• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
17 Сәуір, 2010

ЖЕМҚОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ БӘСЕҢДЕМЕЙ ОТЫР

532 рет
көрсетілді

“Нұр Отан” ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің 14-ші отырысында Қаржы министрлігіндегі жемқорлыққа қарсы жұмыстың жай-күйі мен орындалу барысы туралы мәселе қаралды. Қазақстанның барлық аймақтарымен бейнеконференция форматында ұйымдас­тырылған шараға Қаржы министрлігі өкілдері, Бас прокуратура қызметкерлері, билік партиясының аймақтық филиалдарының және министрліктің аумақтық құрылымдарының басшылары қатысты. Парламент Сенатының депутаты, Қоғамдық кеңес төрағасы Оралбай Әбі­кәрімовтің төрағалығымен өткен шара­да ал­ғаш­қы болып баяндама жасаған Қаржы министрі Болат Жәмішев атқарылған жұ­мыс­тарға қарамастан, Қаржы министрлі­гінің жүйесінде әлі де болса елеулі кемші­ліктердің орын алып отырғанын атап ­өтті. “Біз мұны жақсы түсінеміз және жауап­кер­шілікпен қараймыз”, деді Қаржы ми­нистрі. Оның айтуынша, бүгінгі таңда министрлік және оның комитеттері қабылдаған сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жолын кесу, түбегейлі жою жөніндегі шаралар жеткіліксіз болып отырған көрінеді. Сонымен қатар, ол 2009 жылдың қоры­тындысы бойынша сыбайлас жемқор­лық құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылған мемлекеттік қызметшілер саны жағынан Қаржы министрлігі 4-орында, ал мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзу фактілерінің саны жағынан 12-ші орында тұрғанын айтты. Парламент Мәжілісінің депутаты, атал­ған кеңес мүшесі Нұрлан Әбдіров Қаржы министрлігі тарапынан жүзеге асырылған іс-шараларға қарамастан, жем­қорлық іс-әрекеттердің бәсеңдемей отыр­ғанын атап көрсетті. “Мәселен, 2009 жылы 108 сыбай­лас жемқорлық іс-әрекеттері орын алды. Бұл 2008 жылмен салыс­тырғанда 13 пайыз­ға артық. Бұл, әсіресе, орталық мем­лекеттік органдардағы жем­қор­лық көрсет­кішінің жоғарылағанын байқатады. Кеден органдарында ол 62-ге, ал салық орган­дарында 36-ға жеткен”, деді Нұрлан Мәжитұлы өз сөзінде. Жиын барысында, сондай-ақ, жем­қор­лыққа қатысты жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері шығарылды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.