Бүгін, Астана қаласындағы «Нұрсәулет» бизнес орталығының мәжіліс залында «Жасыл аймақ» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Жұматай Сүйіндіков өзінің айыпталушы ұлына қатысты бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізді. Бұл туралы Egemen.kz тілшісі хабарлады.
Осыған дейін бірқатар басылымдарда Ж. Сүйіндіковтің ұлына қатысты біраз хабарлар жарияланған болатын. Солардың кейбіреулерінде «белді азаматтың «алтын ұлы» қыз зорлады деп те жазылды. Жарияланған ақпарға түсініктеме беруге келген Ж. Сүйіндіков өз мақсаты жайында ашып айтты. «Мен, біріншіден, еліміздің қарапайым қызметкерімін. Сенсеңіздер, әлі күнге дейін шетелге барып дем алған емеспін. Уақытымның бәрі елорданы көркейтуге арналып жатыр. Бүгінге дейін бас қала айналасындағы 65 мың гектар жерді орманды алқапқа айналдырдық. Басты міндет - қоршаған ортаның экологиялық тазалығын сақтау. Осындай міндеттерді алға қойған азаматқа соңғы кезде айтылған жөнсіз айыптаулар менің баспасөз мәслихатын өткізуіме түрткі болды. Әркімнің ары қымбат. Өзім және отбасым атына айтылған жаңсақ пікірлер жан-дүниемізді жегідей жеді. Ал ұлым айыпты болса, оны заң органдары жазалайды. Сондықтан журналистерден бұл мәселе туралы жазғанда, әділдікке жүгінуді сұраймын. Ал мен істің ақ-қарасына дейін жету үшін бар білімім мен тәжірибемді аянбай жұмсаймын», - деді ол сөз басында.
Естеріңізде болса, 2011 жылдың сәуірінде Ж. Сүйіндіковтің ұлы Мұрат пен оның қасында бір пәтерде болған Мұрат Түсіпов қыз зорлады деген айыппен құқық қорғау қызметкерлерінің қолына түскен. Айыпталушы жақтың айтуына қарағанда, құқық қорғау қызметкерлері алғашында Мұрат Сүйіндіковті 4 күнге қамап, ешқайда кетпеу қолхатымен босатып жіберген. Сосын биылғы жылы қайтадан қамауға алады. Осы аралықта бірнеше сот отырысы болып, соңғысында 2013 жылдың 15 сәуірінде Сарыарқа аудандық сотының судьясы Мұрат Сүйіндіковті - 6 жылға, ал оның қасында болған айыпкер Мұрат Түсіповті 8 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарады.
Алайда, баспасөз мәслихатында Ж. Сүйіндіков пен ұлының қорғаушысы Қайрат Күспеков аппеляциялық сотқа қайтадан шағым түсіретінін мәлімдеді. «Алғашқы жүргізілген сараптамада айғақты заттардан қызды зорлау белгісі анықталмаған. Ал 5 айдан соң жәбірленуші заң орындарына өзінің ішкиімін әкеліп көрсеткен. Осы кездегі жасалған сараптама қағазында басқа нәрсе айтылады. Мұндай кереғар тұжырыммен біз келісе алмаймыз», - дейді қорғаушы Қ. Күспеков.
Енді қозғалып отырған бар кілтипан осы сараптамаларға қатысты секілді. Айыпталушының әкесі Ж. Сүйіндіков әңгіме ретінде баласының жазаға тартылуын өзін жек көретіндердің іс-әрекетімен байланыстырды. Ал күдікті М. Сүйіндіковтің туысы Еркебұлан Сүйіндіков жәбірленуші қыздың сөзінде тұрмағанын айтты. «Сенің бауырың мені зорлады. Менің әкем Бас прокуратурада қызмет ақтарады. Сондықтан бұл істі аяқсыз қалдырмайды. Істің жабылғанын қаласаңыз, менің қолыма 800 мың доллар ұстатасыз. Олай болмаған жағдайда, бауырыңыз қамалады деп жәбірленуші қыз үрейімізді ұшырды», - деді ол.
Осы қоңыраудан кейін Еркебұлан жәбірленушімен кездесіп, оған мініп жүрген «Тойота» мәшинесін нотариус арқылы береді. Жәбірленуші қыз көліктің құнын 25 мың долларға бағалапты. Ал ақшаның қалған бөлігі - 5 мың долларды Еркебұлан қолма-қол берген. Бірақ жәбірленуші осыларды алып алғасын, ішкі істер департаментіне қайта арыз жазған.
Баспасөз мәслихатының соңында «Шаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Махамбет Әбжан журналистерге мына жайды баса айтты: «Әркімнің қорғануға құқы бар. Дегенмен, жеке басқа жөнсіз кір жағуға болмайды. Сол себепті Мұрат Сүйіндіковтің әкесі әділдікке жүгінгелі отыр. Өйткені, қорғаушылардың сөзінен мәлім болғанындай, жәбірленуші қыздың ішкиім түсіне байланысты айтып келген пікірлері бір-бірімен сәйкес келмейді. Екіншіден, бастапқы сараптамада зорлық белгісінің болмағаны көрсетілген».
Жиында айыпталушы жақтың айтқан ұстанымы - әділдіктің түбіне жету. Сондықтан біз әзірге нақты қорытынды жасай алмаймыз. Бұл ретте жәбірленуші қыздың өз пікірін айтуға да құқы бар...
Бақытбек Кенешұлы.
Дереккөз: «Egemen.kz».