Қырғыз Республикасы аумағындағы болып жатқан саяси тұрақсыздыққа байланысты Жамбыл облысы бойынша кедендік бақылау департаменті тарапынан арнайы бұйрықпен кеден шекарасы аумағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары қолға алынып, бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Нақты айтар болсақ, департамент бастығының міндетін атқарушы Ерқабыл Қожбановтың бұйрығымен Жамбыл облысы аумағындағы кедендік бақылау аймақтарына департаменттің контрабандаға қарсы күрес басқармасы, ішкі қауіпсіздік бөлімінің қызметкерлері, Қазақстан Республикасы ҰҚК шекара қызметі мен басқа да құқық қорғау органдарымен біріге отырып, “Қордай”, “Сыпатай батыр”, “Айша бибі” кеден бекеттері мен оларға қарасты бақылау-өткізу пункттерінде жедел-бөгеу шараларын жүргізуде.
Қырғызстандағы шиеленісті жағдайды бас пайдасына жаратып қалуға тырысушылар да жоқ емес. 9 сәуірде “Қордай” кеден бекетінде Әзірбайжан Республикасының азаматын тексеру кезінде кедендік ресімделмеген 317 дана техникалық алмас тас, 1 су тасы және моншақтар табылған. Сондай-ақ, сол күні Қырғыз Республикасынан Қазақстан Республикасына бет алған азаматша кедендік ресімдеудің жеңілдетілген түрі бойынша заңнамаларды бұза отырып, алтыннан жасалған 7 дана алқа, 9 дана әйелдер сақинасы, 1 дана ерлер сақинасы, 4 пар сырға және 5 дана алтын білезік пен кулондарды алып өтпек болған жерінде құрықталды.
Бұл фактілер бойынша еліміз ҚК-нің 209-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, арнайы орындарға жолданды. Кедендік шекарадағы қауіпсіздік шаралары одан әрі қатаң қадағалауға алынуда.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.