Тұңғыш Президент күні қарсаңында елордада «Nur Otan» партиясына салтанатты қабылдау өтті. Билеуші партияның қатарына түрлі қызмет салаларындағы белсенді және талантты қазақстандықтар қосылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Партияның баспасөз қызметінің мәліметінше, «Nur Otan» партиясына бүгін барлығы 1,5 мыңға жуық азамат кірген.
Партияның жаңа мүшелеріне партия билеттерін табыстай отырып, «Nur Otan» Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні – Елбасының мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуындағы ерекше рөлін айшықтаудың белгісі екенін атап өтті.
«Елбасының мұқалмас ерік-жігері мен қайсар қажырлығы біздің бәріміз үшін де, болашақ ұрпақ үшін де әрдайым Отанға қызмет етудің теңдессіз үлгісі болады. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шешімімен еліміз үшін аса маңызды іргелі істер жүзеге асты: шекарамыз шегенделіп, жаңа елордамыз бой түзеді. Семей полигонын жабу, этносаралық келісімді қамтамасыз ету, нарықтық экономика мен заманауи инфрақұрылымды қалыптастыру, демографиялық дағдарысты еңсеру сияқты және басқа да көптеген мәселелер шешілді», – деді Бауыржан Байбек.
Оның айтуынша, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың және халықтың қолдауының арқасында «Nur Otan» партиясы уақыт талабына сәйкес өмірлік маңызды реформалар жүргізіп отырған еліміздің жетекші саяси күшіне айналды.
«Елбасы атап өткендей, «Nur Otan» партиясы әрқашан негізгі үш қағиданы басшылыққа алады және оны берік ұстанады. Бұл – жауапкершілік, бірлік және ортақ мақсатқа деген адалдық. Біз алдағы сайлау науқанына тыңғылықты дайындалдық. Әр өңір, қала және аудандағы әлеуметтік-экономикалық ахуалды талдау негізінде сайлауалды бағдарламалардың 216 жобасы әзірленді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыра отырып, праймериз барысында халықтан 20 мыңға жуық талап-тілек жиналды. Олардың басым бөлігі партияның алдағы бес жылдық «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасына енгізілді. Алға қойған мақсаттар мен міндеттерді сапалы жүзеге асыру партияның әрбір мүшесіне байланысты», – деп атап өтті Бауыржан Байбек.
Бүгін «Nur Otan» партиясының қатарына кіргендердің арасында травматолог-дәрігер, жоғары санатты ортопед Олжас Бекарысов бар. Ол пандемия кезінде адамдарға қол ұшын созып, ел игілігі үшін жұмыс істейтіндердің қатарында болғысы келетіндіктен де партия қатарын толықтырғанын атап өтті.
Ал заңгер Анар Құсайынованың айтуынша, оның партияға кіру себебі адамдарға көмектесуге деген ниетімен байланысты.
«2017 жылы ұлым заңсыз сотталып, қиын жағдайға тап болды. Қаншама жерге жүгінсем де нәтиже болмады. Содан кейін «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінен көмек сұрадым. Партия қолдауымен ұйымдастырылған көптеген кездесулердің нәтижесінде іс қайта қолға алынды. Сондықтан да мен партияға саналы түрде, шын ықыласыммен мүше болдым. Осы жерде өзім сияқты азаматтардың өмірін жақсы жаққа өзгерткісі келетін мұраттас жандарды кездестірдім. Менің адам құқықтары саласындағы көпжылдық тәжірибем де кәдеге жарайды деп үміттенемін», – деді ол.
«Мен Қарағанды облысының тумасымын. 23 жастамын, әкем мен атам сияқты шахтер болып жұмыс істеймін. Шахтер болып еңбек ету барлық уақытта да күрделі және қауіпті кәсіп болды. Біз еңбек пен өмірдің нақты құнын білеміз, сондай-ақ, әдемі сөздерге емес, нақты істерге ғана сенеміз. Праймериз кезінде мен Шахтинск қаласына арналған партия бағдарламасымен таныстым. Мен осы іске араласып, өз қалама пайдасы тиетін азамат болғым келеді. Сондықтан да партияға кіруді жөн көрдім», – деді Бауыржан Айтмағамбетов.
Сондай-ақ «Bizbirgemiz» республикалық акциясының белсенді қатысушысы, инженер Данияр Дүкенбаев, Көкшетау қаласының тумасы, ғалым, «агрономия» мамандығы бойынша PHD докторы Марден Байдалин, мәдениет өкілі Асхат Мәден, Ақмола облысы Зеренді ауылының спортшысы Светлана Прокопьева, заң консультанттары палатасының мүшесі Жанар Досетова, Көкшетау қаласынан информатика пәнінің мұғалімі Нияз Талғатұлы және Шымкент қаласының жастар ісі жөніндегі университет комитетінің төрайымы Айдана Айнабек партия билеттерін алды.