Алматыда Қазақстан халқы Ассамблеясының этножурналистика саласындағы «Шаңырақ» республикалық шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Іс-шара Достық үйінде өтті.
БАҚ өкілдерін 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесімен құттықтаған ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев мемлекет саясатын ақпараттық тұрғыдан қолдауға, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін насихаттауға үлес қосып жүрген журналистерге алғысын айтты.
– Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығымен еліміз әлемнің саяси картасынан лайықты орын алып, биік халықаралық беделге ие болды. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде жүзеге асқан барлық реформ мен маңызды бағдарламалар, еліміздің қол жеткен табыстары журналистер назарынан тыс қалған емес. Қазақстан халқы Ассамблеясы жыл сайын мемлекет саясатын ақпараттық тұрғыдан қолдауға, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға белсенді үлес қосып жүрген журналистерді қолдау мақсатында «Шаңырақ» республикалық байқауын өткізуді дәстүрге айналдырған, – деді.
Құттықтау сөз барысында Жансейіт Қансейітұлы журналистердің қоғам өміріндегі маңызы мен әлеуетіне де кеңінен тоқталды.
– Осы орайда отандық журналистика қоғамдық келісімді дамыту, арандатушы ақпараттарға қарсы иммунитетті қалыптастыру және қоғам бірлігін сақтау тақырыптарын жиі көтеруі тиіс. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мен мемлекет саясатын халыққа түсіндіру мәселесінде де қолына қалам ұстаған ағайынның атқаратын рөлі айрықша. Біз әр уақытта барлық БАҚ өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге күш салып келеміз. Осы ретті пайдалана отырып, сіздердің тараптарыңыздан көрсетіліп жатқан ақпараттық қолдау үшін алғыс білдіремін, – деді Ж.Түймебаев.
Байқау қорытындысы бойынша Гран-при «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігіне табысталды. Бұл арнайы марапаттың жүлде қоры – 350 мың теңге. 1-орын «Абай» телеарнасындағы «Сарасөз» бағдарламасының жүргізушісі Елена Әбдіхалықоваға, «Алматы» телеарнасы директорының орынбасары Ралида Мұқановаға және «Қазақ үні» газетінің бас редакторы Қазыбек Исаға берілді. Ал «Қазақ газеттері» сайтының редакторы Берік Бейсенұлы, «Казахстанская правда» газетінің Алматы қаласындағы тілшісі Айгүл Тұрысбекова және «Kazakh-TV» арнасының тілшісі Жеңіс Ермұқановтар 2-орынға ие болды. 3-орынға «Ана тілі» республикалық газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан, «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Светлана Қожақұлова және «Хабар-24» арнасы жаңалықтар бөлімінің тілшісі Қорғанбек Көпей лайық деп танылды. Сонымен қатар 1-орын иегерлеріне – 300, 2-орын иегерлеріне – 200, 3-орын иегерлеріне 150 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табыс етілді.
Сондай-ақ бірқатар ақын, журналист, қоғам қайраткерлері «Қазақстан халқы Ассамблеясына- 25 жыл» медалімен және «Мейірім» төсбелгісімен марапатталды.
Іс-шараға этномәдени бірлестік өкілдері, Ассамблея мүшелері және республикалық БАҚ бас редакторлары қатысты.
АЛМАТЫ