SpaceX компаниясы ғарышқа тағы 60 спутник аттандырды. Бұл жолы жер серіктері 25 қарашада Флорида штатындағы ғарыш айлағынан Falcon 9 Block 5 зымыран тасығышы арқылы көкке көтерілді.
Айта кетерлігі, бұл – SpaceX компаниясының ғарышқа аттандырған 100-ші «сәлемдемесі». Биыл компания 23 мәрте ғарышқа зымыран ұшырып үлгерді. Сондай-ақ бұл сапардың тағы бір ерекшелігі мынада. SpaceX зымыран тасығышты қайта пайдалануды мақсат етіп, осы бағытта жұмыс істегені есімізде. Компания ақыры көздегеніне жетіп, зымыран тасығышты жерге аман-есен қондырды. Бұл жолы осындай тәсіл арқылы бір зымыран тасығыш 7-мәрте қолданылып отыр.
Филантроп Илон Маск жетекшілік ететін компания алдағы бірнеше жыл көлемінде жер-жаһанды тегін интернетпен қамтамасыз етпек. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін SpaceX компаниясы Starlink жобасы аясында 12 мың спутник ұшыруды көздеп отыр. Осы жолғы сапардан кейін ғарыштағы Starlink жер серіктерінің саны 955-ке жетті. Starlink жобасы аясында алғаш рет 2018 жылдың 10 қыркүйегінде спутник ұшырылған еді.
Илон Маск жыл соңында бүкіл Солтүстік Америка құрлығы жаңа жобаның жемісін көретінін айтады. Жалпы, SpaceX компаниясы Starlink жобасын 2027 жылға дейін аяқтауды көздеп отыр.