«Ағылшындардың мәңгілік досы жоқ, ағылшындардың мәңгілік қасы жоқ. Ағылшындардың мәңгілік мүддесі бар». Мұны кейбір кісілер ағылшындардың ерекше пір тұтатын тұлғасы, лорд Уинстон Черчилль айтқан десе, тағы да біреулері бұл сөзді ағылшынның ұтқыр саясаткері, кезінде осы елдің үкіметін басқарған Пальмерстонның аузына салады. Дегенмен, әңгіме онда емес.
«Ағылшындардың мәңгілік досы жоқ, ағылшындардың мәңгілік қасы жоқ. Ағылшындардың мәңгілік мүддесі бар». Мұны кейбір кісілер ағылшындардың ерекше пір тұтатын тұлғасы, лорд Уинстон Черчилль айтқан десе, тағы да біреулері бұл сөзді ағылшынның ұтқыр саясаткері, кезінде осы елдің үкіметін басқарған Пальмерстонның аузына салады. Дегенмен, әңгіме онда емес.
Ең бастысы, егер ағылшындардың мүддесі мәңгілік болса, қазақтардың неге мүддесі болмауы керек және мәңгілік сипатқа ол да неге ие болмауы тиіс?!
Иә, ұлттық мүдде – мазмұны мен ауқымы мейлінше кең ұғым. Ұлттық мүдде міндетті түрде қорғалуы керек. Осы ретте, ұлтты ұшпаққа шығаратын азамат, ұлтқа шым тереңнен ойлайтын, тым қияннан болжайтын тұлға қажет десек әсте қателеспейміз. Бірер мысал. Алып Қытай жол айрығында абдырап тұрғанда ұлтын Дэн Сяопинь бастап, халқын қазір АҚШ-пен иық тірестіріп, Жапонияны және Германияны экономика жағынан көп артта қалдырып отыр. Үндістан Ұлыбританияға жалтақтап қалғанда, Махатма Ганди басын бәйгеге тігіп шықты. Ең демократияшыл деп саналатын Америкада Франклин Делано Рузвельт президенттікке қатарынан төрт мерзімге сайланса, Шарль де Голь есімі Франция тарихында мәңгілікке жазылып қалды. Түрік елінде Мұстафа Кемал Ататүрік, Сингапурда Ли Куан Ю болып, әлемде осындай біртуар ұлт тұлғаларының есімдері жалғасып кете береді.
Қазақ қамы үшін де бабаларымыздың қаны аз төгілмеді, батырларымыз бүкіл өмірін ат үстінде өткізді. Ақтамберді жырау былай жырлапты: «Жауға шаптым, ту байлап, шепті бұздым айғайлап, дұшпаннан көрген қорлықтан, жылады жүрек, қан қайнап, елді, жұртты қорғайлап, өлімге жүрміз бас байлап». Яғни, ата-бабаларымыздың ұлы мақсаты тәуелсіздікті алу болды. Сол Тәуелсіздікті ХХ ғасырдың соңғы жылдарында алдық. Біз Тәуелсіздікті ұлтымыздың ұлы перзенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланыстырамыз. Көзі ашық қазақ ұлты, Қазақ елі мұны анық біліп, өз ұлтының тұлғасы Нұрсұлтан Әбішұлын барынша қолдап отыр.
Биыл 22 жыл толатын Тәуелсіздіктің қазаққа және қазақстандықтарға берген пайдасы, жақсылығы шаш етектен. Мұны жүрегінде иманы мен аузында тәубесі бар әрбір адамның мойындары хақ. Әрине, көпшілік болған соң түрлі мінезді адамдар болады, оның үстіне адам пенде жақсылыққа бойын тез үйретіп, бола түскен үстіне бола түссе дейді емес пе. Сондай-ақ, елдің өмірі мен тыныс-тіршілігінде игі жақсылықтардың қандай күшпен келіп жатқанына кейбір адамдар мән бергілері келмейтін де сыңайлы. Мұнайдың үстінде отырған араб елдеріндей неге шылқып байымаймыз дегендер де баршылық. Бірақ, олар қазақстандық әрбір жан басына шаққанда бар болғаны 4,8 тонна мұнай өндірілетініне, ал осы көрсеткіштің Біріккен Араб Әмірліктерінде – 122 тонна, Катарда – 90 тонна, Сауд Арабиясында 20 тонна құрайтынына және бұл елдердің мұнайды игеру тарихы бізден әлдеқайда терең екеніне көңіл бөле бермейді.
Шындап келгенде, егер кешегі мен бүгінгіні шынайы салыстыра білетін адам болса, көбірек шүкіршілік етер еді. Ал, енді сол шүкіршілік дегізетін нәрселердің артында Мемлекет басшысының тәулік бойы тынбастан еңбек жасап, елінің тағдыры үшін мойнына тарихи жауапкершілікті жүктеп отырғанын, тіптен кез келген ықтимал қауіп-қатерді халқынан бұрын алдымен өзіне қабылдауға әбден белін бекем буғанын, сөйтіп басын бәске тіккенін екінің бірі біле бермейді.
Мәселен, Мәскеудің ызғары қайта қоймаған сонау жылдары Назарбаев Кремльдегі Саяси бюроның шешіміне мойынсұнбай, Семей ядролық сынақ полигонын біржола жауып, орасан зор ерлікке пара-пар қадам жасады. Сәл кейін ядролық қарудан мүлдем бас тартты. Сол кезде қазақтың даласында дүниежүзіндегі ядролық қару-жарақтың бестен бірі орналасып, оның қуаты жер бетінің кез келген нүктесіне еркін жететіндей хәлде еді әрі тауын үгетіп, әрбір тасын құмға айналдыратындай жойқын күшке ие болатын. Сондықтан, «Ядролық қаруды уыстан шығармау керек», «Бүгіндері тек мықтымен ғана есептеседі», «Келісімшарт жасасып, ядролық қаруды өзімізде қалдырайық», «Ядролық қаруды алпауыт мемлекеттің біріне берейік», деген тәрізді іштегі небір ақылшылармен қатар, Батыстың, әсіресе, АҚШ басшылығы тарапынан Қазақстанға ядролық қаруды жоюды талап еткен ұсыныстар жеткілікті еді.
Алайда, Назарбаев өзіне ғана тән ерекше саяси көрегендікпен еліне, жеріне шапағаты молынан тиетін сындарлы да салмақты шешім қабылдады және де оны өзгелерге мойындатты. Сөйтіп, 1994 жылғы 5-ші желтоқсанда Будапешт қаласында іргетасын тамыры Ұлы даладан бастау алатын дала қыпшақтары қалаған зәулім сарайда ел тарихына алтын әріппен жазылатын айтулы оқиға орын алды. Қабырғалары алтынмен апталған, төбеден төмен қарай ілінген салмағы он тонна тартатын люстрамен көмкерілген бас айналатындай нән залдың ортасында біздің елдің президентін қаумалай бес елдің басшылары – Ельцин, Лукашенко, Клинтон, Кучма, Мейджор «Қандай да ядролық қару еш уақытта Қазақстанға қарсы қолданылмайды» деген кепілді растап қол қойды. Сонымен қатар, екі мың ядролық қаруды жоюға қажетті қаражат бөлініп, сонау Ұлы Отан соғысынан бері біздің мойнымызға ілініп келе жатқан қарыз қайтарылмайтын болып келісілді, елімізде барынша ыңғайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға толық мүмкіндік туды.
Осы сәтке куә болғандардың толқығаннан тұла-бойлары шымырлап, көздеріне жас үйірілгенін, сондай-ақ, әлемнің өзге елдері Қазақстанның бұл жарқын үлгісін қолдай отырып жаппай қарусыздануға жол ашылады деген сенімдерін ұмыту әсте мүмкін емес. Бірер айдан соң мұндай кепіл берушілердің қатары Қытай және Франция елдерімен толықты. Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық аренадағы тұңғыш әрі мәртебелі жеңісіне қол жеткізді, Қазақстанды бейбіт өмірдің символына айналдырды, ал БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Қазақстан үлгісіне әлемді шақырамын деп ашық мәлімдеді. Бір сөзбен айтсақ, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың аты адамзат тарихында өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан және сонысымен Ұлы Даланы бұл қауіптен құтқарған ең алғашқы Мемлекет басшысы ретінде алтын әріппен жазылып, мәңгілікке сақталып қалары анық.
Нәтижесінде, 2010 жылдың 12-13 сәуірінде Вашингтонда ядролық қауіпсіздік мәселесі бойынша өткен әлемдік саммитке Нұрсұлтан Назарбаев арнайы шақырылып, еліміздің мерейін өсіріп қайтты, әрі осы жылы кеңес дәуірінен кейінгі кеңістіктегі мемлекеттер ішінде бірінші болып Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп қана қоймай, 11 жыл қатарынан өткізілмей келген ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитін мейлінше жоғары дәрежеде ұйымдастыра білді.
Назарбаевтың республика халқының тұтастығын нығайту бағытында үзбей атқарып келе жатқан жұмыстары да елдің мүддесіне орай жүргізілуде. Осы ретте, әсіресе, Елбасының тікелей басшылығымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызы бөлек. Өз құрамына 130 этносты біріктіретін бұл Ассамблеяны бүгінгі күні «Кіші Біріккен Ұлттар Ұйымы» деп те атайды, себебі, ол барлық этносаралық қатынастар проблемаларын шешудің тікелей жолы мен нақты тетігі болып танылуда.
Нұрсұлтан Әбішұлының осындай әлемдік деңгейдегі салиқалы саясаты түптеп келгенде елін, жерін, бейнелеп айтсақ, «сырттағы жаудан және іштегі даудан» қорғаштай отырып, халқының әл-ауқатын жақсартуға қажетті деген түгел дерлік іс-шараларды жүзеге асыруға зор септігін тигізгенін айтқанымыз жөн. Соның арқасында еліміздің ішкі жалпы өнімі (ІЖӨ) жыл өткен сайын артып келеді. Бүгін біз ІЖӨ көлемі жағынан экономикалық мүмкіндігі орасан зор, 50 миллиондай халқы бар Украинадан артып түссек, бұл көрсеткіш Орталық Азия елдерінің ішкі жалпы өнімінің барлық жиынтығынан бір жарым еседей артық көлемді құрайды. Бәрімізге белгілі, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары инфляция 2000 пайызды құрап, мемлекеттің қазынасында бір тиын болмаған еді. Ал қазір Назарбаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық қордағы қаржы 80 млрд. доллардан асып жығылады.
Жалпы, осындай оң өзгерістерді Елбасы ұстанған «Әуелі – экономика, сосын – саясат» тұжырымының нақты жемісі деп қабылдауымыз керек. Елбасының бұл көрегендік саясаты кеше ғана орын алған әлемдік қаржы және экономикалық дағдарысты дүрбелеңге ұрындырмай, нық сеніммен еңсерді әрі елдің үдемелі индустриялық-инновациялық даму кезеңіне өтуіне мүмкіндік туды. Қазір жүздеген кәсіпорындар пайдалануға берілуде, шағын және орта бизнес қарқын алуда, сөйтіп, 100 мыңдаған жаңа жұмыс орындары пайда болуда, жастар оқу іздеп дүние жүзінің ең үздік деген университеттеріне аттануда, жаңа үлгідегі мектептер салынып, балабақшалар ашылуда. Жыл сайын бюджеттегілердің айлық жалақылары, зейнеткерлердің зейнетақылары, әртүрлі әлеуметтік топтардың жәрдемақылары өсіп келеді.
Әрине, жетістіктермен қатар, кемшіліктердің орын алып жатқаны ешбір құпия емес. Әрбір адамның бойында міні болатыны сияқты, кез келген қоғам да келеңсіздіктерден ада тұра алмайды. Былайша айтқанда, өмір қиындықты еңсеру үшін беріледі, сондықтан адам мен қоғам алдында проблемалардың тұрақты туындап отыруын заңды үрдіс ретінде қабылдаған ләзім. Ең бастысы – оларды шиеленістіре бермей немесе үлкен саясатқа айналдыруға тырыспай, қарапайым халықтың мүддесіне сай келетін дүниелерді қолға алу қажет және бұл тек бір биліктің ғана айналысатын шаруасы болмауы керек. Елбасымыз айтқандай, елге жаны ашитын әрбір азаматтың нақты істерге араласатын сәті туды. Ендеше, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жанына топтасып, халқымыздың әл-ауқатын мейлінше жоғары деңгейге көтеруге бірлесе күш салайық.
Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,
саясаттанушы, Бас редакторлар
клубының президенті.