Кеше «Назарбаев орталығында» Тұңғыш Президент күніне орай, жастарға арналған «Еркін елдің ертеңі» кітапшасының тұсаукесер рәсімі өтті.
«Отанды сүю – суығына шыдап, ыстығына күю», «Жер тағдыры – ел тағдыры», «Өткенге қарап, ертеңіңді түзе», «Мемлекет мерейі – мығымдылығында» деген атаулармен бірнеше бөлікке бөлінген кітапшаға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан мемлекеттілігінің жаңғыруы мен дамуы, арманы мен жарқын болашағы, бірлік пен адамгершілік, қазақстандық патриотизм, мемлекет, жаһандану, саясат пен экономика, өркениет пен мәдениет туралы таңдамалы нақыл сөздері мен ой-толғамдары топтастырылыпты.
Кеше «Назарбаев орталығында» Тұңғыш Президент күніне орай, жастарға арналған «Еркін елдің ертеңі» кітапшасының тұсаукесер рәсімі өтті.
«Отанды сүю – суығына шыдап, ыстығына күю», «Жер тағдыры – ел тағдыры», «Өткенге қарап, ертеңіңді түзе», «Мемлекет мерейі – мығымдылығында» деген атаулармен бірнеше бөлікке бөлінген кітапшаға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан мемлекеттілігінің жаңғыруы мен дамуы, арманы мен жарқын болашағы, бірлік пен адамгершілік, қазақстандық патриотизм, мемлекет, жаһандану, саясат пен экономика, өркениет пен мәдениет туралы таңдамалы нақыл сөздері мен ой-толғамдары топтастырылыпты.
Шараға қатысқан «Болашақ» бағдарламасының түлектері мен елорда мектептерінің оқушылары бұл кітап жастар үшін Елбасы айқындаған бастамаларды жүзеге асыру жолындағы рухани бастау бұлақ және болашаққа бағытталған даңқты жолдың бағдаршысы, дей келе, Елбасының: «Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Біздің болашағымыз – жастар», деген сөзін мысалға келтірді.
Іс-шараны ұйымдастырушылар қойын кітапшасы үлгісінде қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген бұл жинақ «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру барысында жастарға баға беретін бағдаршам іспетті екенін атап өтті. Сондай-ақ, жастарға артылған үлкен үмітті абыроймен ақтау мақсатында «кейінгі толқын «бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол» шығарып, ел игілігі үшін тынбай еңбек етулері керек» деген ойларын жеткізді. «Бұл шағын кітапша – елімізді ерлікке, халқымызды бірлікке шақыратын жалынды сөздердің жинағы. Ол келешекте әрбір қазақстандықтың қойын кітапшасына айналатынына сенімдіміз», деп қорытты олар бұл турасында.
Бұл күнгі шарада «Болашақ» бағдарламасының Абай Қожамжаров, Еркебұлан Мұқанов сынды түлектері де сөз алып, Елбасының Қазақстан мемлекетінің өркендеуі мен жаңаруына қосқан үлесі мен еңбегін, тәуелсіз Қазақстанның 22 жыл ішінде қол жеткізген жетістіктерін ой електерінен өткізді. Елдің ендігі болашағы өздерінің, яғни бүгінгі жастардың қолында екенін атап өтті. Мәселен, Швейцарияның беделді университеттерінің бірінде білім алған Е.Мұқанов Елбасының жастарға әрдайым көңіл бөле отырып, үлкен сенім артатынына, «Болашақ» бағдарламасы соның айқын дәлелі екеніне тоқталды. Мәселен, ол өз сөзінде: «Егемендік алған жылдардан бері қаншама мыңдаған жас шетел асып, әлемнің озық оқу орындарында білім алды. Бүгінде олар елімізге оралып, мемлекет игілігі үшін сан түрлі салада қызмет етуде. Қазіргі таңда да осы бағдарлама аясында білім нәрімен сусындап жатқан қаншама жас бар. Болашақта сендер де біздің, яғни аға-апаларыңның жолын қуып, «Болашақ» бағдарламасының түлегі атануларың әбден мүмкін. Ол үшін білімдеріңді молайтып, талмай ізденулерің керек», деп өзінің ағалық ақылын айтты.
Бұл күні, сондай-ақ, «Еркін елдің ертеңі» кітапшасының тұсаукесерінің аясында Н.Назарбаевтың «Ой бөлістім халқыммен» атты аудиокітабының AppStore, Play Market және Marketplace-ке арналған электронды қосымшаларының тұсауы кесілді. «Бұдан былай, аталған туындылар интернет-дүкендер арқылы барша қазақстандықтарға қолжетімді болады», дейді шара белсенділері.
Тұңғыш Президент күніне арналған тұсаукесер рәсімінің шеңберінде, сонымен қатар, жастардың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдаған бейнехаты көрсетіліп, бұдан кейін жиналған жұртшылық «Үлкен саясаттағы риясыз кездесулер» деректі фильмін тамашалады.
Шара соңында «Болашақ» бағдарламасының түлектері елорданың бірқатар білім ұяларының үздік оқушыларына Елбасының қолтаңбасы қойылып, тілегі жазылған кітаптарды табыс етті.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».