Сирия астанасынан солтүстікке қарай 55 шақырым жердегі Маалюле аулында қаруланған экстремистер монастырьге шабуыл жасап, бір топ монахиняны тұтқынға алып кеткен. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.
Ватикан елшісінің ақпары бойынша, содырлардың қолында кем дегенде 12 монахиня бар. Қазір бұл оқиғаға араб және әлем БАҚ өкілдері назар аударуда. Жергілікті телеарналар мәлімдегендей, «Аль-Каида» қозғалысымен байланысы бар экстремистер монастырьге басып кіріп, оның күл-талқанын шығарған. Сондай-ақ олар тағы бірнеше шіркеуді тонап, артынан қиратып кеткен. Содырлар жергілікті халықты қорқыту мақсатында тұрғын үйлерге оқ жаудырған көрінеді.
Сенбі күні бұл ауданда Сирия әскері содырлармен қақтығысқа түскен болатын. Сирия әскери басқармасының дерегі бойынша, көмекке келген әскерилердің арқасында содырлар қаладан ығыстырылып шығарылған.
Дүйсенбі күні Набак қаласынан қашып келе жатқан содырлар Маалюлю аулына шабуыл жасады. Сирия әскеріндегі ақпарат көзінің айтуы бойынша, Набак қаласы содырлардан толық тазартылды. «Ал Маалюле аулы экстремистік құрылым мүшелерінен бірнеше сағатта босатылады. Ол жерге әскер жіберілді», – деді ол.
Айдар Өрісбаев.
Дереккөз: Itar-tass.com