Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өз есімін тек ел ертеңі, ұлт тағдыры, елдің асыл мұраты – білім беру және ғылым саласына ғана қатысты пайдалануға келісім бергені кім-кімді болмасын толғандырады. Қазірде сол Елбасының атын иеленген озық идеялар – Назарбаев Университеті мен Назарбаев Зияткерлік мектептері өзінің жасампаз инновациялық қадам екенін дәлелдеп, білім саласында Қазақстан мақтанышына айнала бастады. Бұл Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев есімінің ұлттық модель екенінің нақты айғағы. Енді осы бастаманы жастарды тәрбиелеуде ұлттық мұратқа айналдыратын болсақ, идеологиялық тұрғыдан тағы бір үлгі дүниеге келетіні сөзсіз.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өз есімін тек ел ертеңі, ұлт тағдыры, елдің асыл мұраты – білім беру және ғылым саласына ғана қатысты пайдалануға келісім бергені кім-кімді болмасын толғандырады. Қазірде сол Елбасының атын иеленген озық идеялар – Назарбаев Университеті мен Назарбаев Зияткерлік мектептері өзінің жасампаз инновациялық қадам екенін дәлелдеп, білім саласында Қазақстан мақтанышына айнала бастады. Бұл Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев есімінің ұлттық модель екенінің нақты айғағы. Енді осы бастаманы жастарды тәрбиелеуде ұлттық мұратқа айналдыратын болсақ, идеологиялық тұрғыдан тағы бір үлгі дүниеге келетіні сөзсіз.
Әр мемлекеттің ынтымағы мен бірлігі ұлт рухының қажыр-қайратымен өлшенсе, ұлттық идея халықты жігерлендіріп, басқа елден ерекшелігін айқындайды. Ұлттық мұраты биік ұлттық идеология елге көптен ілгері, ойлыдан озық әрі мықты екенін сезінуге мүмкіндік береді.
Тарихқа қарап отырсақ, кез келген елде ұлтын ұлықтап, болашаққа бағдар сілтейтін мыңнан ілуде біреу туған. Мұндай елі үшін отқа түскен дарасы да, ақыл айтар дана басшысының да болуы үлкен идеологиялық мұрат болып саналады. Алаштың азаттық алғаны күнінен бастап, елін еңселі келешекке қарай сенімді жетелеп келе жатқан, кешегі ұлылар өмір сүрген Ұлы Даланың ұлағатты ұрпағы, нағыз Елбасы бола білген білімдар әрі саясаткер, нағыз ұлтжанды патриот, өз заманына жете туған мемлекеттік қайраткер тұлға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев –осындай халқымыздың зор мақтанышы.
Тәуелсіздікке қол жеткен алғашқы айларда тоталитаризмнің қатаң тәртібінен қажыған, қайта құрудан тізе бүккен, ертеңгі күнге сенімі жоғалған халықты екі аяғынан тік тұрғызып, талай ауыртпалықты бірге жеңіп, жарқын болашаққа ұмтылдырған тұлға барлық құрметке лайық. 90-жылдар жаңадан егемендік алған жас мемлекетке барынша күрделі кезең болды. Өндірістің құлдырауы, ақшаның құнсыздануы, тауар тапшылығы халықты қатты үрейлендірді. Бірақ еліне демеу болып, сенім сыйлаған Тұңғыш Президент баршаны мойымауға, бірлікке шақырды. Болашақты айқындау жолында бір ел болып жұмылуға үгіттеді.
– Жеке мен үшін іс жүзінде сонау ырғақты кезеңнің әрбір күні ұмытылмақ емес. Біздің халқымызды ұзақ күткен бостандыққа әр қадам сайын жақындатқан сол бір күрделі оқиғалар туралы естеліктер өшірілместей менің жадымда, – деп сол тарихи күндер туралы толғана еске алады Нұрсұлтан Әбішұлы.
Мемлекеттік маңызды істі бастамас бұрын жеті рет өлшеп, содан кейін дұрыс шешім қабылдаған Мемлекет басшысының халық игілігі үшін жасаған істері қыруар. Ядролық қарудан бас тартып, 40 жылға жуық ұлы Абай даласын улаған сынақ полигонын біржола жауып тастау – әлемді тамсандырған ірі сенсация еді. Бұған ешкім таласа алмайды.
Сырттан келер сұқкөздерден құтылған соң, елдің елдігін ерекшелейтін ұлттық рәміздері, ақшасының нобайын жасау мақсаты тұрды. Осы үлкен іске де аса үлкен дайындықпен келіп, тарих бедерінде зерделенген, кешегі бабалар мұра етіп қалдырған таңбалар, ұлттығымызды нақыштайтын белгілер Елтаңбаға түсіп, көктегі жарқыраған күн, қалықтаған қыран Көк байрағымызға айналды, Әнұранымыз халқымызды рухтандырып, егілтті, мың өліп, мың тірілген болмысымызды, өткеніміз бен келешегімізді жырлады.
Н.Ә.Назарбаев: «Еліміздің ең басты жетістігі – халық бірлігі» деп үнемі айтып келеді. Бір шаңырақ астында түрлі ұлт өкілдерінің тату-тәтті өмір сүруі Елбасы ұстанған саясаттың ең аяулысы. Бұдан да әлемге үлгі болып отырған бастамаларымыз көп. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездеріндегі араағайындық, 7-ші Қысқы Азия ойындары, әлемдегі беделді ЕҚЫҰ-ға төрағалық, Ислам Ынтымақтастық Ұйымына жетекшілік, 2017 жылы Астанада өтетін ЭКСПО көрме жәрмеңкесі, тағысын тағылар. Бұлар Елбасы бастамаларының бір парасы ғана.
Міне, осындай кемеңгерлікті жастарға неліктен үлгі етпеске?! Жастардың Елбасына қарап бой түзегендері дұрыс. Президенттің отансүйгіштігі мен патриоттығын жастар үшін ұлттық мұратқа айналдырғанымыз жөн. Мемлекет басшысының еңбекқорлығы, ізденімпаздығы, сөзге шешендігі жастарға бірден-бір үлгі, өскелең ұрпаққа жақсы тәрбие беру құралы болғаны керек. Өйткені, Елбасы әрқашан жастар жағында.
«Ықылым заманнан бері қазақ атамыз «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген сөз қалдырған. Қазақтың бұл мақалының өзі бүгінгі күні айрықша мәнге ие болып отыр. Бұл заман – білекке емес, білімге сенетін заман. Заманауи әлемде елдің қуаты, ең алдымен, білім мен ғылымда болатын уақытқа келдік. Сол білімді қажетке, тұрмыс игілігіне жарата білуімізбен ғана бағаланады. Инемен құдық қазғандай, қиын да күрделі, орасан қажыр-қайрат пен ерік-жігерді талап ететін білімсіз өмір тұл», дегені жастардың әлі есінде.
Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат қылдық. «Қазақстан-2050» Стратегиясы – осынау мәңгілік жолдағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі.Тәуелсіз елді өз қолымен құрған буыннан басталған ұлы істерді кейінгі ұрпақтың лайықты жалғастыратынына кәміл сенемін», дей келіп, жастарға үлкен бағыт-бағдар берген еді: «Ал кейінгі толқын жастарға айтарым, сендер – болашаққа деген үкілі үмітіміздің тірегісіңдер.Біздің бүгінгі атқарып жатқан қыруар шаруаларымыз тек сендер үшін жасалуда. Сендер тәуелсіз Қазақ елінің перзенттерісіңдер.Тәуелсіз елде туып, тәуелсіз елде тәрбие алдыңдар. Сендердің азат ойларың мен кемел білімдерің – елімізді қазір бізге көз жетпес алыста, қол жетпес қиянда көрінетін тың мақсаттарға апаратын құдіретті күш».
Ұлылық пен батырлықты, данышпандық пен көрегендікті, ақыл мен парасатты сөз еткенде, амалсыз артқа қайырылып, өмірден өткен батырлар мен ойшылдарды, шешендер мен жырауларды әңгімеге қосамыз. Соларды үлгі тұтамыз, қадірлейміз. Бұл дұрыс-ақ. Ал бүгінгінің жарқ етер шолпандары қайда? Рас, үлгі боларлық ұлттық замандас кейіпкер фильмнің сюжетінде де, көркем әдебиетімізде де, театр қойылымында да, тіпті, төл мультфильмдерімізде де тіптен аз. Ал осы атқа толықтай сай келетін Елбасынан неге лайықты прототип жасамасқа?! Президенттің кез келген өмірлік эпизодтарынан еңбекқор азаматты, ұлтжанды қарапайым қызметкерді, білімге құштар адал да албырт жасты, елдікті ойлаған қайраткерді кездестіретінімізді айтудың қажеті жоқ шығар, сірә.
Көзі ашық, көкірегі ояу, ұлтжанды, саяси санасы терең жастар нағыз көшбасшы, патриот болуды елін сүйген, елі сүйген Елбасынан үйренулері қажет. Сондықтан, біздің ұлттық модель – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Барымызды уақытында бағалау қажеттігін қазірден бастап үйренуіміз керек екендігіне ешкімнің таласы жоқ шығар.
Динар НӨКЕТАЕВА,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық
университетінің ректоры.
АЛМАТЫ.