Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда қабылдады. Аталған заң жобасына Парламент депутаттары бастамашы болды.
Қала мәртебесі қайта қаралады
«Заң жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының бастамашылығымен жасалып, қарыздық еңбек саласын құқықтық реттеудің болмауына байланысты түйткілді мәселелерді шешу мақсатында әзірленген. Қазақстанда қарыздық еңбек жергілікті нарыққа шетелдік капиталы бар ірі инвестор компаниялардың келуімен бірге пайда болды. Сонымен қатар қарыздық еңбектің негізгі аутсорсинг, аутстаффинг және іссапармен бару – үш формасының ішінде тек соңғы түрі Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде реттелген», деді аталған құжат жөнінде баяндама жасаған депутат Сергей Ершов.
Бұл заң аутсорсингтік компания жұмыскерлерінің еңбек құқығын қамтамасыз етуге, оларға өндіріс кезінде алған жарақаттары мен соған байланысты қайтыс болған жағдайда өтемақы төлеуге және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысуға мүмкіндік береді. Сенаторлардың айтуынша, персоналдарды беру қызметіне қатысты құқықтық реттеудің болмауына байланысты қарыздық еңбек жұмыскерлерінің құқықтарын өрескел бұзуға жол берілген. Бірдей лауазымда жұмыс істейтін, атқаратын міндеті, біліктілігі бір деңгейдегі жұмыскерлер компанияның штаттық қызметкерлерінен айтарлықтай төмен жалақы алады.
Олар салалық келісімшарттарымен қорғалмаған және жұмыстағы зиянды жағдай үшін қосымша төлемдер алмайды. Ұжымдық келісімшарттарға да қатыспайды, соған сәйкес ешқандай әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз етілмейді. Саланың қызметтік түрі бойынша әлеуметтік сақтандыру жүйесінде сақтандырылмағандықтан жұмыс барысында алған жарақат пен соған байланысты қайтыс болған кезде де тиісті деңгейде қорғалмайды.
«Еңбек мәселесі қашанда өте маңызды. Сондықтан бұл саланы заңмен қорғау үшін әрдайым нақты қадамдар жасалып келеді. Соның бірі – бүгін қабылданып отырған заң», деді Мәулен Әшімбаев.
Осыған орай Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне бірқатар өзгеріс енгізілді. Соған байланысты аутсорсингтік компания жұмыскерлеріне еңбекақы төлеу кезінде кемсітушілікке тыйым салынады. Сондай-ақ қосымша жыл сайынғы еңбек демалысы, жоғарылатылған жалақы, ауыр, зиянды және қауіпті жұмыста істейтін аутсорсингтік компания қызметкерлері үшін қысқартылған жұмыс уақыты қарастырылған. Одан бөлек, Азаматтық, Кәсіпкерлік кодекстер мен бірқатар заңға түзетулер енгізу көзделген.
Сонымен қатар отырыс барысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады. Құжат бірқатар Парламенттің бірқатар депутатының бастамашылығымен әзірленген.
«Заң жобасы Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымы саласындағы заңнаманы жетілдіруді көздейді және еліміздің әкімшілік-аумақтық бірліктерінің, оның ішінде аудандық маңызы бар қалалардың мәртебесін толық көлемде қамтуға бағытталған. Заңға сәйкес аудандық маңызы бар қалаларға халық саны 10 мың адамнан кем емес елді мекендер жатады.
Қазіргі уақытта 48 аудандық маңызы бар қаланың 13-і халықтың саны бойынша қала мәртебесіне сәйкес келмейді, яғни осы аудандық маңызы бар қалаларда тұрғындар санының аздығына байланысты олардың мәртебесін өзгерту қажеттігі туындады. Бірақ қолданыстағы заңнамада аудандық маңызы бар қаланың мәртебесін ауыл санатына өзгерту жөнінде норма қарастырылмаған. Осыған байланысты осы заң жобасында аудандық маңызы бар қалаларды өзге елді мекендерге қайта құру жөніндегі құзыретті айқындайтын түзетулер енгізіліп отыр.
Енгізілген түзетудің ұтымды тұстарының бірі – қала мәртебесінен ауылдық елді мекенге өзгерген жағдайда сонда тұратын азаматтар ауыл тұрғындары үшін заңдармен қарастырылған мемлекеттік әлеуметтік қолдауларға қол жеткізеді. Мысалы, денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет, әлеуметтік қамсыздандыру салаларының қызметкерлерінің жалақысына жергілікті өкілді органдардың шешімдері бойынша 25 пайыздан кем емес үстемеақы қосылады.
Оған қосымша тұрғындар коммуналдық төлемдерге, қызметтік тұрғын үйге, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша, «Еңбек» бағдарламасы бойынша кәсіптік білім алу мен ауылдық жерде кәсіпкерлікті қолдауға, дамытуға қатысты бірқатар жеңілдікті пайдалана алады.
Сондай-ақ заң жобасында халықты жұмыспен қамтудағы өлшемшарттардың ескіруі мен уақыт талабына сай болмауына байланысты «аудандық маңызы бар «қала», «кент» және «ауыл» ұғымдарынан қосымша өлшемшарттарды алып тастауды көздейтін түзетулер ұсынылады. Бұл түзетулер редакциялық сипаттағы түзетулер және қалалар мен ауылдардың өмір тіршілігіне әсерін тигізбейді», деді заң жобасы туралы баяндама жасаған сенатор Нұрлан Бекназаров.
Сенат отырысында депутаттар Жоғарғы сот судьяларын сайлау және қызметтен босату туралы мәселені де қарады. Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша Сәкен Абдолла және Мәдениет Омарбекова Жоғарғы сот судьялары болып сайланды. Жаңадан сайланған судьялар ант берді. Мемлекет басшысының ұсынуына және Конституцияға сәйкес сенаторлар Гахарман Дүйсенбаевты Жоғарғы сот судьясы қызметінен босатты.
Ветеринария жүйесіне қолдау керек
Отырыс барысында Премьер-Министрдің атына үш депутаттық сауал жолданды. Сенатор Ақылбек Күрішбаев ветеринария жүйесінің жай-күйі нашарлағанын айтты. Үкімет басшысына жолдаған сауалында депутат мұның себебі кезіндегі біртұтас ветеринария жүйесінің бөлінуінен және қадағалау функциясының әлсіреуінен деп түсіндірді.
«Тиімсіз реформаның соңы неге алып келгенін біздің жағдайымызға бейімделмеген малды жаппай импорттап, онымен бірге бұрын бізде болмаған көптеген экзотикалық жұқпалы ауруларды таратуға сеп болған «Етті мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыру» жобасының мысалынан көруге болады. Осы уақытқа дейін қоғамда импортталған малдың қалай бейімделгені туралы, олардың қаншасы ауру болып шыққаны, қаншасының жойылғаны, қандай ауру түрлерін әкелгені және қандай ауқымда таралғаны жөнінде ақпараттар берілген жоқ», деді А.Күрішбаев.
Сенат депутатының айтуынша, аса қауіпті аурулардың таралу фактілерін жасыру жаппай етек алып, күрделі мәселеге айналды. Бұл – эпизоотиялық жағдайды нақты бағаламаудан және ветеринарлық іс-шараларды дұрыс жоспарламаудан туындаған келеңсіз жағдайлардың басты себебі.
«Таяуда жоғары патогенді құс тұмауының өршуі ветеринария саласының қауқарсыздығын айқын көрсетті. Соның нәтижесінде құс шаруашылығы өнеркәсібінің бірқатар кәсіпорын жылдар бойы өсірген құстарынан айырылды. Оған қоса қазіргі экономикалық дағдарыс жағдайында республикалық бюджеттен 3,7 млрд теңге мөлшерінде өтемақы төлеуге мәжбүр болып отырмыз», деді сенатор.
Сенат депутаты ветеринария жүйесінің елдегі жемқорлық жайлаған салалардың біріне айналғанына алаңдаушылық білдірді. Мұның себебі – жалақының мардымсыз деңгейі (мал дәрігерінің орташа айлық жалақысы 80-100 мың теңге шегінде), зиянды еңбек жағдайлары үшін үстемеақының болмауы, материалдық-техникалық базаның артта қалуы.
«Сыбайлас жемқорлық ветеринарлық препараттарды мемлекеттік сатып алу жүйесін де терең жайлап кетті. Бұл – саланың сапасыз вакциналар мен диагностикумдармен жабдықталуына себеп. Ветеринарлық қызметтің негізгі түрлерінде мемлекеттік монополияның басым болуы және жергілікті жерлерде кадрлардың тапшылығы ветеринария саласына жеке капиталдың келуін іс жүзінде тоқтатып тастады», деді А.Күрішбаев.
Сенатор ветеринарлық инспекторлардың жалақысын көбейтумен қатар, еңбектің зиянды жағдайлары үшін, олардың аса қауіпті ауруларды жұқтыру қатерінің болуын ескере отырып, үстемеақы төлеуді көздеу қажет екенін айтты. А.Күрішбаев ветеринария және жануарларды есепке алу жүйесіне қазіргі заманғы цифрлы технологияларды енгізуді жеделдету, жоғары оқу орындарында ветеринария мамандарын даярлау жүйесін оқу процесін ғылыми-зерттеу қызметімен интеграциялау, ветеринарлық зертханалар жүйесін орталықсыздандыру және референттік-бақылау функцияларын күшейту жолымен реформалау маңызды екеніне тоқталды. Сонымен қатар депутат елімізде өндірілетін және мемлекеттік тапсырыс бойынша сатып алынатын ветеринарлық препараттардың сапасын бақылаудың тәуелсіз жүйесін құру қажеттігіне назар аудартты.
Көші-қон саласында түйткіл көп
Сенатор Айгүл Қапбарова азаматтардың еліміздің оңтүстігінен солтүстігіне көшуіне қатысты өзекті жайттарға назар аударды. Депутат көші-қон процестерін іске асырудағы мемлекеттік шаралар мен тетіктерге қарамастан, өңірлердегі көші-қон проблемалары толық шешілмей отырғанына алаңдаушылық білдірді.
«2018-2019 жылы және осы жылдың 9 айында Солтүстік Қазақстан облысына оңтүстік өңірден 5123 адам қоныс аударған болса, өңірден 10 мыңға жуық адам көшіп кеткен. Осы облыста 20 жылда 300-ге жуық мектеп жабылып, бастауыш және орта мектепте оқитындар 8 мыңға азайған. Мектеп ғимараттары аукционға қойылып сатылып жатыр», деді А.Қапбарова.
Соңғы 5 жылда елден 189 765 адам қоныс аударса, 70 933 этностық қазақ көшіп келді. Айырмашылық 118 832 адамды құрайды. Қазақстаннан шетелге тұрақты тұруға кететіндердің 43,8 пайызын 15 пен 34 жасқа дейінгі жастар құрайтыны алаңдатады.
Сенатор сыртқы көші-қонның санын азайту үшін ішкі көші қон үдерісіндегі еңбек теңгерімін тұрақты және тиімді қалпын сақтау маңызды екенін айта келіп, ел аумағының біртұтастығы үшін оңтүстіктен солтүстік аймақтарға бағытталған көші-қон үрдісін жалғастыру керек деп санайды.
«Қоныс аударушылар үшін мемлекет беретін тұрғын үйлердің көпшілігі қазіргі заманғы өмір сүру стандарттарына, санитарлық нормаларға сәйкес келмейді. Кейбір үйлер апатты жағдайда тұр. Қоныс аударушылардың кәсіпкерлік қызметпен айналысуға қолдау көрсетудің кейбір тетіктері жеткіліксіз», деді сенатор.
Сенатор қоныс аударушылар үшін тұрғын үй берудің нақты тетігін пысықтауды, бюрократиялық кедергісіз жер учаскелерін беру, қоныс аударушыларды жинақы қоныстандыру үшін жеке тұрғын үй салуға жеңілдетілген несие беру керектігін атап өтті. Сондай-ақ «Бір терезе» қағидаты бойынша қоныс аударушылар туралы деректердің бірыңғай автоматтандырылған ақпарат жүйесін енгізу қажеттігі айтылды.
Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы Ұлттық аударма орталығының кітап басу және аудару жұмыстары бойынша сөз қозғап, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы ғылыми және көркем әдебиеттің аударма ісін тоқтатпауды сұрады. Сенатор Үкімет басшысына жолдаған сауалында осыған дейін ұлттық бағдарлама аясында жұмыс істеп келген «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры қызметіне еліміздің бір топ белгілі ғалымдарымен бірге жан-жақты талдау жүргізгенін атап өтті.
«Көптеген сыни пікірлерге қарамастан, талдау және сараптау барысында аз ғана уақыт ішінде қыруар жұмыс жасалғанына көз жеткіздік. Аталған жобаның арқасында қазақстандық гуманитарлық білім мазмұны толықтай жаңарып, жаңа деңгейге көтерілді», деді сенатор.
Сенат депутаты «100 жаңа оқулық» жобасын «Болашақ» бағдарламасының ауқымды жалғасына теңеді. Аталған бағдарлама аясында осы уақытқа дейін қазақ тілінде болмаған, мүлде жаңа салалар таныстырылды. «Сондықтан да еліміздегі жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің 70 пайызы мемлекеттік тілде білім алатындығын ескере отырып, жоба аясында жинақталған қыруар білім мен тәжірибені жоғалтып алмау үшін еліміздегі ғылыми және көркем аударма жұмысын жалғастыру қажет деп санаймыз», деді М.Бақтиярұлы.
Депутат қазақ тіліндегі «100 жаңа оқулық» жобасы «Жаңа білім» деген жалпы атаумен жалғасуы тиіс деп есептейді. Және оның ауқымын кеңейту мақсатында жыл сайын аударылып басылатын кітаптар тақырыбын үш негізгі бағыт: жоғары оқу орындарына арналған оқу құралдары, әлемдік көркем әдебиет үлгілері, публицистикалық және іскерлік әдебиет үлгілері бойынша топтастыруды ұсынып отыр.
Осы уақытқа дейін «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі тармақтарының бірі «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында 2017 жылдан бері 77 оқулық аударылып оқу орындарына таратылған. Қалған 23 оқулықты аудару, басу және тарату жұмыстарын биылғы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.