• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
02 Желтоқсан, 2013

Бұқара бақыты басшыдан

408 рет
көрсетілді

Биылғы жазда шетелдік жур­на­листердің біріне берген сұхбатында Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин былай деді: «Барак Обама ресейліктерге жақсы көрінуі үшін жұмыс істемейді. Мен де америкалықтарға жақсы көрінейін деп емес, өз сайлаушы­ларымның сенімін ақтау үшін жұмыс істеймін». Бұл тауып айтылған сөз десек те әлемде 200-ден астам мемлекет болса, солардың барлығының сайланбалы басшылары өз халқының алғысына бөленгендер дей алмаймыз.

Биылғы жазда шетелдік жур­на­листердің біріне берген сұхбатында  Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин былай деді: «Барак Обама ресейліктерге жақсы көрінуі үшін жұмыс істемейді. Мен де америкалықтарға жақсы көрінейін деп емес, өз сайлаушы­ларымның сенімін ақтау үшін жұмыс істеймін». Бұл тауып айтылған сөз десек те әлемде 200-ден астам мемлекет болса, солардың барлығының сайланбалы басшылары өз халқының алғысына бөленгендер дей алмаймыз.Егер басшылары халқының көңілінен шықса, толастаудың орнына жалғасып жатқан әлеуметтік наразылықтар, тіпті, биліктегі төңкерістер болмас еді ғой.

Нарықтық қатынастар қалып­тас­қан елдерде мемлекет басшылары негі­зінен белгілі бір топтың немесе саяси партиялардың мүдделерін жүзеге асыру үшін сайланатыны айдан анық. Сондықтан, халықтық сайлаудан өтті дегенімізбен олар негізінен сол партиялар мен топтардың мүддесі ауқымынан шыға алмайды. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір бұл арнаға біздің де түсеріміз ақиқат. Ал әзірге Қазақстанды, бұқараны бақытты етуді мақсат тұтқан ұлтымыздың адал Ұлы басқарып отыр деген сөзді батыл сеніммен айтамыз. Біз емес-ау, мұны шетелдіктер де талай рет айтқан болатын. Мәселен, мақаламыздың басында есімі аталған Владимир Путин бір сөзінде былай деді: «Нұрсұлтан Әбішұлы өте нәзік жанды адам. Белгілі бір түйінді мәселелерді шешуге келгенде «Мұның өзі халықтарымыздың өмірінен қалай көрініс табар екен?» деп алады. Ол ешқашан да өз халқын, Қазақстанды, Қазақстан мүддесін естен шығармайтын тұлға». Басқа елдің басшысы біздің Елбасымызға осындай баға берсе, бұл бағаның өзі ақиқатпен етене деуге болады. Себебі, біздің бәріміз де Елбасымыздың атқарушы биліктегі лауазымды тұлғаларға берген әрбір тапсырмасында үнемі «біздің экономикадағы әрбір жетістігіміздің нәтижесі халқымыз­дың күнделікті тұрмысынан көрініс табуы тиіс», деп отыратынын естіп жүр­­міз ғой. Бұл нағыз халықшыл, қа­лың бұқараның жағдайын жадынан ешқашан да шығармайтын басшының сөзі. Мен еліміздің экономикалық даму жолына үнемі үңіліп, ғылыми сараптама жасаймын. Сол сараптамаларымда Қазақстанымыздың жылдан-жылға өркендеп, дамып бара жатқанын және ел болашағы жарқын екенін анық көремін. Сонда осындай қарқынды дамуымыздың басты себебі не деген сұрақты өзіме-өзім қоямын да жауабын тағы да өзім беремін. Ол жауап былайша өрнектеледі: «Нұрсұлтан Әбішұлы халықтың нағыз қайнаған ортасынан шыққан тұлға. Ол бұл қызметіне аспаннан топ етіп түскен жоқ, төменнен жоғары қарай сатылап көтеріліп, үлкен дайындықпен жетті. Міне, сондықтан да ол халықшыл. Халықшыл басшының ісі жемісті. Өйткені қалың бұқараның жағдайын жақсартуды мұрат тұтқан басшы әрқашанда өз білімін жетілдіріп, «қайтсем еңбегім жемісті болады» деген сұрақтың жауабын іздейді. Ал ізденіс мұратқа жеткізетін жалғыз жол. Олай болса, Нұрсұлтан Әбішұлы бұл қызметіне үлкен дайындықпен, зор біліммен келген тұлға. Сондықтан да, оның еңбегі жемісті».

Иә, Қазақстан және оның егемендігін жариялағаннан кейінгі алғашқы онжыл­дықтардың адам сенгісіз нәтижелері жайлы әлі талай жазылар. Жалпы алғанда, қазірдің өзінде тәуелсіздігін «кеше ғана» жариялаған еліміздің Президенті әлемге кең танымал құрметті тұлғалардың бірі. Біреулерді халқының санының көптігі үшін, енді бір мемлекет басшыларын әскері жарақтанған жойқын қаруды ескеріп, тағы бір мемлекет басшыларын алып экономикасы немесе озық технологиясы үшін біліп, сыйлап жататын болса, Қазақстанда мұндайдың бірде-бірі жоқ. Біз қазақ ұлты әлемге тәуелсіздіктен кейін ғана толық таныла бастадық. Халқымыздың саны енді ғана 17 миллионнан асты. Әскеріміз шекарамызды қорғай алса сол. Өйткені КСРО-дан мұраға қалған ядролық оқтұмсықтар мен баллистикалық зымырандардан өз еркімізбен бас тарттық. Жұртты тамсандыратындай озық технологиямыз да жоқ. Табиғи, жерасты байлықтарына келетін болсақ, бұл жағынан да Ресей мен Қытайдың алдына түсе алмаймыз. Көмірсутектері жайлы сөйлесек, бұл жағынан бізден гөрі Венесуэла, Сауд Ара­биясы, Кувейт, Иран секілді мемлекеттер әлдеқайда байырақ. Ресей әлемдік көмірсутектері рыногында 20 пайыздық үлесі бар мемлекет. Ал біздің болашақтағы үмітіміз бар болғаны алғашқы ондыққа кіру. Солай бола тұрса да Қазақстан және Мемлекет басшысы бүкіләлемдік танымалдық пен құрметке ие. Неге бұлай деп сұрақ қойып көрсек бәрі мемлекеттің бірінші басшысының ғылыми негізделген білімді және көреген саясаты бізге осындай танымалдық пен сый-құрмет әперді деп тұжырымдауға дәлелдер толық жеткілікті. Экономикадағы қарқынды өсіп, бұдан 23 жыл бұрынғы КСРО державасының қирандысынан әлемге танымал, әлемде құрметті мемлекетке айналу, сөз жоқ, Елбасының білімді, ғылыми негізді қызметінің жемісі.

Әріден бастасақ, бүгінгі кемел Елбасы­мыз кәдімгі көріп-біліп немесе болжап қойғандай қирандыдан жасампаз мемлекет жасауға күні бұрын ірге­лі дайындықтан өткен секілді. Тіпті, әрбір қадамын өл­шеп-пішіп басудың өзі сол үлкен да­йындықтың нәтижесіндей көрінеді де тұрады. Айталық, жоғарыда аталған іргелес көршіміз Ресей Федерациясы қай жағынан алғанда да посткеңестік аумақта көш бастаушы болуға тиіс еді. Бұл елде көмірсутектерінің қоры біздегіден әлдеқайда мол екенін жоғарыда айттық. Сондай-ақ, индустриясы Қазақстаннан әлдеқайда жоғары дамыған. Бұған қоса бұл көрші мемлекетте ғылымның 200 жылдық тарихы бар. Ол аз болса, Ресей арзан да ашық теңіз жолына тікелей шығады. Қысқасы, не керектің бәрі бар. Бұл елде КСРО-дан одақтас республикалар енші ала бастағанда ыдыраған державаның барлық алтын-валюталық қоры қалды. Ол-ол ма, алыс шетелдердегі консулдық дипломатиялық мекемелердің жылжымайтын мүліктері де Ресей Фе­дерациясының меншігі болып шықты. Ал жаңадан құрылған жас Қазақстанда шетелдіктермен келіссөз жүргізетін дайын дипломатиялық корпус та, бұл істің білгір мамандары да болған жоқ. Не керек, Ресей Федерациясына қарағанда біз барлығын «нөлден» бастадық. Әрі-берідесін мемлекет құрушы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі де шетелдіктермен келіссөз жүргізу тәжірибесінен өтпеген, шаруашылық, комсомол, партия, мемлекет істеріндегі қызметтерді ғана атқарды ғой. Міне, осындай жағдайда жұмысты бастап, бас-аяғы 23 жылдың ішінде дүниежүзі түгел құрметтейтін қарқынды дамушы мемлекет құрып шығару, сөздің тура мағынасында, Елбасымыздың нағыз кемеңгер екендігінің айқын дәлелі.

Иә, мен осынау сом тұлғаның қыз­мет нәтижелеріне зер салған сайын әрқашанда дер кезінде және ғылыми негізді қабылданған тамаша шешімдерді көремін. Айталық, КСРО титықтаған заманда одақтас республикалардың барлығының дерлік басшылары ыдырауды ұсынып жатқанда Нұрсұлтан Назарбаев бұларға мүлде қарама-қарсы бағытта сөз сөйлеп жүрді. «Конфе­дера­ция» туралы да ұсыныс жасады. Кей­бір ұлтшылдар бұл үшін бүгінгі Президентті сол кезде «тартыншақтық танытты» деп кінәлағандай да болды. Ал, шын мәнінде Н.Ә.Назарбаев КСРО-дан бөлінген бірде-бір жас мемлекеттің өз алдына оқшаулықпен күн көре алмасын білді. Тіпті, табиғи қоры бір басына жеткілікті Қазақстанның да жеке-дара «өмір сүріп кетуі» мүмкін емес екенін дер кезінде түсінді. Сондықтан да ол, ең алдымен Ресей Федерациясымен «Мәңгілік достық» декларациясына қол қойды. Ресейдің кейбір таяз саясаткерлері қанша қашқалақтаса да біздің Елбасымыз оларға бәрібір тұтасуға тиіс болатынымызды түсіндіріп бақты. 1993 жылдың өзінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеудегі М.Ло­моносов атындағы мемлекеттік университет оқытушы-профессорлары мен Мәскеу зиялыларына оқыған лекциясында Еуразиялық экономикалық одақ болмай қоймайтынын және қай жақ үшін де аса қажетті екенін түсіндіруге ерекше күш салды. Бірақ сол жерде оны түсінетіндей білімді адам табылмады. Тіпті, Ресей басшылығы Қазақстанды «рубль аймағынан» шығару үшін қолдан келгеннің бәрін жасап бақты. Енді бүгінгі күн биігінен қарасақ, Нұрсұлтан Әбішұлының сол кездегі ұсынысы орынды болғанын байқау мүлде қиын емес. Бірақ, Ресей билігі ынтымақтың ең дұрыс жол екенін мүлде кеш түсінді. Сондықтан да бұл ел дағдарыстан-дағдарысқа ұшы­­рап, әлі де болса малтығуын қояр емес. Егер өткен уақыт ішінде Н.Ә.Назар­баевтың ұсынысымен ТМД, ЕурАзЭҚ, үштіктің Кеден одағы секілді халықаралық бірлестіктер құрылмаса дәл бүгін Ресей Федерациясының жағдайы қалай боларын болжаудың өзі мүмкін емес. Ресеймен, күшті әскери қаруын ескермесе, мәселеге тек экономикалық тұрғыдан қараса, әлемнің Қытайдан басқа мемлекеттері, әсіресе, еуропалық мемлекеттер онша санаса қоймас еді. Ал Кеден одағымен Еуроодақ және Еуропадағы бұл одаққа кірмейтін мемлекеттер келі­сімшартқа отыруға дайындығын мәлімдеп шықты. Тіпті, Одақ жұмыс істей бастаған аздаған жылдардың ішінде Ресей мен Белоруссияның даму қарқыны жылдамдады. Біз де бұдан тек ұтысқа шықтық. Орайы келгенде ескерте кетейін, біздің елде Кеден одағына тосырқай қарайтындар баршылық. Оларға Н.Ә.Назарбаев негізін салған осы жолдың дұрыс екенін түсіндіру үшін негізгі экспорттық шикізаттарымыз металл мен көмірдің, ауылшаруашылық өнімдерінің басым бөлігін сатып алатын осы Ресей Федерациясы мен Белоруссия екенін дәлел ретінде ұсынсақ та жеткілікті. Ол-ол ма, біздің экспорттық тауарлардың басым бөлігі алыс шетелдерге Ресей Федерациясы арқылы жеткізіледі. Батыс Қытай – Батыс Еуропа халықаралық тасымал дәлізінен үлкен үміт күтіп отырмыз. Міне, осы арнаның біраз бөлігі Ресей жері арқылы өтеді ғой. Мұны Елбасы Қазақстан тізгінін қолына алған алғашқы сәттен-ақ дөп танып білді. Ал біздің кейбір саясаткерлеріміз әлі күнге соны да түсіне алмай жүр. Мұндайда «қайран, дүние-ай» демеске амал жоқ.

Н.Ә.Назарбаевтың елімізді басқарған 23 жылдан астам уақыты ерлікке толы болды. Мақала кейіпкерінің алғашқы ерлігі КСРО державасы мен компартияны Михаил Горбачев басқарып тұрған және КГБ, МВД деп аталатын құрылымдардың құзыры мықты кезінде-ақ басталған еді. Мәселен, елде президенттік институтты заңдастыру кезінде ол тіпті мәскеулік биліктің ерекше нұсқауын да «елемеді». Ол жақтың «мұндайды қойыңдар» деген сөзін тыңдамады. Сөйтіп, қас-қағым сәтте өзі Президент болып шыға келді. Әрине, КСРО державасының президентіне бағы­нышты Президент! Өйткені, держава әлі тарқаған жоқ. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, Н.Ә.Назарбаевтың ерлік істері жалғаса түсті. Айталық, Алматының іргесінде компартия мен КСРО державасына адал қызмет етуге ант берген және әлемдегі ең озық қарулармен жарақтанған әскери құрама тұрған шақта, ол-ол ма, ел ішінде әлемдегі төртінші ядролық қару әлеуеті бар кезде Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігін жариялау тек ерлікке пара-пар жүрек жұтқандық. Сондай-ақ, Тұңғыш Президентіміз өзін осы дәрежеге дейін өсіріп, жетілдірген коммунистік идеал­дан бас тартты ғой. Түсіне білген адамға бұл өзі немесе отбасын сақтау үшін жасалған қадам емес еді. Ол отбасын әрқашанда асырай алу мүмкіндігі бар қызметте болды. Демек, Тұңғыш Президент мемлекет құру міндетін өз мойнына алғанда «коммунистік идеалдан» бас тартпайынша істі алға бастыру мүмкін емес екенін түсініп, олай болса, өзі үшін елді төніп тұрған аштықтан аман сақтап қалу үшін осылай істеді деп ойласақ, сол шындық. Коммунистер мен комсомолдар қаптап тұрған және бақайшағына дейін қаруланған елге бірде-бір шетелдік инвестор аяқ баспас еді. Сондықтан да, Н.Ә.Назарбаевтың өзін өсірген коммунистік идеалдан бас тартуы ерлікке пара-пар және тек қана халық үшін жасалған стратегиялық көреген қадам болды деп бағалау керек. Ол коммунистік идеалдан бас тарта тұрып, «коммунизм құрылысшыларын» қорғауға ант берген әскерилер арасына жиі барып жүріп, оларды егемен Қазақстан Республикасына қызмет етуге көндірді. Бұл да ерлік пен көрегендіктің нағыз айқын мысалы. Қазақстан Республикасын құрушы Тұңғыш Президентіміз егемендіктің тізгінін қолына алған алғашқы кезде әлеуметтік жағдайдың шиеленісуіне байланысты ереуілге шығушылар арасында жиі болып жүрді. Оны сол кезде телеарналар хабарларынан көріп-білдік. Бұл да жүрек жұтқан ерліктің бір көрінісі. Қысқасы, жоғарыда айтып кеткенімдей, бүгінгі зор тұлғасы сомдалған Қазақстан Республикасы мемлекет құрушы Тұңғыш Президентіміздің ерлікке толы еңбек жолының игі жемісі. Кезінде КСРО державасының жоғары билігі болуы мүмкін қатерлерден қорқып, «бітеп тастаған» Қытаймен арадағы шекараның да қақпасы ашылуы біздің кейіпкеріміздің ерлікке пара-пар ісі десек, мұнымызға тек білімсіз ғана дау айтар.

Мен Н.Ә.Назарбаевтың көп ісін ерлікке теңедім. Әрине, бұл кешегі Ұлы Отан соғысы кезіндегі кеудесімен дзоттар мен доттарды жапқан батырлар жасағандай шарасыздық тудырған көзсіз ерлік емес. Елбасымыздың ерліктері асқан білімділікпен жасалған стратегиялық және жасампаздық даму қадамдары. Ол КСРО державасының тарихына нүкте қойылатынын күні бұрын болжап білгендей нақты қадамдар жасады. Ал ол қадамдар ұлтымыздың ға­сырлар бойы аңсаған тәуелсіздігіне жақындата түскен сәтті жүрістер болды. Н.Ә.Назарбаевтың Президенттік қызметіне көз жүгірткен сайын үлкен кемеңгерлік нәтижелерін көргендей боламын. Санамалап отырсам, ұлтымыздың кемеңгер басшысы егемендіктің қысқа мерзімі ішінде тарихымызға алтын әріп­пен жазылатын «Жеті ғаламат» жасапты. Олардың ішін­­­дегі Н.Ә.Назарбаев жасаған тұңғыш «ға­ла­мат», жоғарыда айтып кеткенімдей, президенттік институтты КСРО держа­ва­сы­ның «тірі кезінде» заңдастыруы. Бізде кейбіреулер еліміздің Президенттік инс­титуты Елбасының тұңғыш рет халық­тық сайлауда басым дауысқа ие болған шағынан басталды дегенді айтады. Ал ақи­қатында Н.Ә.Назарбаев егемендік пен тәуелсіздік туралы заңдық күші бар құ­жаттарға қол қойған тұлға ғой. Заңдарға Пре­зиденттік қызметте болып қол қойды. Мұны ұмытпау керек. Қазір біздің еге­мен­­дігіміз Біріккен Ұлттар Ұйымы мо­йындаған дербестік. Ал Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының егемендігі туралы заңға қол қойған кезде біз әлі де болса қуатты (әскери қару-жарақ әле­уеті жағынан) КСРО державасының құра­мындағы одақтас республикалардың бірі едік қой. Соны біле тұра егемендік туралы Заңға қол қою Н.Ә.Назарбаев қолы­мен жасалған «екінші ғаламат». Қазір біздің егемендігімізді әлем толық мойындады. Ал егемендік заңы жарияланған кезде оны іргедегі көршілердің өзі бірден мойындай қойған жоқ. Алғашқы болып Қазақстан тәуелсіздігін таныған Қара және Жерорта теңіздерінің жағалауындағы қандас бауырларымыз – Түрік мемлекеті болды.

Міне, осындай жағдайда жасалған істі ғаламат десек, оның еш артықтығы жоқ. Бұл екеуі де білімділікпен жасалған ерлікке сай стратегиялық қадамдар еді. Ол қадамдар жасалды. Қазақстанның сол кездегі жағдайын білетіндер мемлекет құру тізгінін қолына алған Тұңғыш Президентіміздің алдында жауапкершілігі мен ауыртпалығы бұлардан да зор істер күтіп тұрғанын өз көздерімен көрді ғой. Инфляция мен девальвация естіп көрмеген деңгейге жетті. Жоғарыда айтып кеткенімдей, ел қазынасында «сабан рубльден» басқа бір цент валюта, бір мысқал алтын болмады. Кәсіпорындар бірінен соң бірі жабылып жатты. Қалаларда жұмыссыздар армиясы сеңдей соғылысты. Бұл табиғи құбылыс еді. Өйткені, Қазақстан индустриясын негізінен КСРО орта машина жасау министрлігіне тікелей бағынатын әскери тапсырыстармен жұмыс істейтін зауыттардан тұрды. Олардың бір де бірі халық тұтынатын тауарлар шығармайтын. Ал халыққа күнделікті тұтынатын қант, сіріңке, темекі секілді тауарлар негізінен Қазақстанда өндірілмейтін. Валютасы жоқ ел оларды енді қалай импорттасын? Қысқасы, үлкен қиындық енді басталды. Міне, дәл осы шақта Н.Ә.Назарбаев «үшінші ғаламатты» өмірге әкелді. Ол – экономикадағы көптарапты байланыс және халықаралық интеграцияға ұмтылыс ретінде болмысымыздан көрініс тапты. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Қытаймен арадағы Достық бекетін ашу арқылы Қазақстанның әлеммен ашық есік жағдайында араласатындығы баршаға іс жүзінде көрсетілді. Сөйтіп, дәл осы «үшінші ғаламатты» өмірге әкелу арқылы Тұңғыш Президентіміз «екі қоянды бір оқпен атқан» болып шықты. Алғашқы пайда Қытай тауарларының Қазақстанға еркін келуі арқылы игілікке айналды. Сонан соң бұл қадамымыз КСРО державасы бүкіл өмірінде келісе алмаған Қытаймен арадағы «шекара дауы» толық шешіліп, іргелес екі ел бір-бірінің шекараларын толық мойындайтындықтарын заңдастырды. Сонан соң бұл қадамның жемісі уақыт озған сайын молая берді. Қазіргі жеткен жеріміз халықаралық транзит дәлізін салу арқылы Еуропамен де, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен де экономикалық байланыс арнасын толық жасап шығу. Мұны «ғаламат» демегенде не дерсіз?! Қытай басшылығымен соңғы кездесуінде екі мемлекет арасындағы сауда айналымын 40 миллиард долларға жеткізу нысанаға алынды. Бұл бүкіл Қазақстанның жылдық ішкі жалпы өнімінің 20 пайызына тең көрсеткіш. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Н.Ә.Назарбаев жасаған «үшінші ғаламат» екі тармақты. Бірі – біз әңгімелегендей, сауда-саттық арнасын жасау болса, екіншісі – халықаралық интеграция. Қазір Қазақстан әлемнің 111 мемлекетімен сауда-саттық байланысын орнатқан екен. Ал енді интеграцияға келетін болсақ, біздің елімізде Батыста АҚШ пен Канададан бас­тап, Шығыста Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Малайзия, Индонезия секілді мемлекеттердің кәсіпкерлері жұмыс істеп жатыр. Қазақстан экономикасына шетелдік инвесторлар құйған инвестиция көлемі жағынан ТМД кеңістігінде көш бастаушы мемлекет болуы осы Н.Ә.Назарбаевтың қолымен жасалған «үшінші ғаламаттың» бергені. Таяуда жарияланған халықаралық ұйымдардың ресми есебінде Қазақстан елдегі бизнес ахуалы жағынан әлемдегі 180 мемлекеттің арасында 50-ші орынды иемденген екен. Ал Ресей Федерациясы 92-ші орынға шыққанына қуанып жатыр. Сондай-ақ, халықтың тұрмысы жағынан біз әлемдік тізімнің 49-шы орнына табан тіреппіз. Посткеңестік аумақ бойынша бұл үлкен жетістік. Міне, осының бәрі көреген Елбасымыздың стратегиялық жос­парларының жүзеге асуының нәти­жесі. Егемендікті жариялаған кезде қазы­насында байлық дейтін ештеңесі жоқ жас мемлекеттің және ашық теңіз жолына шыға алмайтын, жағалай бір өңкей кедей мемлекеттермен қоршалған елдің бас-аяғы 23 жылға толмайтын мерзім ішінде осындай биікке көтеретін арна болған көптарапты экономикалық байланыс пен интеграциялық ұстанымды Н.Ә.Назарбаев жасаған «үшінші ғаламат» демегенде не дерсіз?!

Еліміз үшін аса қиыншылықты кезең­де Елбасының тікелей нұсқауымен «Қазақ­стан-2030» Даму бағдарламасы жасалып, жалпы халықтың назарына ұсынылды. Ашығын айту керек, рецессиялық және инфляциялық күйзелістерден әлі арылып болмаған ел арасында «бұл Назарбаевтың өзі жауап бермейтін алыс болашақта жұмақта боламыз» деген алдауы» деушілер де табылды. Жағдай қиын екені даусыз және бағдарлама тым алыс болашақты меңзеп тұр. Демек, сауатсыз халықтың сөзіне ренжуге де болмас. Тіпті, сауаттылардың өздері арасында да бағдарламаға келгенде пікір қарама-қарсы бағытта өрбігендей болды. Сенбейтіндер көп, сенімділер аз болды. Сол сенімділердің бел ортасында жүргенім үшін бүгіндері өзімді бақытты санаймын. Ол ортада жүруім Мемлекет басшысына немесе сол топтағы элитаға жағымпазданып қалу емес еді. Мен бар болғаны сол бағдар­ламаны даярлаушы ғалымдар тобында жұмыс істедім. Өзім жасаған жоспарға өзім сенбейтіндей не болыпты? Қуанарлық жайт сол – бұдан бір жыл бұрын, яғни, 2012 жылы Елбасы «Қазақстан-2030» Даму бағдарламасы негізгі салалар бойынша мерзімінен бұрын орындалғанын халқы алдында мақтанышпен мәлімдеді. «Мен сөзімде тұрдым» деген сөздің Елба­сы аузынан шығуы сол уақытқа дейінгі қызметіне өзі берген әділ бағасы еді. Ал біздер ғалымдар «Қазақстан-2030» Да­му бағдарламасы орындалып қалғанын Елбасынан бұрынырақ айтып үлгіргенбіз. Бар болғаны 15 жылдың ішінде 33 жылдық жоспарды орындау тарихта болмаған секіріс. Ұлттық қорда Қазақстан халқы бұрын естіп-білмеген мөлшерде алтын-валюталық қазына жиналды. Қазір оның мөлшері 90 миллиард доллар шамасында. Бұл енді қандай жоспар жасап, жүзеге асырамыз десек те жеткілікті қаражат. Өйткені, біздің Президентіміз бір цент валюта, бір мысқал алтын болмаған сәттен жұмысын бастап, бас-аяғы 20 жылға толмайтын уақыт ішінде Қазақстанды бүгінгідей дәрежесіне жеткізген білімді Басшы ғой. Міне, сондықтан да өз басым аса қиын шақта жасалып, қысқа мерзімде жүзеге асырылған Елбасының «Қазақстан-2030» Даму бағдарламасын Нұрсұлтан Әбішұлы жасаған «төртінші ғаламат» дер едім.

Мен Оңтүстік-Шығыс Азияның қар­қынды дамушы елдерінің эконо­ми­калық секірістерін зерттеген оннан ас­там ғылыми монографияның авторымын. Сол еңбектерімде, басқаны былай қойғанда, Жапония, Оңтүстік Ко­рея секілді мемлекеттердің өзі өз тарихында дәл Қазақстандай жағдаймен, Қазақстандай қарқынмен дами алмағанын білдім, және бұл туралы кезінде бұқа­ралық ақпарат құралдарында да мақала жаздым. Қазақстанның ғаламат деуге тұрарлық мұндай секірісі, сөз жоқ, көреген Президентіміздің ел мүмкіндігі мен халықаралық рынокты терең зерттеп, білгендігінің жемісі. Сондықтан да Н.Ә.Назарбаев, сөздің тура мағынасында, нарықтық экономиканың ХХІ ғасырдағы болмыс-бітіміне түзетулер мен толық­тырулар енгізген нағыз ғалым деп айта аламын. Бұл Қазақстан дамуының жоспарлы және нарықтық экономика ғылымдарын ұштастыра пайдаланудың айқын дәлелі. Әлем 2000 жылдардың алғашқы кезеңінде-ақ «дамудың қазақстандық жолы» деген сөз тіркесін қолданатын болды.

Сондай-ақ, бұл сөз тіркесіне «дұрыс жол» деген анықтауыш та қосылды. Мұндайды нарықтық экономика ғылымына Н.Ә.Назар­баев қосқан жаңалық демей не дерсіз?! Елбасының нарықтық экономиканы егжей-тегжейлі білетіні соншалық, өзі жазып жариялаған мақалаларында халықаралық валютаны, халықаралық валюта жүйесін жаңғыртып қайта құру жөнінде ұсыныс жасады. Сөйтіп ол бүкіл адамзат тарихында қалыптасқан нарықтық ғылым болмысына ашықтан-ашық сын айтқан бірінші Мемлекет басшысы болып шықты. Және ол сындарды нақты дәйектермен бекіткен. Меніңше, Нұрсұлтан Әбішұлының бұл еңбегі әлемдік нарықтық экономика ғылымына жеке тарау болып енері сөзсіз. Осындай соны әрі өміршең пікірлерінің нәтижесінде Қазақстан Республикасының Президенті соңғы жылдары әлемдік «G-20» дөкейлері бас қосатын алқалы экономикалық саммиттерге құрметті қонақ ретінде шақырылатын болды.

Жалпы алғанда, біздің Президентіміз жан-жақты білімді тұлға. Бұған нақты дәлелдер жеткілікті. Айталық, еліміздің әкімшілік орталығын Алматыдан ежелгі Ақмолаға көшіру туралы шешімді де елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы аса қиын шақта қабылдаттырып, қысқа мерзім ішінде өзі бас болып, жаңа орынға бүкіл билікті жинап алды. Дәл сол кезде тіпті Президент маңайында жүргендердің өздері де кеңестік «коробкалардан» тұратын Целиноград қысқа мерзім ішінде бүгінгідей әсем Астанаға айналатынына сенбеген шығар. Сенбеу табиғи заңдылық. Себебі ол кезде, жоғарыда айтқанымдай, мемлекет бюджеті толымсыз, қазынасы бос болатын. Енді міне, Астана Қазақстанның ғана емес бүкіл Орталық Азияның тірегіне айналды. Оның өсу қарқыны ең сарабдал сыншылардың өзін қызықтыратындай дәрежеде өрбіді. ЕҚЫҰ саммитін өткізу, алқалы жиынға әлемнің 64 мемлекетінің басшыларының қатысуы, Астана декларациясының қабылдануы, не керек, біздің Елбасымыздың білімді де көреген тұлға екенін айрықша айшықпен дәлелдеп берді. Қазіргі таңда әлем Қазақстан сөзінің баламасы ретінде Астана сөзін атайтын болды. «Ресми Астана былай деп мәлімдейді немесе ресми Астананың бұл мәселе жайлы көзқарасы мынадай» деген сөз тіркестерін шетелдік газеттерден жиі кездестіруге болады. Ал Астанаға қақаған суығы өңменнен өтетін желтоқсанда көшіп барған топтағы басқа емес, элитаның өзі сол кезде жағдай осылайша өзгереді деп ойлай алмағаны даусыз. Сондықтан да өз басым Н.Ә.Назарбаевтың астананы ауыстыру жөніндегі ұстанымы, шешімі, бұл салада көз алдымызда жүзеге асырған істері нағыз ғаламат және ол қазақстандық «бесінші ғаламат» дер едім.

Жоғарыда айтып кеткенімдей, Елбасымыз қарапайым да қалың бұқара­­­ның арасында туып өсті. Ол қалалық емес, ауылдың баласы. Мұны өз естеліктерінде Елбасымыз әдемілеп жазған болатын. Алғашқы кәсіби білімді Украина жерінде алды. Кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында аға буын көтерген жүктің ауыртпалығын жан-тәнімен көріп білді. Сондықтан да болар, ол нағыз бауырмал әрі адамзаттың бәріне бірдей қарайтын тұлға болып сомдалды. Бір жағынан ұлт ұстазы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген өсиетін білетін, келесі жағынан адамзат тарихында болған қанды қақтығыстардың басым бөлігі дінаралық түсінбестік салдары екенін оқып-білген Елбасымыз өзі тұрғызған жас мемлекетінің шаңырағы шайқалмауын тілері даусыз ақиқат. Ал мұндай тыныштыққа қол жеткізу үшін 100 ұлттың өкілі тұратын Қазақстанда ұлттар достығын қамтамасыз ету қажет болды. Сол себептен де Қазақстан халқы Ассамблеясы өмірге келді. Даму барысында мұның өзі аздық ететінін көреген басшы дөп басып таныды. Нәтижесінде елімізге Рим папасы Иоан Павел ІІ келіп Жаратушыға мінәжат етті. Бастаған ісін дамыта түсу Н.Ә.Назарбаевтың басты қасиеті. Содан да болса керек, елімізде Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің адамзат тарихындағы тұңғыш құрылтайы өткізілді. Бұл құрылтай дәстүрлі әлемдік игілікке айналды. Сөйтіп, Нұрсұлтан Әбішұлы күні кешеге дейін, тіпті бүгіндері де бір-бірімен түсінісе алмай, оның ақы­ры қанды қырғынға ұласатын діни теке­тіресті жойып, әртүрлі діндер жетек­ші­лерінің бір дастарқаннан дәм ішіп, Жа­ратушы жалғызға Астанамызда мінә­жат ететін болды. Олардың бәрі де Жара­­ту­шымыз бір, бейбіт өмір сүруге болады дегенді тұңғыш рет бірге айтты. Бұл енді Н.Ә.Назарбаев көрегендігінің нәти­жесінде бүкіл жержүзілік игілікке айнал­ған табысу қадамы емес пе? Олай болса адамзат тари­хын­дағы мұндай тұң­ғыш және игі қадамды Нұрсұлтан Әбіш­­­ұлы жаса­ған «алтыншы ғаламат» деу қажет.

Президентіміз жайлы талай-талай нақты дәйекті сөздер айтуға болады. Өйткені, біз ол сөздерді Елбасымызды мақтау үшін емес ақиқатты халқымызға түсіндіру үшін айтамыз ғой. Мәселен, экономист ғалым ретінде өз басым «2050 Стратегиясын» Н.Ә.Назарбаев нұсқауымен жасалған көрегендік бағдарлама және қазақстандық «жетінші ғаламат» дер едім. Экономикалық жағынан алғанда еліміздің 2050 жылдан бұрын-ақ әлемдегі алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына қосылатынын осы арқылы отандастардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жоғары сапалық деңгейге көтерілетінін бұқаралық ақпарат құралдарында талай рет дәлелдеп жазып, айтып шықтым. Бұл жолы оған тоқталуды жөн санамадым. Ал енді мына бір ақиқатты айтпай кету мүмкін емес. Өзі шаңырақ көтерген шағында, жоғарыда айтқанымдай, қазынасында құнды ештеңе болмаған, экономикасы жансыздануға жеткен әлемнің бірде-бір дамыған мемлекеті мүлде танымайтын Қазақстан Республикасын бас-аяғы 50 жыл ішінде жер бетіндегі ең иықтылармен теңестіруді мақсат тұту Елбасымыздың нағыз кемеңгерлігін, халықшылдығын көрсететін тұс емес пе?! Мұндай биікке құлаш ұру тек біздің елдің қолынан ғана келіп тұр. Ескерте кетейін, таяуда ежелгі және кешеге дейін дамыған ел делінген Грекия бұл саптан шығарылды. Міне, біз қайда құлаш ұрғанымызды осы мысал ғана түсіндіреді ғой. 30 елдің сапында болу ұлттың толық сапалық жаңғыруы. Мұны ғаламат демей не дерсің?!

Талайлардың президент, премьер-министр болғысы келеді. Бірақ олардың бағы жанған санаулылары ғана бұл қыз­меттерге ие болады. Қазір әлемде 200-ден астам мемлекет бар екен. Демек, 200-ден астам президент, премьер-министр, король, королева бар. Бірақ, солардың ішінде бәрі бірдей бұқарасын ба­қытты етіп тұр дей алмаспыз. Ал біздің Елбасымыз халқын шын мәнінде бақытты болашаққа бастаған айрықша тұлға. Кезінде Ресей Федерациясының тұң­ғыш президенті ресми сапармен бар­ған Нұрсұлтан Әбішұлын шығарып са­лып тұрып, «мұндай Көшбасшысы бар халық бақытты ғой» дейтін көрі­не­­ді. Ол да жақсыны көре білген екен. Иә, біздер бақытты халықпыз. Бақыт­ты бо­луымыздың бастауында мемле­кеті­міздің кемеңгер Басшысы тұр. Жара­тушым, сол бақытымызды баянды еткей! Менің бұл тілегімді бүкіл қазақ­стан­дықтар қоштайды ғой деп ойлаймын. Өйт­кені, ұлт ұстазы Абай: «Сүйер ұлың бол­са сен сүй, сүйінерге жарар ол» деп өсиет еткенін бүкіл қазақ біледі. Иә, солай.

Сағындық САТЫБАЛДИН,

экономика ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университетінің профессоры, ҰҒАакадемигі.

АЛМАТЫ.

Соңғы жаңалықтар