Жол-көлік оқиғаларының деректеріне сәйкес, Алаш тасжолы мен Уәлиханов көшесі және Сейфуллин көшесі мен Уәлиханов көшелері қиылыстары жол-көлік оқиғалары жиі болады. Сейфуллин көшесі мен Уәлиханов көшесі қиылысындағы сол жақ бұрылыстарға тыйым салу және екі қиылыста да маршруттық автобустар үшін бөлінген бұрылысты енгізу, сондай-ақ диагональды жаяу жүргіншілер өткелін жайластыру туралы шешім қабылданды.
Қиылыста диагональды ауысуды енгізудің нәтижесінде көлік-жаяу жүргінші қақтығысы мәселесі шешіліп, бұл жаяу жүргіншілердің соқтығысу жағдайларын едәуір азайтты.
«Сонымен қатар көлік құралдарының қиындықсыз бұрылуы осы қиылыста айналмалы қозғалыстың өткізу қабілетін арттырды. Сол жақ бұрылыстарға тыйым салу және қоғамдық көлікке бөлінген бұрылысты ұйымдастыру арқылы қиылыстардың өткізу қабілеті мен қоғамдық көліктің өткізгіштігі артты. Маңызды факторлардың тағы бірі – жүргізуші құрамының біліктілігін көтеру. Мәселен, біліктілікті арттыру орталығында түрлі бағдарламалар бойынша 7,5 мыңнан аса жүргізуші мен 2,5 мың ЖАТЭЖ (кондукторлар) консультанттары оқытылды. Маршруттық желі бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижесі бойынша автобус тасымалдау қызметінің сапасы артты. Жүргізушілер арасындағы «жарыс», аялдама пункттерінде ұзақ тұру, аялдама пункттерінен тоқтамай өтуі, жүргізушілердің дөрекілігі сияқты бұзушылықтар іс жүзінде нөлге дейін азайтылды. Қоғамдық көлікті пайдаланатын тұрғындардың үлесі 50%-ға дейін артты. Автобус паркі 80%-ға жаңартылды. 400-ден аса ескірген автобус пайдаланудан шығарылды), 838 жаңа автобус сатып алынды, оның 100-і электробустар», дейді City Transportation Systems компаниясының мамандары.
Сатып алынған автобустар елорданың климаттық жағдайларына бейімделген (қос әйнектеу, күшейтілген жылыту және ауа баптау жүйесі), автобустардың едені төмен және мүгедектерге арналған пандустары бар, барлық жүйемен жабдықталған: бейнебақылау, диспетчерлеу, ақпараттандыру және жол ақысын төлеудің электронды жүйесі. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қоғамдық көліктің барлығы жолақысын төлеудің электронды жүйесіне көшті.
Әлемнің жетекші қалаларының үлгісімен азаматтарды қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға көшуге ынталандыру бойынша 2018 жылғы 21 шілдеден бастап сараланған тариф енгізілді. Онда қолма-қол ақшамен төлеу, қолма-қол ақшасыз тәсілмен төлеуге қарағанда екі есе қымбат болды. Осы ретте көлік картасымен төлеуден басқа, төлемнің баламалы түрлері іске қосылды. Бұл – SMS-хабарламалар, QR-кодтар, түрлі қосымшалар арқылы төлеу. Бүгінде жол жүрудің қолма-қол ақшасыз төлемінің үлесі 100%-ды құрайды, ал 2019 жылы бұл көрсеткіш 97%-ға тең болды. Бұл жүйені енгізу оң нәтиже берді, оның арқасында тасымалдаушылардың шығыс пен кірістер сомасының ашықтығын арттыруға, барлық жүргізушіні кәсіпорындар штатына көшіруге және жол жарыстарынан құтылуға, кестелердің сақталуын арттыруға мүмкіндік туды. Пандемия кезеңінде штаттағы жүргізушілердің нақты саны 1 425 адамды құрайды, бұл – 2018 жылмен салыстырғанда 30%-ға артық.
Экономикалық тұрғыдан алғанда, бұл жүйе көлеңкелі айналымның үлесін барынша қысқартуға, салық түсімдерін 40%-ға ұлғайтуға және бюджеттік қаржыландыруды жоспарлаудың нақты тетігін алуға мүмкіндік берді. Жолақысын төлеудің электронды жүйесін енгізу, қызмет көрсету және талдау жүргізу үшін компанияның базасында арнайы бөлімше жұмыс істейді. Сонымен қатар олар жеңілдік санаттары бар азаматтарға арналған карточкаларды беру мен қызмет көрсету жұмыстарымен айналысады.
Елордада азаматтардың 6 санаты, сондай-ақ көлік картасы бар 18 жасқа дейінгі барлық балалар тегін жол жүруге құқылы.
Бүгінде елорда көшелерінде жалпы ұзындығы 77 шақырымды құрайтын 24 учаскеде бөлінген жолақтардың қаңқасы қалыптастырылды. Арнайы жолақтарды енгізу тиімділігі орта есеппен кемінде 14%-ды құрады. Жедел жәрдем көліктері, өрт сөндіру және төтенше жағдайлар техникасы, сондай-ақ ресми такси қызметтерінің машиналары белгіленген жолақтарда еркін жүре алады. Бұл аталған қызметтердің көлік құралдарының қатысуымен болатын ЖКО санын айтарлықтай азайтуға және көмекке келу уақытын қысқартуға мүмкіндік берді. Интеллектуалды көлік жүйесінің 2-кезегін жүзеге асыру аясында аялдама пунктіне автобустардың келу уақыты туралы ақпараттандырудың 186 таблосы орнатылды.
Сонымен қатар 6 қолжетімді қосымшаларда автобустардың орналасқан жерін онлайн режімде көруге болады. Олар – 2GIS, Astrabus, Яндекс транспорт, Senim, SmartAstana, BusTime сияқты танымал қосымшалар. Маршруттық желілер мен автобустардың тұрақты жаңғыртылуын, цифрлы технологияларды енгізуді, үздік әлемдік практикаларды қолдана отырып, қаланың ЖҚҰ өзгерістерді ескере отырып, көлік мамандарына біліктілікті арттыру орталығында тиісті оқыту жүргізілуде.
Оқытудың негізгі мақсаты – жүргізушілердің мәдениетін, олардың кәсібилігі мен қызмет көрсету сапасын арттыру, көлік саласындағы білімді өзектендіру. 2020 жылы 635 жүргізуші және 393 басқа да қоғамдық көлік мамандары (1 028 адам) оқудан өтті.
«iKomek 109» бірыңғай байланыс орталығы – елорданың коммуналдық кәсіпорындарының барлық байланыс орталықтарын біріктіретін және қала тұрғындарымен үнемі байланыста болатын, 24/7 режімінде жұмыс істейтін бірыңғай жүйе. Соның арқасында елорда тұрғындарынан өтініштері мен ұсыныстары талданады.
Спорт мәдениетін дамыту мақсатында 2014 жылдан бастап елордада Astana Bike велопрокатының жобасы іске асырылды. Осы жылы бұл жоба CTS компаниясының басқаруына берілді, оның шеңберінде келесі жұмыстар жүргізілді. Дәлірек айтсақ, Velobike.kz ресми сайт қайта жасалды, сайтта тікелей онлайн тіркеу, онлайн толтыру және төлеу функциялары 24 сағаттық режімде енгізілді, iKomek операторлары тартылды, мониторинг үшін ТБО камералары мен КБД қызметкерлері жұмылдырылады. Осы жаңалықтардың барлығы бұл қызметтің айтарлықтай өсуіне ықпал етті және нәтижесінде пайдаланушылар саны 2 есе өсті. Іске қосылған сәттен бастап жүйеде 14,2 мыңнан аса жаңа пайдаланушы тіркелді, 14 мың абонемент сатып алынды, ал велосипедті пайдаланушылардың жалпы жүріп өткен жолы 1,6 млн км құрады.
Келесі жылы велостансалардың санын 25 бірлікке, ал велосипедтерді 300 бірлікке ұлғайту жоспарлануда.