• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 01 Желтоқсан, 2020

Иранда тағы да тыныштық бұзылды

883 рет
көрсетілді

Иранда ядролық физика саласының маманы Мохсен Фахризадеге қастандық жасалды. Елдің қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Абсард қаласының маңында ғалым мінген көлікке белгісіз біреулер оқ жаудырған. Қақтығыс салдарынан жарақат алған ғалым ауру­ханада көз жұмды. Бұл оқиға Таяу Шығыстағы күрделі ахуалды одан са­йын ширықтырып жіберді.

Түрлі бұқаралық ақпарат құралдарында тараған ақпарат­қа сүйенсек, ғалым мінген көлік­ке біреулер қапыда шабуыл жаса­ған. Сол арада М.Фах­ри­за­денің қорғаушылары мен лаңкестер арасында атыс болып, ғалым жарақат алған. Ғ­а­лым­ды ауруханаға дер кезін­де жеткізгеніне қарамастан, дәрі­гер­лер оның өмірін сақтап қала алмады. Әзірге қастандық­ты кімнің ұйымдастырғаны белгісіз.

«Бүгін лаңкестер қорғаныс министрлігі жанындағы зерттеу және инновация орталығының басшысы Мохсен Фахризадеге шабуыл жасады. Өкінішке қарай, дәрігерлер оны құтқара алмады, бірнеше минут бұрын ол қайтыс болды» делінген қорғаныс министрлігінің хабарламасында.

Жалпы, М.Фахризаденің өмірі құпияға толы. Ол туралы ақпарат жоқтың қасы. Батыстың барлаушылары оны Ирандағы ядролық қаруды жасау бағдарламасының басты жетекшісі деп есептейді. Бірақ Тегеран билігі мұның бәрін жоққа шығарады.

Иран ядролық қаруды игеруге талпынып жатқаны туралы әңгіме шыққанда Фахризаденің есімі де қоса айтылып қалған-ды. Ел билігі оған қатысты мәліметті құпия ұстауға тырыс­қанымен, БҰҰ-ның кей сарапшылары оны Тегеран билігінің атом бомбасын жасауына зор үлес қосқан ғалым  ретінде санайды.

Фахризаденің құпиясы көп екені мынадан-ақ аңғарылады. Ол ешқашан қоғамдық орын­дар­ға барып, телеарналардан көрінген емес. Тіпті көпші­лік оның түрін де танымайды. Әйтсе де, 2015 жылы МАГАТЭ-нің Иран билігінің уранды игеруге қатыс­ты зерттеуінде оның есімі кезігіп қалады. Ұйымның пайымдауынша, ол AMAD жоспары деп аталатын бағдарламада лауазымды қызмет атқарған.

Иран тарапы Фахризаде деген адамның қор­ғаныс саласында жұмыс істейтінін бірнеше жыл бұрын ғана мойындаған болатын. Дегенмен, оның қан­дай да бір ядролық бағдарла­маға қатысы жоқ деп мәлім­деді. Енді, ғалым қаза тапқан­нан кейін Иранның қорғаныс министрлігі оны ве­домствоға қарасты Зерттеу және инновация ұйымының бас­шысы қызметін атқарды деп хабарлады.

Ғалымға қастандық жасал­ған оқиғадан кейін Иран­ның көсемі Али Хусейни Хаменей елдің алдағы бірінші міндеті өлтіруге тапсырма бергендер мен оны орындағандардан кек алуға арналатынын мәлімдеді.

Ел президенті Хасан Рухани бұл қастандықты жасағандар тиісті жауап беретінін айтса да, ғалымды өлтіру арқы­лы Иранды орға жығуды көздей­тіндердің әре­кеті жүзеге аспайтынын мә­л­ім­деді.

«Иранның жаулары мынаны білуі тиіс. Иран халқы мен басшылығы бұл қастан­дық әрекетті жауапсыз қалдыр­майды. Уақыты келгенде олар жауап береді», деді Х.Рухани.

Иран сыртқы істер министрі Джавад Зариф әлеуметтік желіде бұл Израильдің ісі деп мәлімдеді. «Террористер бүгін ирандық танымал ғалымды өлтірді. Из­раильге нұсқайтын бұл қорқақ­тық әрекет жасаудың амалы қал­мағанын көрсетеді. Иран халық­аралық қоғамдастықты, әсіресе Еуропалық одақты екі­жүз­ділікті тоқтатып, бұл тер­рорлық әре­кетті айыптауға ша­қы­рады», деп жазды Зариф туит­тердегі парақ­шасында.

Ал Еуропалық одақтың бас­пасөз бөлімі таратқан мәлім­де­меге сүйенсек, ұйым Фахриза­денің өлімін қылмыстық әрекет деп танып, Еуропалық одақ қол­дайтын адам құқығының прин­циптеріне қарсы келетінін жеткізді. Сонымен қатар тараптарды сабырға шақырып, төзімділік көрсетуге үндеді.

«Мұндай қиын кезеңде бүкіл тараптың сабырға келіп, ешкімнің мүддесіне сай кел­мейтін қақты­ғыс­қа жол бермес үшін төзім­ділік танытудың маңызы зор», делінген мәлім­демеде.

Қатардың сыртқы істер ми­нистрі шейх Мұхаммед бин Абдулрахман әл-Тани ирандық әріптесі Джавад Зарифпен телефон арқылы тілдесіп, ғалымды өлтіруді қатаң айыптайтынын жеткізді.

«Мұндай әрекет өңірдегі елдер мен халықаралық қоғам­дас­тық шиеленістің әсерін бәсең­де­тіп, келіссөз үстеліне отыруға үн­деп жатқан қиын кезеңде отқа май құйғандай әсер етеді», деді ол.

Түркия парламентінің төр­ағасы Мұстафа Шентоп туит­тер­дегі парақшасында ға­лымды өлтір­гендерді террористер деп атады. «Иран ғалы­мына қастан­дық жасау террорлық әрекет. Оны заңды не заңсыз ұйым­дар немесе мем­лекет жасаса да, айыр­машы­лығы жоқ. Терро­ризм әр­дайым терроризм, оны жа­саған да террорист. Біз бұған қар­сымыз», деп жазды М.Шентоп.

Ирандық ғалымның қазаға ұшырауы онсыз да күйіп тұр­ған Таяу Шығыстағы ахуал­ды күр­делендіре түсті. Өйт­кені көптеген бұқаралық ақ­парат құралдары қастандық­ты ұйымдастыр­ған Из­раиль деген әңгіме айта бастады. Кейінгі кезде ресми Тель-Авивтің бірқатар араб елімен дипломатиялық қарым-қаты­нас орнатқанын ескерсек, бұл оқиғаға онсыз да ызалы Иранның әбден қитығына тигені айтпаса да түсінікті.

The New York Times газеті­нің хабарлауынша, АҚШ-тағы беделді қызметкерлердің бірі бұл шабуылдың артында Израиль тұрғанын жеткізген. Сондай-ақ бұл пікірді барлау қызметінің тағы екі қызмет­кері де қостады. Басылым АҚШ-тың шабуыл туралы қаншалықты хабардар болғаны белгісіз екенін айтады.

Фахризадеге қастандық жа­сал­ғаннан кейін оған тапсырыс берген АҚШ болуы мүмкін деген әңгіме шыққан еді. Бұған себеп жетерлік. Естеріңізде болса, жыл басында АҚШ-тың жасаған әуе соққысынан Ирандағы беделді тұлғалардың бірі, генерал Касем Сулеймани қаза тапты. Осы оқиғадан кейін Иран тарапы К.Сулейманидің өлімі үшін кек алатынын мәлімдеген-ді. Сөйтіп Ирактағы АҚШ базаларын баллистикалық зымыранмен атқылады.

CNN арнасының пайым­дауынша, ғалымды өлтіру АҚШ-қа қажет емес. Өйткені Иран­мен арадағы ядролық қару жөнін­дегі келісімді бұз­ған президент Дональд Трамп қаңтарда өкілет­тігін тапсырады. Ал жаңа сайланған Джо Байден келі­сімді қайта қарауға әзір екенін мәлімдеді. Ендеше, АҚШ жатқан жылан­ның құйрығын баспайтыны түсінікті. Агенттік бүкіл деректер кінәні Израильге нұс­қайды деп хабарлады.

Қорыта айтқанда, Мохсен Фахризаденің өлімі Иранды да, әлемді де дүр сілкінтіп өтті. Ко­ро­навирус індетінен әбден зар­дап шеккен Иран үшін бұл оқиға  ауыр тигені анық.