Тұңғыш Президент күні аясында Yessenov University-де 6 жаңа спорттық ашық алаңдарының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Аталған шараға Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мен Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері, аталған университеттің түлегі, маңғыстаулық боксшы Әділбек Ниязымбетов қатысып, алаңның лентасын қиды. Қала әкімі футбол добына автограф жазып, білім ордасына естелікке қалдырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алаңнын жалпы аумағы 4880 шаршы метрді құрайды және алаңда 2 футбол алаңы, 2 теннис корты, 1 баскетбол, 1 воллейбол алаңы жасақталған. Ашық алаң 6 ай уақыт ішінде салынған болатын.
-Бүгін тұңғыш Президент күніне орай университетімізде жаңа алаңдар ашылып жатыр. Елбасымыздың дені сау, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырудағы ой-пікірлерін жақсы білесіздер. Ал университетімізде спорт мамандығы бойынша мыңға жуық студент білім алады. Сол себепті Елбасы алдымызға қойған тапсырмаларды орындаумен бірге, студенттеріміздің тәжірибесін арттыру үшін мүмкіндік жасап отырмыз, дейді университет ректоры Берік Бақытжанұлы Ахметов.