Тәуелсіз мемлекет, ерікті еркін ел бола алғанымыздың арқасында бұрын-соңды тарихымызда көрмеген жақсылықтарға бүгінгі ұрпақтың қол жеткізіп отыруы – ерекше бақыт.
Осы күнге жету жолында қаншама асулар мен белестерден өтті халқымыз...
... Өткен ғасырдың 80-ші, 90-жылдары сол кездегі Кеңес Одағы кеңістігі қайшылыққа, қоғамдық ағыстардың толқынына толы болды.
Михаил Горбачев билікке келгеннен кейін «қайта құру» науқаны басталды. Бұрынғы коммунистік партияның басшылығы қызметіне, коммунистік партияның қоғамдағы орнына және оның қызметінің сыни тұрғыдан сарапталуына айрықша басымдық берілгендіктен халық әуел бастан ол идеяны қолдады.
Тәуелсіз мемлекет, ерікті еркін ел бола алғанымыздың арқасында бұрын-соңды тарихымызда көрмеген жақсылықтарға бүгінгі ұрпақтың қол жеткізіп отыруы – ерекше бақыт.
Осы күнге жету жолында қаншама асулар мен белестерден өтті халқымыз...
... Өткен ғасырдың 80-ші, 90-жылдары сол кездегі Кеңес Одағы кеңістігі қайшылыққа, қоғамдық ағыстардың толқынына толы болды.
Михаил Горбачев билікке келгеннен кейін «қайта құру» науқаны басталды. Бұрынғы коммунистік партияның басшылығы қызметіне, коммунистік партияның қоғамдағы орнына және оның қызметінің сыни тұрғыдан сарапталуына айрықша басымдық берілгендіктен халық әуел бастан ол идеяны қолдады.
Бірақ, жақсы басталған сөз созбалаңға түсіп, нақты істердің немесе нәтижелердің төбесі көрінбей, қоғамда тек пікірталас өршіп, бұрынғының бәрін жоққа шығарудан аса алмай, жаңа қадамдар байқалмады. «Қайта құру» саясаты идеядан асып, нақты тиімді әрекеттерге шешіліп кірісе алмағандықтан оң нәтиже бере қоймады. Партияның белсенділігін және қоғамдағы рөлін күшейту туралы әңгіме неғұрлым көп болған сайын, солғұрлым партияның арасында қожыраушылық күшейіп, өріс алды. Күнделікті тіршілікке тән ұсақ-түйекке, мысалы вагондардан азық-түлік, құрылыс материалдарын, көмір-отынды түсіруге дейін Мәскеудегі Орталық партия комитетінен нұсқаулар келіп, шаруашылық басшылықтарының орнына партия ұйымдары араласып кетті. Шаруашылық мәселелеріне тікелей жауап беретін орындар жұмыс істеуді қойды, жауапкершіліктен шеттетілді. Олар партиядан қойылып жатқан мәселелерді партияның өзіне итеріп салып, қандай да кемшіліктердің бәрі партияның кемшілігі саналатын болды. Осы сияқты «қайта құру» идеясы дұрыс болғанымен, оның ұйымдастыру стратегиясы әуел бастан айқындала алмай, негізгі мақсаттары арнайы тұжырымдамамен бекітілместен көп жағдайда стихиялы түрде жүргізілді. Мұндай «бастама» партияның жетекші кадрларын жерден алып, жерге салумен ұштасып кетті. Горбачевтің өзі айтқан «төс пен балғаның ортасында» партияның басшылық қызметкері, символикалық түрде «төс» деген яғни жұмысшы табы, «балға», орталық билік, ал ортасында партияның қызметкерлері. «Таяқ жейтін» солар. Жалпы партияның өзінде көп мәселелер тоғытылып, жиналыс көбейіп кетті де, айтылған мәселелердің бәрі сөз жүзінде қалып, оның орындалуын ұйымдастыруға екпін берілмей қалды. «Қайта құру» идеясының өзі аяғы осылай сиырқұйымшақтанып, құмға сіңген судай болып жатты.
Биліктің жаңа құрылымын табу мақсатында сол кезде М.Горбачевтің КОКП Орталық Комитетінің ұсынысымен мемлекетті басқарушы президент институты енгізіліп, КСРО Жоғарғы Кеңесінің жиналысында Михаил Горбачев Кеңес Одағының президенті болып сайланды. Осы үрдіс алдымен Ресейде, одан кейін басқа одақтас республикалардың барлығында да енгізіле бастады.
1989 жылы 22 маусым күні Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумы болып, сол пленумда бұдан бұрын бірінші хатшы болған Геннадий Колбин Мәскеуге қызметке кетуіне байланысты жұмыстан босатылды да, оның орнына сол кездегі біздің республика Үкіметін басқарып тұрған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Келесі жылы, 1990 жылдың сәуір айында Жоғарғы Кеңес пен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің шешімі бойынша Қазақстанда президент институты енгізіліп, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Жоғарғы Кеңесте Қазақ КСР-інің Президенті болып сайланды.
1991 жылдың тамыз айында болған, Мәскеудегі Орталық билік өкілдері сол кездегі Кеңес Одағының вице-президенті Г.Янаев, яғни мемлекеттегі екінші адам бастаған әйгілі «тамыз бүлігі» Коммунистік партияның құлауына әкеліп соқты. Осыны жедел әрі орынды пайдаланып, бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған Балтық жағалауы республикалары, Кавказдағы республикалар өздерінің Кеңес Одағы құрамынан шығатындарын, тәуелсіз мемлекет болатындарын жария етті.
1991 жылдың 18-19 тамызындағы оқиғалар «тамыз бүлігі» деген атауларға ие болған. Біріншіден, оны ұйымдастырушылардың көздеген мақсатының ойраны шықты. Екіншіден, олардың сол кездегі Коммунистік партияның билігін тұрақтандырамыз, арттырамыз, Мәскеудегі Орталық билікті күшейтеміз деген ойлары жүзеге асқан жоқ. Керісінше, Орталық биліктің абыройын түсіріп, Коммунистік партияны таратуға басты себеп болып, олардың әрекеті «мемлекеттік төңкеріс» деп танылып, түгелдей жауапқа тартылды. Оның құрамында Геннадий Янаев, сол кездегі Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Анатолий Лукьянов, басқа одақтық дәрежедегі лауазымдық қызметкерлер болған.
1991 жылы «тамыз путчінен» кейін қысқа мерзімде бізде де, Қазақстанда өте жедел, жинақы түрде Нұрсұлтан Назарбаев өзінің толық билігін пайдаланып, кезектен тыс партияның съезін өткізіп, бұрынғы Коммунистік партияны таратты. Көп партиялылық жарияланды. Осыдан кейін ресми мемлекеттік билік партияның қолына емес, мемлекеттік ресми құзырлы орынның қолына көшті. Бірақ Президентті Жоғарғы Кеңес сайлағандықтан, оның билік құзыры соған да байланысты болды.
Нұрсұлтан Әбішұлы осы, тағы басқа ішкі, сыртқы жағдайды ескере отырып, елде бүкілхалықтық сайлау өткізуге өзі бастамашы болды. Көп ұзамай 1991 жылдың 1 желтоқсанына бүкілхалықтық сайлау жарияланды. Сол сайлау арқылы Қазақстанның жаңа дәуірге бет алып тұрған кезеңінде халықтың көңіл-күйін, шешімін байқау қажет болды.
Сайлауға бүкіл халық үлкен ықылас, қолдау көрсетті.
Бүкілхалықтық сайлаудың негізгі мақсаты халықтың билікке сенімін байқау арқылы елдің ынтымағын, тұтастығын қамтамасыз етумен бірге, қандай да жаңа реформаларға қолдау алу еді. Сонымен бірге, Президент билігінің ешкімге тәуелді болмауы, ешқандай мемлекеттік құзырлы орынға, ешқандай Кеңеске де, ешқандай партияға да тәуелді болмай, тек қана халықтың алдында жауапты екендігі туралы анық ұғым қалыптастырып, билік пен халық арасында жаңа қарым-қатынасқа жол салу ойда еді.
Бұл сайлау – тек сайлау ауқымы мен мәртебесін көтеру үшін ғана емес, ең алдымен халықтың жаңа санасына, қоғамның жаңа сапасына бет түзеу арқылы халықтың өз өкілеттігінің шынайылығын орнықтырып, билікте де, қоғам өмірінде де халықтың белсенділігін, жауапкершілігін арттыру еді. Бұл, сөз жоқ, бұқаралық сананың жаңа сатысы, жаңа сапасы болатын.
Коммунистік партия таратылғаннан кейін 1991 жылғы тамыздың аяғында Президент Жарлығымен жаңа билік құрылымдары құрылып, Қазақстан Үкіметінің жаңарған құрамы бекітілді. Солардың қатарында Баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары министрлігі құрылып, соның тұңғыш министрі болуға Президент осы мақаланың авторына сенім көрсетіп, Президенттің сайлауымен шұғылданатын бірден-бір жетекші министрліктің біреуін басқару бақытына ие болдым.
Қандайда «сайлау» деген науқан қоғамдық пікір, үгіт-насихат, қоғамдық көпшілік жұмыстармен байланысты, сондықтан, әрине, біздің министрліктің сайлауға байланысты жұмысы да, жауапкершілігі де молынан болғаны да табиғи.
Сайлау науқанына Президент лауазымында жүрген, әрі сайлауға үміткер ретінде қатынасатын Нұрсұлтан Әбішұлы өзі бас болып, белсене араласты. Әсіресе, ерекше есте қалған оқиғалар – Президенттің қалың елмен, сайлаушылармен кездесулері еді.
Сол кездегі Нұрсұлтан Әбішұлының ел алдындағы елді баурап алатын шын жүректен шығып, көмекейден төгілген адами шешендік сөздері, көпшіліктің сұрақтарына ұтқыр, арасында жұмсақ әзіл аралас жауаптары, әр кездесуі қоғаммен жұмыс істеудің тамаша үлгісі, саяси науқан өткізудің тұтас университетіндей болғаны да көз алдымызда. Сайлаушылармен кездесіп, олармен дидарласу, пікір алысу, сұрақтарына жауап беру мақсатында Президент барлық облыстарды түгел қамтып, аралап шықты. Елде естен кетпес кездесулер өтті.
Сайлау кезінде кейбір Үкімет мүшелері, лауазымды қызметкерлер Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге өңірлерге барып, кездесулерге қатынасу сеніміне де ие болдық.
Жамбыл, Қарағанды, Жезқазған облыстарына (ол кезде Жезқазған облысы бөлек) барғанда арнайы мәдениет сарайларының ғимараттарында, жұмыс орындарында халық өкілдерімен жоспарлы кездесулерден тыс кездесулер де халықтың ерекше көңіл күйін, болашаққа сенімін көрсетті. Сондай кездесулердің бірі – Тараз (ол кезде Жамбыл) қаласының Орталық алаңында театрдағы кездесуден соң жоспарсыз өтті. Алаңда мыңдаған адамдар жиналып тұрғанын көрген Президент автокөлікті тоқтатып, қалың елге қарай жүрді. Сол тұста қауіпсіздік қызметтерінің мазасызданғаны да рас. Бәріміз үшін күтпеген бұрылыс кездесу болды. Мерзім кеш қараңғылығы. Алаңда мінбе де, микрофон да жоқ. Мұндай кездесу жоспарланбаған. Нұрсұлтан Әбішұлы топтың ортасына кіріп, әңгімелесіп, біраздан кейін микрофон жалғанды. Әңгіме бір сағаттан астам уақытқа созылды. Жиналғандар соңында риза болып, ұзақ қол соғып, Президентке сәт сапар тілеп, қимай қоштасты.
Келесі күні Жезқазғанға келдік. Жезқазғанда да сондай үлкен кездесу болды. Жезқазғаннан кейін Қарағандыға келдік. Қарағанды, Теміртауда да орасан көп халық қатынасқан үлкен кездесулер өтті. Қай жерде де Елбасына деген халықтың сенімі мен қолдауы өте зор болды.
Сайлау бұрын-соңды болмаған халықтың ықыласын, сайлауға мүдделілігін, бірлігін көрсетті. Бұл – шын мәнінде өзінің мазмұны жағынан да, өткізу тәсілі жағынан да жаңа сайлау еді. Сайлау кезінде балама үміткерлер туралы да ашық әңгіме айтылып, балама сайлауға ұсынылған немесе біреулер ұсынған адамдардың барлығының өздері, іс басындағы Президент Нұрсұлтан Әбішұлына арқа сүйеп, «осы тұлғаға үміт артамыз, осы кісіге сенеміз, болашағымызды сеніп тапсырамыз», деп, бүкіл халық, тіпті оппоненттік көзқарастағы азаматтардың өздері Президентті қолдап шықты. Сайлау ерекше рухани жаңару жағдайын көрсетті. Халықтың шексіз сенімі бүкіл халықты бір мақсат, бір мүддеге жұмылдырып, сондай алмағайып заманда ел басқарар ерінің, жол сілтер көсемінің, сөз айта алар шешенінің жанына топтаса алды.
Ол кезде әлі біз Кеңес Одағының құрамындамыз. Біздің негізгі өнеркәсіп орындарымыз Мәскеумен, Одақтың кәсіпорындарымен тікелей байланысты, өнеркәсіп саласының 93 пайызы түгелдей Мәскеуден басқарылады. Қаржы, банк мәселесі түгелдей Мәскеудің қолында. Өнеркәсіп орындары тоқырап, өнім төмендеп, тұрмыс нашарлап, Одақ көлемінде экономика дағдарысқа ұшырап жатты. Мызғымастай болған Коммунистік партия құлап, тарағаннан кейін Одақтың не боларын біле алмаған қалың ел мұндайда тек сенімді тұлғаға ғана арқа сүйеп, тағдырының болашағын соған қосарына тоқтады. Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесулерге – мейлі ол жұмыс орнында, немесе мәжіліс залдарында, мәдениет сарайларында, тіпті, ашық алаңдарда болсын – ағылған елде есеп жоқ.
Сол кездесулерде ерекше бір ашықтық, айрықша сенімділік, бүкпесіз қолдау, шынайы ұйымшылдық болды. Қоғам жаңа кезеңнің қарсаңын сезінгендей рухани өрлікке, үмітке бет түзеп, еңсесін көтерді. Егемендік, тәуелсіздік туралы әңгіме қозғалғанымен әлі де Кеңес Одағынан бөлініп кетеміз бе, кетпейміз бе деген екіұшты толғақты ой тиянақтала қоймаған кез. Өйткені, сол жылдың наурыз айында Кеңес Одағы бойынша референдум өткізіліп, Кеңес Одағының сақталуы қажет пе, қажет емес пе деген сұраққа Қазақстан сайлаушыларының 80 пайыздан астамы «Кеңес Одағы қажет» деп дауыс берген. «Кеңес Одағынсыз жағдайымыз қалай болады?» дегендей дүдәмал сенімсіздік сананы жайлап тұрған кез. Қазір сол кезде солай болды дегенге таң қалатын адамдар көп. Өйткені, ол кездегі түгел тіршілік Кеңес Одағымен тікелей байланысты еді. Одақтың құрамынан шығып кетсек, қалай күн көреміз деген ой басымырақ болғаны да шындық.
Нұрсұлтан Әбішұлы президенттікке кандидат, үміткер ретінде барлық өңірлерде ашық кездесулер өткізіп, республика тарихында болмаған бұқаралық белсенділікке қол жеткізді. Бүкіл халық қатынасты кездесулерге. Халық ашық – «қайда барамыз?», «не істейміз?», «кім боламыз?», «қандай жолмен, қандай құндылықтармен жүреміз?» деген бағытта сұрақтарын да төгіп жатты. Тәуелсіздікке байланысты тың ойлар сол кездесулер үстінде айтылды. Жаңа экономикалық құрылым, жаңа бағыттар, жолдар, жаңа қоғам құру мәселелері кездесулердің өзегін құрады. Сонда барлық жағдайды түсіндіріп, Нұрсұлтан Әбішұлы: «Қалай болған күнде де бізге ешкім бір жапырақ нанын бөліп бермейді, біз өзіміз нан табуымыз керек деген ойда, яғни өз күнімізді өзіміз көретін жағдайда болуымыз керек, біз өз экономикамызды өзіміз жасауымыз керек, бізге ешкім жасап бермейді. Ол үшін барлық саланы реформалауымыз қажет, жаңа озық технология әкелуіміз қажет, бүкіл тіршілігімізді жаңартуға міндеттіміз. Әрине, ондай жағдайға жету үшін халықтың бірлігі, ынтымақтастығы керек, қоғамның тыныштығы, түсіністігі керек. Тек сондай жағдайда экономикалық реформалар жасауға мүмкіндігіміз болады», деп, экономикалық реформа қажеттіктерін және сол кезде кейінгі болған жаңалықтардың көпшілігінің алғашқы баспалдақтарын халық назарына жария етті.
1 желтоқсанда сайлаушылардың 98, 78 пайызының дауысын алған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті болып сайланды.
Тұңғыш бүкілхалықтық Президент сайлауы – біздің мемлекетіміздің тарихында, мемлекет болып құрылып, тәуелсіздік алардың алдындағы ең шешуші оқиғалардың бірі болды.
1991 жылғы 1 желтоқсан күнгі сайлау аяқталғаннан кейін Үкімет алдында ұлықтау рәсімін, ресми қызметке кірісу мәселесін конституциялық түрде өткізуді ұйымдастыру міндеті тұрды. Бұл жұмысты жүргізу Премьердің орынбасары Мырзатай Жолдасбеков басқарған топқа жүктелді. 1991 жылғы 10 желтоқсан – тұңғыш рет ұлықтау рәсімі болды. Ол туралы баспасөзде де әлденеше рет жазылды. Сондықтан оған көп тоқталмайын, ұлықтау рәсімі кезінде жұрт көңілінде қалған бір ғана, қас-қағым сәтті айтпай кете алмаспын.
Сол кездегі Қазақстан Туы сахнаға шығарылып, Нұрсұлтан Әбішұлы елге, Ту алдында тізе бүгіп, Конституцияға қолын қойып, мемлекетке адал қызмет ететініне тұңғыш рет ант берді. Жаңғырған ұлттық сана жаңа дәстүрге жол ашты.
Осы кезде оқыс, ешкім күтпеген, көзімен көрген адамның жүрегін дір еткізген бір көрініс болды. Нұрсұлтан Назарбаев ант беріп, өзі орнына отырған кезде сахнаның артындағы ауыр, үлкен шымылдықтың лебімен соққан желдің күшімен флагштокқа шаншылып тұрған ту құлай бергенде сәл шалқайып барып, шап беріп ұстап қалды. Бұл – ғажап көрініс болды. Ту құлап бара жатқан кезде жүрегіміз өкшемізге түсті. Ол туралы кезінде Мырзатай Жолдасбеков, Сауытбек Абдрахманов (ол кезде Президент Аппаратында бөлім меңгерушісінің орынбасары болатын) жазды. Сахнадағы жүріс-тұрыстың бәріне жауапты қызметкер ретінде Сауытбек бекітілген. Сондықтан оның бәрін тәптіштеп айтып жатудың қажеті болмас. Осы күнге дейін таң қалатыным – ту сыртында Тудың құлап бара жатқанын Президент қалай сезіп қалған?! Өзінің сезімтал сергек табиғатының, әрі жинақы, ширақ, спортпен шұғылданып жүргенінің арқасы болуы керек. Жел лебімен құлап бара жатқан Туды құлатпай, бір қолымен діңінен ұстап қалған кезде зал қол соғып жіберді. Сонда біз бәріміз ішімізден «Туымыз жығылмайды екен, қазақтың туын Нұрсұлтан Назарбаев қайтадан көтереді екен» деп ырымдадық, көкірегімізге сенім ұялады. Осы сәт менің үнемі көз алдымда, есімде.
Міне, осындай, кейде бір ғажайып, күтпеген оқиғалар, адамның сана сезіміне символикалық әсер ететін оқиғалар да болады.
Шүкір, халық сеніп тапсырған ұлт Туын Нұрсұлтан Әбішұлы өрлікпен, ерлікпен көтеріп-ақ келеді.
1991 жылдың 1 желтоқсан күні Қазақстанда өткен тұңғыш бүкілхалықтық сайлау, шын мәнінде, жаңа дәуірдің жаңа жаршысы, бастамашысы болды.
Сайлау Қазақстан халқының орасан бірлігін, тұтастығын, ынтымақтастығын көрсетті. Елдің еңсесі көтерілді. Қоғамда жаңа қатынас, жаңа дүниетаным, болашаққа деген сенім қалыптаса бастады. Халық өз тағдырын, өзінің даму, өркендеу жолын өзі таңдай алатынына көзі жетті.
Сайлау жаңа өмірдің, жаңа тарихтың беташар парағы болды.
Сайлау ұлтымыздың, халқымыздың еркін, тәуелсіз мемлекет құра алатынына сенім туғызды.
Ұлықтау (инаугурация) өткеннен соң Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен және өзінің белсенді түрде қатынасуымен Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесі депутаттарынан арнайы жұмыс тобы құрылып, оны әйгілі заңгер Сұлтан Сартаев басқарып, құрамында – Салық Зиманов, Манаш Қозыбаев, Жабайхан Әбділдин, Әбіш Кекілбаев, Зинаида Федотова, Шерхан Мұртаза, Ғайрат Сапарғалиев сияқты көрнекті тұлғалар бар, заң жобасын жасады. Сол заң жобасы 15 желтоқсан таңертең жарияланып, екі күн талқылау, пікірталастан өтіп, нәтижесінде 16 желтоқсан күні кешкі сағат он сегізден аса бере Заң талқылауы аяқталып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық Заң қабылданып, ғасырлар бойы ата-бабаларымыз армандап, талай ұрпақ жолында құрбан болған Тәуелсіздігімізді жария еттік.
Міне, сол кездегі біздің мемлекеттік тәуелсіздігімізге бет түзеген ірі оқиғаның бастамасы – 1991 жылдың 1 желтоқсанында өткен Тұңғыш Президенттің тұңғыш бүкілхалықтық сайлауы еді. Жаңа дәстүр жарыққа келіп, Тұңғыш Президент күні бүкілхалықтық мереке болып, тұрмысымызға енді. Сондықтан да, бұл күннің еліміздің тарихындағы орны бөлек. Бұл тек – жаңа дәуірдің жаңа дәстүрін бастап берген күн. Ол дәстүр біздің жасампаздық жолымыздың бастауына айналды.
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
«Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі.