• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
02 Желтоқсан, 2013

Бір Отан! Бір тағдыр! Бір Елбасы!

3647 рет
көрсетілді

Республика жұртшылығы еліміздегі Тұңғыш Президент күнін кеңінен атап өтті

Астана

Кеше Астана қаласының тұрғындары және қонақтары Тұңғыш Президент күні мемлекеттік мерекесін осымен екінші рет ерекше кең көлемде атап өтті.

Астана

Кеше Астана қаласының тұрғындары және қонақтары Тұңғыш Президент күні мемлекеттік мерекесін осымен екінші рет ерекше кең көлемде атап өтті.

Айтулы күннің құрметіне бас қаламызда көптеген мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Бұл ретте «Бір ел – Бір Елбасы – Бір тағдыр!» атты ауқымды шараны ерекше атап өткен жөн. Өткен жылы бұл шара бұқаралық спорт тақырыбына арналса, биылғы жылы оның ұраны – «Қазақстан-2050» Стратегиясы болды. Тұңғыш Президент күні Астанадағы «Сарыарқа» велотрегіне бүкіл Қазақстаннан 9 мыңнан астам студент жиналды. Бұл шараның шырқау шегі 550 биші қатысқан би болды. Олар өздерінің билері арқылы еліміздің символдарын өрнектеді.

Тұңғыш Президент күні мерекесі аясында елордадағы перзентханаларда дүниеге келген сәбилерді құттықтау шараларын ұйымдастыру дәстүрге айналды. Қалалық перзентхананың бас дәрігері Елена Тихомированың айтуынша, күніне орта есеппен бас қалада 25 сәби дүниеге келеді екен. Биыл 1 желтоқсан күні түске дейін 8 сәби, 5 қыз, 3 ұл дүниеге келіпті. Астана қаласында бала туу деңгейі жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, 2010 жылы 16 444 сәби дүниеге келсе, 2012 жылы 21 266 астаналық нәресте өмір есігін ашқан. Ал 2013 жылдың 10 айы ішінде 18 871 сәби дүниеге келді. Қазір елорданың әрбір төртінші тұрғыны бала болып табылады.

Астананың концерт залдары мен мәдени орталықтарында көптеген мерекелік концерттер өтті. Атап айтқанда, «Қазақстан» орталық концерт залында Тұңғыш Президент күні Р.Рымбаева, Н.Үсенбаева, «МузАрт» тобы сияқты өнер дүлдүлдерінің қатысуымен «Ән қанатындағы арман» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды.

ЖылқыбайЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«ЕгеменҚазақстан».

Тараз

1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай ұйымдастырылған мәдени іс-шаралар шеруі «Баласағұн» орталық концерт залында «Бір ел – Бір Елбасы – Бір тағдыр!» атты облыстық патриоттық форуммен басталды. Форумға жиналған көпшіліктің Қазақ елі Әнұраны – «Менің Қазақстанымды» бірге қосылып айтуы жамбылдықтардың бойындағы патриоттық сезімді оятып, көңілдерін ғажайып әсерге бөлесе, өнерлі жастардың өр дауысымен шырқалған «Жаса, қазағым!» әнінің қайырмасындағы «Жаса, жаса, қазақ тілім! Жаса, жаса, ғажап дінім! Баянды боп, азат күнің, Бағың таймасын! Жаса, жаса, рухты халқым! Жаса, жаса, құтты салтым! Айдан асып мықты даңқың, Жаның жайнасын!» деген қайырмасы концерт залын жаңғырықтырды.

Осы тақырып аясында өткен жастар акциясы да, әскери-техникалық мектебі взводының «Мәңгілік алау» қасына барып Отан алдындағы ант қабылдау рәсімін жасауы да жастардың Отан, ел, жер қорғау тұрғысындағы қаһармандық сезімін арттыра түскен ғибратты іс-шараға айналды.

«Баласағұн» орталық концерттік залына лық толы көрермен жинап, өздерінің ел аңсаған әндері мен әуендерін әуелете әуездеткен Алтынбек Қоразбаев пен «Меломен» тобының концерті мерекеге өте тамаша тартулардың бірі болды. Сондай-ақ, Алматы қаласынан келген Корей орталығы мен Қытай орталығы өнерпаздарының концерттік бағдарламасы да мереке мәнін аша түсті. Ал «халықтық» деген атақты қорғауға арналған облыс көркемөнерпаздар ұжымдарының бәсекесі өз лайықтыларын анықтады.

КөсемәліСӘТТІБАЙҰЛЫ,

«ЕгеменҚазақстан».

Орал

Өңірде Тұңғыш Президент күніне арналған шаралар шоғыры бір апта бұрын басталып кеткен еді. Осындай шоқтығы биік шараның бірі қазақ драма театрында өткізілген «Н.Ә.Назарбаев: инновациялық Қазақстан – жаһандық сын-қатер­лерге жауаптар» атты ғылыми-тәжірибелік конферен­ция болды.

Осы орайда Орал өңірінде өткізілген шара­лар­дың ауқымы мейлінше жан-жақты терең, түрі мен мазмұны бірін-бірі байытып, толықтырып жібергенін қадап айтуға болады.

Атап айтқанда, «Мен – Қазақстанның болашағына басымды тіккен адаммын» және «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» тақырыптарындағы дөңгелек үстелдер мен пікірсайыстар, флэшмобтар мен патриоттар форумы тақырыптық кештер мен концерттер, облыс студенттері арасында өткізілген «Дара тұлға» атты интеллектуалды ойын осы сөзіміздің дәлелі.

Ал облыстың Ресеймен шекаралас аудандарында Тұңғыш Президент күніне арналған іс-шаралар халықаралық деңгейде өрістеді. Бұған Тасқала кентінде Саратов губерниясы, Озинки ауданы делегациясының қатысуымен өткізілген басқосу куә. Сондай-ақ, шалғайдағы Бөкей ордасы ауданында волейболдан өткізілген турнирге де осындай сипат тән болды.

– Менің ойымша, Тұңғыш Президент күнінің мәнісі тереңде. Жылдар өтер, қазақстандық қоғам келесі жүз жылдыққа да қадам басар. Ғасырлар биігіне көз тастағанда, бәрібір тәуелсіз мемлекетті өз қолымен құрған Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың тарихи рөлі мен орны бөлек, – дейді тарихшы, ел ақсақалы Жайсаң Ақбай.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан».

Көкшетау

Көгілдір Көкшетау ақ ұлпа қарға малынып тұр. Табиғат нұрына бөленген көңілдері де көтеріңкі. Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президент күнін мерекелеудің сәні де, мәні де бөлек көрінді. Желтоқсанның алғашқы күнінде қаланың Абай атындағы көркем көшесінің Бұқпа тауына қойнаулай енетін төрінде «Менің Қазақстаным!» тарихи-тәлімдік монументальді кешені ашылды. Қаумалаған қалың жұрт құтты болсын айтқан 30 метрлік тутұғырдың негіздемесі сегіз бұрышты стелладан тұрады. Ал оның төменгі бөлігіндегі төрт сәнді композициялық құрылым Қазақстанның әлемнің төрт бұрышымен тату көршілік және ынтымақты байланысқа ашық екендігін бейнелейді...

Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхаметов құттықтау сөзімен ашқан салтанатта Президентті тұңғыш ұлықтау рәсіміне қатысушы, денсаулық сақтау орталығы облыстық филиалының директоры Баян Ысқақова, Тәуелсіздік құрдасы, А.Мырзахметов атындағы университеттің үздік студенті Нұрсұлтан Төлеубаев Тұңғыш Президент күнінің маңызы, Елбасы саясатының салиқалылығы жайында толғам пікірлерін білдірді.

Салтанат «Көкшетау» мәдениет сарайындағы «Елбасы мәртебесі – ел мерейі» форумымен жалғасты. Өңір басшысы Қосман Айтмұхаметовтің баяндамасынан кейін Парламент Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев, «Родина» агрофирмасы» ЖШС бас директоры Иван Сауэр, қаладағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Дина Хамзе астаналық облыс тұрғындарын мерейлі мерекемен құттықтады.

Шара барысында мектеп оқушылары арасындағы «Қазақтың Тұңғыш Президенті» облыстық байқауының қорытындысы шығарылса, республикамыздың айтулы мерекесі аудан орталықтарында, ауылдарда кеңінен аталып өтті. Жұртшылық әлеуметтік-экономикалық бағыттағы жаңа нысандардың ашылуына куә болып, 300-ден астам мәдени-көпшілік шараларға қатысты.

Бақберген АМАЛБЕК,

«Егемен Қазақстан».

Атырау

Мұнайлы өңір тұрғындары Тұңғыш Президент күніне арналған мерекелік шараларды тамашалау үшін ел азаттығын аңсаған Исатаймен Махамбет батырлардың еңселі ескерткіші орнатылған орталық алаңға жиналды. Мұнда жергілікті уақытпен сағат 11.00-де көркемөнерпаздардың қатысуымен әдеби-сазды бағдарлама басталды. Бағдарлама аясында облыстық, республикалық ән байқауларынан оза шауып, бәйге алған өнерпаздар тәуелсіз Қазақстан, туған ел, туған жерге махаббатты оятқан әсерлі әндерді орындады. Мың бұралған бишілер де жұртшылықты өнерімен тәнті етті.

Бұл күні мұндай мерекелік әдеби-сазды бағдарламалар өңірдің барлық аудандарында, әр округтерде де жалғасын тапты. Мәселен, Қызылқоға ауданында «Асқақтай бер елімнің мәртебесі!» атты патриоттық әндер байқауы қорытындыланды. Ал, Индер ауданының орталығы – Индербор кентіндегі Махамбет көшесінде орналасқан №18 және 20 үйлердің жанынан балалар алаңы, Елтай ауылдық округінде күрделі жөндеуден өткізілген Мәдениет үйі ашылды. Махамбет ауданындағы мұражайда «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» тақырыбында кездесу кеші ұйымдастырылды.

Атырау қаласы мен Мақат ауданында дойбыдан спорттық жарыстар мәреге жетті. Сонымен бірге, өңір орталығындағы әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылардағы және ата-ана аялы алақаны мен қамқорлығына зәру балалар Х.Доспанова атындағы мұз сарайында конькимен тегін сырғанады. Бұл шараға осындай санаттардағы 100 бала қатысты. Осы топтағы балалардың бір тобы облыстық тарихи-өлкетану және Ш.Сариев атындағы көркемсурет, қолданбалы сәндік өнер мұражайларына саяхаттады.

Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,

«Егемен Қазақстан».

Ақтөбе

Тұңғыш Президент күні Ақтөбеде қы­лаулап қар жауып, ақтөбеліктердің Елбасына деген ақ ниетіндей әсерге бөледі. Облыс тұрғындары мерекеге толымды табыс­тармен, көтеріңкі көңіл күймен келді. 180 мил­лион теңгеге қайта жарақтандырылған 240 орындық №42 «Айналайын» балабақшасының салтанатты ашылуына арнайы келген облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жиналғандарды Тұңғыш Президент күні мерекесімен құттықтады.

Өңір басшысы «Болашақ» ауданындағы 150 орындық Құрашасай орта мектебінің салтанатты ашылуына қатысып, лентасын қиды. «Геолог» мәдениет үйінде «Елін сүйген Ел Аға, Нұр сыйлаған халқына» әдеби-музыкалы композициялық кеш, қала маңындағы Сазды ауылындағы Мәдениет үйінде «Президент және жастар» атты жергілікті мекеме қызметкерлері мен жастар арасында кездесу сағаты өткізілді. Облыстық «Достық» үйінде этномәдени бірлестіктер арасында өткен «Мәдениет үндестігі» – «Созвучие культур» халықаралық фестиваліне осындағы 18 этномәдени бірлестіктердің және Батыс Қазақстан мен Ресейдің Орынбор облыстарының өнерпаздары ән шырқап, би биледі.

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Менің Тұңғыш Президентім» тақырыбында кітап көрмесі, облыстық «Руханият» музейінде оқушылар арасында шығарма жазу байқауы, 2000-2001 жылдары туған жасөспірімдер арасында футболдан турнир ұйымдастырылды.

Мерекелік ахуал аудандарда да түрлі көпшілік мәдени-спорттық шаралармен жалғасты. Яғни, бұл күні барлық аудан орта­лық­тарында және елді мекендерде Тұңғыш Президент күні кең көлемдегі мерекелік шаралармен атап өтілді.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Қызылорда

Тұңғыш Президент күні қарсаңында Қызылорда қаласында «Республикалық балаларды оңалту орталығының» филиа­лы ашылды. Аталған медициналық мекемеде неврологиялық ақаулы мүгедек балалар емделеді. Бөлімше заманауи қондырғылармен жабдықталған. Соңғы 5 жылда өңірдегі мүгедек балалар саны 1,1 есеге өскендіктен, осындай орталықтың ашылуы керек-тін. Аталған мекеменің арқасында мүмкіндігі шектеулі балаларға жылына екі реттен ем алуға мүмкіндік туды. Нәтижесінде бір жылда 600 бала емделе алады. Сонымен қатар, жаңадан 50 жұмыс орны ашылды.

Бүгінде бүкілхалықтық сипатқа ие болған мереке қарсаңында облыс орталығында 24 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Баспана кезекте тұрған халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен жетім балаларға берілді. Мерекелік шараға облыс басшысы Қырымбек Көшербаев қатысып, жаңа қоныс иелеріне пәтер кілттерін табыс етті. Айта кету керек, дәл осындай 24 пәтерлі 7 тұрғын үй осы айдың аяғына дейін құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар, Тұңғыш Президент күніне орай Нартай Бекежанов атындағы музыкалық драма театрында салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев және бір топ Парламент депутаттары қатысты. Жиында сөз алған Қырымбек Елеуұлы «Тұңғыш Перзидент күні – бұл тарихи таңдау күні, барлық қазақстандықтардың Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төңірегіне топтасу күні»,– деп ерекше атап өтті. Кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Ержан БАЙТІЛЕС,

«Егемен Қазақстан».

Павлодар

Тұңғыш Президент күн імерекесіне орай тағы бір жақсы жаңалық – «Астана» шағын ауданында Президент саябағының іргетасы қаланды. Сондай-ақ, Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында бой көтерген №25 жалпы білім беретін қазақ орта мектебінде Тұңғыш Президент күніне арнап «Ел тірегі – Елбасы» атты апталық өткізілді. Бұл мектепте бүгінде 1600 оқушы білім алуда. Ал, жуырда ғана осы ауданда ашылған химия-биологиялық бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай «Елбасы» атты флеш-моб өткізілді.

– Мақсат Елбасы саясатын қолдау, жастардың бойында Елбасы түсінігінің мәнін дәріптеу, – дейді ұйымдастырушылар. Оқушылар «Балалық шағымның аспаны» атты Елбасы туралы түсірілген фильмді көрді. Ашық сабақтар, интеллектуалдық ойындар, түрлі спорттық шаралар өтті. Облыс әкімі Ерлан Арын химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларына «Тәуелсіз еліміздің қалыптасуы мен дамуындағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі» деген тақырыпта дәріс оқыды.

Сонымен қатар, осы күні облыс орталығындағы 4 бірдей өндіріс орнында «Павлодар мұнай-химиялық зауытында азот-қышқылды қондырғыны, «Format mach company» ЖШС-нің бірінші білік жасаушы аппараты, «Нефтехим LTD» ЖШС-нің жұмсақ қаптама өндірісі және «KSP Steel» ЖШС-нің павлодарлық филиалында илеу станы іске қосылды. Жалпы алғанда, Тұңғыш Президент күніне орай облыста өңірдің озық қызметкерлерінің шеруі, сауда-саттық жәрмеңкелері, қаланың аз қамтылған, көпбалалы және толық емес отбасыларын, мүгедектерді қолдау мақсатында қайы­рым­дылық акциялары сияқты 300-дей шара болып өтті.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Өскемен

Тұңғыш Президент күніне арналған онкүндік акциясы барысында өңірдің барлық аудандары мен қалаларында әлеуметтік ғимараттар ашылып, мәдени шаралар өтті. 1 желтоқсанда орталық Мәдениет үйінде «Туған ел – алтын бесігім», «Туған жерге – тағзым» акциясының 5 жылдығы Тұңғыш Президент күніне арналды. Оған өлкенің талантты адамдары, спорт саңлақтары қатысты. 5 жылда кәсіпкерлер мен меценаттардың 20 миллиард теңге қаржысына мыңға тарта әлеуметтік ғимараттар салыныпты. Облыс басшысы оларға құрмет көрсетті.

Мереке күні өңір басшысы Б.Сапарбаевтың қатысуымен бірнеше әлеуметтік ғимараттар ашылды. Оралмандар қоныстанған «Шығыс» ауылында жаңадан салынған 12 тұрғын үйдің кілттері тапсырылды. «Ана мен бала орталығында» 1 желтоқсанда дүниеге сәби әкелген аналарға бағалы сыйлықтар берілді. Бажов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйден жетім балаларға пәтер кілттері тапсырылды. Түстен кейін қаланың жібек маталар комбинаты қалашығы маңында жаңадан бой көтерген жекпе-жек сарайының салтанатты ашылуы болды. Бұдан кейін форумға жиналған жастар Елбасы сүйіп тыңдайтын әндерді шырқап, Тұңғыш Президент туралы деректі фильмді тамашалады.

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Алматы

Алматы қаласы Тұңғыш Президент күнін атап өтуді түрлі іс-шаралармен бастады. Қала көшелерінде мерекелік шаралар ұйымдастырылып, түрлі интеллектуалды және спорттық ойындар ойналып жатқанда, мәдениеттің бесігі – Республика сарайында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай салтанатты жиын болды.

Жиында сөз алған қала әкімі Ахметжан Есімов 1991 жылы 1 желтоқсанда халықтың басым қолдауына ие болып, ел басқару міндетіне кіріскен Мемлекет басшысын ұлықтау рәсімі әрбір қазақстандықтың жүрегінен орын алғандығын айта келіп: «Әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде тарихи да жасампаз жаңа дәуірге қадам басқанына биыл 22 жыл толады. Осынау сындарлы кезеңде, тар жол тайғақ кешуден аман-есен алып шыққан Елбасымыз аз ғана уақыттың ішінде мемлекетіміздің қарыштап дамуына, тәуелсіздік тұғырының нығаюына, халықтың әл-ауқатының артуына сіңірген еңбегі зор. Бүгінде Қазақстанның шаңырағы берік, мерейі үстем, беделі асқақ», деді.

Жиын барысында қала әкімі Тұңғыш Президент күніне орай Алматыда тұңғыш рет өткізілген «Үздік оқушы» байқауының жеңім­паздарын марапаттады. Салта­натты жиын Қазақстан эстра­да­сының жұл­дыздары мен өнер ұжым­дарының мерекелік концертіне ұласты.

Кешкісін қаланың орталық алаңында бой көтерген алып шыр­шаның алауын салтанатты түрде жағу рәсімінде от-шашулатып, жастардың би кешімен ұласқан думан халықтық мерекенің мәнін түйіндеген бірден-бір шара болды.

Қанат ЕСКЕНДІР,

«Егемен Қазақстан».

Талдықорған

Талдықорған қаласында 1 жел­тоқсан – Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Тұңғыш Президент күні­не арналған «Елімнің тағдыры – менің тағдырым» атты салтанат­ты шара болып өтті. Онда «Нұр Отан», Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясы, Жастар орталығы, спорт, мәдениет, әскери сала қыз­мет­керлерінен құралған шеру жал­пы­халықтық шараның сәнін кіргізді.

Мерекелік шарада Талдықорған қаласының әкімі Ермек Алпысов құттықтау сөз сөйлеген соң, ол концерттік бағдарламамен жал­ғас­ты. Орталық алаңдағы Мә­дениет сарайының алдыңғы бетін­де Елбасының, Ақорданың, Мем­лекеттік рәміздердің және Елба­сының балалар ортасындағы фото­суреттері заманауи компьютерлік жүйе мүмкіндіктері пайдаланыла отырып өте әдемі жасалып, панно болып ілінген.

Ерекше айта кетер тағы бір жайт – бұл күні Жетісудың кін­дік қаласында да алтын күн шуақ­ты нұрын төгіп тұрды. Талды­қор­ғандықтар шадыман шаттыққа бө­лене Тұңғыш Президент кү­нін көтеріңкі көңіл күймен атап өтті. Сондай-ақ, Тәуелсіз Қазақ­стан­ның негізін қалаушы Тұңғыш Президент күніне орай Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының Абат, Бәйтерек ауылдарында дә­рігерлік амбулаториялар ашылып, пайдалануға берілді.

Ал Балқаш ауданы, Ақжар ауыл­дық округі, Аралтөбе ауылын­да «Ақбұлақ» мемлекеттік бағ­дар­ламасы аясында ауызсу жүйесі тартылып, айтулы мереке күні іске қосылды.

Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,

«Егемен Қазақстан».

Қарағанды

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні қарағандылықтар үшін, әсіресе, жүрекке жақын мереке. Мемлекет басшысының алғашқы еңбек жолы, шыңдалу мектебі өңір тарихымен тамырлас болуы зор мақтаныш тұтылады. Оның Теміртаудан бастау алуының да мәні үлкен еді. Металлугтер қаласы Елбасының құтты қадамына куә.

Осында өткен «Бір Отан! Бір тағдыр! Бір Елбасы!» атты облыстық форумда аға және жас буын өкілдері басқосты. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірге еңбек еткен металлург әріптестері естеліктері ықыласпен тыңдалды. Өнерпаздар Президент сүйетін және өзі орындауды ұнататын әндерді шырқады. Жалпы еңбек өтілі 100 жылдан асқан жезқазғандық металлургтер Сазанбаевтардай әулеттер бір-бірлерімен танысып, тәжірибе бөлісті.

Қарағандыдағы « Жастар» сарайы­на жиналушылар «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» қалалық форумының әсерлі шуағына бөленді. Мұның алдында облыс әкімі Бауыржан Әбдішев «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында пайдалануға берілген үй пәтерлері кілттерін жас отбасыларға беріп қуантты.

Аймақтың барлық қалалары мен аудандарындағы мерекелік шаралар, көңіл күй, ортақ қуаныш халықтың Тұңғыш Президенттеріне деген шынайы сүйіспеншілігін паш етті.

Айқын НЕСІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Петропавл

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні Қызылжар өңірінде де жұртшылықтың кеңінен қатысуымен атап өтілді. Атаулы мерекеге орайластырылып жасалған мәдени, білім беру-ағартушылық, спорттық іс-шаралар ауқымдылығымен ерекшеленді. Айтулы мереке шымылдығы Погодин атындағы орыс драма театрында өткен салтанатты жиналыспен ашылып, одан әрі бұқаралық сипат алды. «Менің жетістіктерім – Отанымның жетістіктері» атты Жас ұлан акциясы, «Дәуірдің дара тұлғасы» көрмесі, «Президентімнің жетістіктері» фотогалереясы тұрғындардың ерен қызығушылығын тудырды.

«Томирис» гендерлік білім беру орталығы ұйымдастырған «Жақсы келін – отбасы бақыты» сайы­сында өнер колледжінің ұстазы Майра Сапарқұлова жеңімпаз атанды. Бейнелеу өнері мұражайында «Тәуелсіздік – фотокамера объективінде» көрмесіне жергілікті фототілшілердің Мемлекет басшысының облысқа сапарын бейнелейтін туындылары қойылды. Жер-жерлерде қолдау тапқан қайырымдылық акцияларына жомарт жандар белсене атсалысып, Елбасы атынан балалар үйлеріне, көпбалалы отбасыларға сый-сияпаттар мен тарту-таралғылар жасады. «Ұлт мақтанышы – Елбасы» кешкі жастар бағдарламасы, «Елбасы – ел тірегі» мерекелік концерті, дойбыдан, каратэден, футболдан өткен турнирлерді тамашалаушылар көп болды.

Тұңғыш Президент күні аудандарда да кеңінен тойланды. Бескөл кентінде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының жаңа ғимараты бой көтерсе, шалғайдағы Мортық ауылында қайтадан қалпына келтірілген мәдениет үйі пайдалануға берілді. Қайрат елді мекен тұрғындарына сапалы ауызсу жеткізілді. Мамлют кентінде жарма өндіретін цех іске қосылды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Ақтау

Маңғыстауда Тұңғыш Президент күні алуан шаралармен аталып өтуде. Қарашаның соңғы күндерінен бастау алған шаралар желтоқсан айының 4-5-іне дейін жалғаспақ. Мерекелік көңіл күйді алдымен сезінген Маңғыстау облыстық балалар үйі болды. Өткен жылы Жаңаөзен қаласынан облыс орталығына көшіріліп, биыл ғимараты күрделі жөндеуден өткен нысанның құрылымында да өзгешеліктер жоқ емес. Отбасылық үлгіде тәрбиелеуді бастаған үйде балалар топ-топқа бөлініп, жеке бөлмелерде тұру мүмкіндігіне қол жеткізді. Тұңғыш Президент күніне орай аталмыш балалар үйінде болған облыс басшысы А.Айдарбаев тәрбиеленушілерге Елбасы атынан 10 компьютерді сыйға тартты.

Сондай-ақ, Ақтау қаласында бүлдіршіндерді ұлттық тәлім-тәрбие негізінде тәрбиелейтін балабақша да күрделі жөндеуден соң, Елбасы күніне орай есігін айқара ашты. Балабақшаның ашылу салтанатына қатысқан Ақтау қаласының әкімі Е.Жаңбыршин Елбасы Н.Назарбаевтың балаларды тарықтырмай, барлық қажеттіліктермен толыққанды қамтамасыз ету және дұрыс тәрбиелеу тапсырмасы аясында жасалып жатқан жұмыстың сапалы аяқталғандығын атап өтті.

Мерекеге орай түрлі спорттық және мәдени шаралар өтіп жатқан Маңғыстауда Ақтау – Бейнеу бағытында жаңа пойыз қатынасы ашылды. Бұған дейін күніне оншақты пойыздарды жан-жаққа шығарып салып жататын Бейнеудің тұрғындары Ақтаудан аталмыш аудан орталығына Астана, Алматы, Ақтөбе, Атырау бағыттарына жүрген пойыздарға жол-жөнекей міну арқылы жететін. Әзірге 250-ге тарта адамды тасымалдайтын пойыздың қатынау және сыйымдылық тағдыры тұрғындардың ұсыныс-тілегі мен қатынастың тиімділігіне қарай қалыптасатын болады.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Шымкент

Оңтүстік Қазақстан облысында Тұңғыш Президент күні кеңінен тойланды. Оңтүстік Қазақстанның қалың жұртшылығы Тұңғыш Президентіміздің өмір жолын, ерен еңбегін, қайраткерлік қасиетін жоғары бағалайды, айрықша ардақтайды. Мереке қарсаңында облыста 44 нысан пайдалануға берілді.

Бір айта кетерлігі, Отанымызда құрылысы жүріп жатқан әлеуметтік нысандардың 49 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында салынуда. 2013 жылы облыста 332 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде. Соның ішіндегі 180 нысанды биыл аяқтау жоспарланған. Бүгінге аталған әлеуметтік нысандардың 108-і ел игілігіне берілді. Осы нысандардың басым бөлігі облыстық бюджетті оңтайландырудың арқасында жергілікті қазына есебінен іске асуда.

Тұңғыш Президент күні Шымкент қаласында салтанатты жиын өтіп, облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңірде атқарылып жатқан тірліктерді бір сараптап өтті. Бұл игі тірліктердің бәрі, әрине, ел тәуелсіздігінің арқасында іске асып жатқаны ақиқат. Мереке Оңтүстік Қазақстан облысының барлық аудан орталықтары мен қалаларында, ауылдарында тойланып, халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Оралхан ДӘУІТ,

«Егемен Қазақстан».

Қостанай

Тұңғыш Президент күні Қостанай қаласын нағыз мерекелік көңіл күй тербеді. Бұл мерекеде орталық алаңға келген әр қостанайлықты Отанға, Елге, Елбасына деген патриоттық сезім баурады. «Президентпен біргеміз!» атты бағдарлама мереке салтанатын асырды. Қыстың алғашқы күні болғанымен, Көк Ту түстес көк аспан шайдай ашық. Жұртшылықтың ән-күй тыңдауына табиғат та елжіреген тәрізді.

Қостанай қаласының орталығындағы МАРТ сауда-көңіл көтеру орталығының бірінші қабатында да мерекелік шаралар жалғасын тапты. Мұнда қаланың муниципалдық үрлемелі аспаптар оркестрі Тұңғыш Президент күніне арнап концерт қойды. Ал кешке қостанайлықтар «Дружба» халықаралық КВН фестивалін тамашалады.

Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында өңіріміздегі ірі инвестициялық жобаның бірі – «ЕвразКаспианСталь» ЖШС зауыты алғашқы өнімін шығарды. Рудныйда «ССКӨБ» акционерлік қоғамы бұрынғы екі қабатты үйді қайта жаңғыртып, жөндеп, бүлдіршіндерге «Өркен» балабақшасын сыйлады.

Қостанайдағы аула клубтарында балалар «Менің балалық шағымның аспаны» фильмін көрсе, Пушкин атындағы кітапханада «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» кітабының тұсаукесері өтті. А.Бай­тұр­сынов атындағы университетте студенттер Н.Назарбаевпен кездескен ардагерлермен жүздесті.

Тұңғыш Президент күніне арналған мерекелік шаралар кеше аудан орталықтары мен ауылдарда да өтті.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар