Disney студиясының қазақ тіліне дубляждаған «Мулан» анимациялық фильмінің премьерасы 17 желтоқсанда өтеді. Айта кетейік, бұл – отандық кинопрокат мемлекеттік тілде шығатын 35-ші кинотуынды.
«Мулан» мультфильмінің алғашқы ремейкі 1998 жылы әлемдік прокатқа шыққан болатын. Ал қазақ тіліндегі кезекті фильм онлайн-кинотеатрларда жақын арада шығады деп жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Голливуд киностудияларының отбасымен көруге арналған фильмдерін мемлекеттік тілге «Болашақ» корпоративтік қоры мен «Меломан» компаниясы дубляждайды. Осы игі жоба арқылы қазақ тілі Disney студиясының 39-шы тілі және Sony Pictures студиясының 7-ші тілі болыпты. Сондай-ақ дубляж саласының 203 маманы біліктіліктерін арттырған. Ал «Мулан» кинотуындысының дубляжына «BI Group» компаниясы демеушілік көрсетті.
«Бір айдан кейін біз дубляждаған 35-ші мерейтойлық фильм кинотеатрларда шығады деп үміттенеміз. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әлемге әйгілі студиялардың контентін дубляждау мүмкіндігін қарастырып жатқанына қуандық. Біз осыдан тоғыз жыл бұрын, яғни 2011 жылы Disney киностудиясымен ынтымақтастығымызды бастаған едік. Осы жылдар ішінде Disney, Sony Pictures, Marvel, Lucas Films, Bazelevs және басқа да студиялардың 35 фильміне дубляж жасадық. Жоба Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың алғыс хатымен белгіленді. Жобаның басты құндылығы – балаларымыз өздерінің ана тілінде ең жақсы шетелдік анимациялық фильмдерді тамашаласа екен», деді «Болашақ» корпоративтік қоры Қамқоршылар кеңесінің төрайымы Динара Шайжүнісова. «Біз әлемнің жетекші кинокомпанияларымен көпжылдық ынтымақтастық тәжірибемізді мемлекеттік органдармен, республикалық телеарналармен және барлық ниет білдірушілермен бөлісуге дайынбыз», деді ол.