1 – ғасыр жобасы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен жүзеге асып, Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал еткенін атап өтті.
"САРАТС-1 жобасының жүзеге асырылуының нәтижесінде Сырдария өзеніне және Солтүстік Арал теңізіне құйылатын судың көлемі көбейіп, өңірдегі көптеген биологиялық түр қалпына келіп, суармалы жерлердің сумен қамтамасыз етілуі жақсартылды. Бұл өз кезегінде көлемі 20-30 мың гектардан асатын бірнеше ірі көлдердің қалпына келуіне, балық шаруашылығының дамуына мүмкіндік беріп отыр. Теңізде бұрын жоғалып кеткен балықтың 13 түрі қайта көрініс тапты, балық аулау көлемі 400 тоннадан 6 мың тоннаға жетті. Теңіз Арал қаласына 75 шақырымнан 17 шақырымға дейін жақындады", деді Мұрат Бақтиярұлы.
Қоғамдық тыңдауға қатысушылар Солтүстік Арал теңізінің бөгетін ұлғайтудың бірқатар нұсқаларын талқыға салды. Сенатор Мұрат Бақтиярұлы бұл бағытта ортақ шешімге келіп, нақты іске көшетін уақыт жеткенін айтты.
"Техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу барысында компьютерлік модельдеу жасау арқылы Солтүстік Арал теңізінің аумағын ұлғайтудың бір немесе екі деңгейлі нұсқалары бойынша түпкілікті шешім қабылдауды қажет деп пайымдаймыз. Осыған байланысты, Дүниежүзілік Банктің гранты есебінен жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуді жеделдету қажеттігін ұсынамыз. Бүгінгі күні Арал өңірінің халқы осы жобаның жақын арада іске асатындығына үміт артып отыр", деді сенатор.
Өз сөзінде Мұрат Бақтиярұлы облыста су қоймаларын салудың аса өзекті екеніне де назар аудартты.
"Қызылорда облысында қысқы тасқын су жинақтау үшін су жинау көлемі 2,3 млрд текше метр болатын 6 су қоймасын салу жобаларының құжаттамалары әзірленуде. Соның ішінде, биыл су жинау көлемі 600 млн текше метр болатын "Күміскеткен" және көлемі 775 млн текше метр су жинайтын "Қараөзек" су қоймаларының жобалау сметалық құжаттамалары әзірленетін болады. Сондықтан, 2021 жылдан бастап құрылыс жұмыстарын бастауды қажет етеді. Аталған жобалар жүзеге асырылған жағдайда, жоғары тұрған мемлекеттерден суға деген тәуелдікті азайтып, ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндіктер берер еді", деді Мұрат Бақтиярұлы.