Шымкент қаласында COVID-19 ауруының ықтимал толқынына үш сценарий бойынша дайындық жұмысы жасалынған. Бүгінде шаһарда А, В, С жоспары бойынша 5 416 төсек орнына дейін ұйымдастыруға мүмкіндік бар. Бұл туралы бүгін Президент жанындағы ОКҚ алаңында өткен баспасөз брифинг барысында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
"Тұрғындардың денсаулығын қорғау мақсатында көптеген шараларды қарастырып отырмыз. Атап айтар болсақ, қалада жалпы қуаттылығы күніне 3550 тестке жететін 9 ПТР зертхананың жұмысын жолға қойдық. Жедел жәрдем 100 автокөлігімен толығып, қуаттылығы тәулігіне 3 500-ге жететін call-center іске қосылды. Осы жылы 6,4 млрд теңгеге 7 медицина мекемелерінің ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал материалдық-техникалық жабдықтауға 6 млрд 600 млн теңге бөлінді", - деді М.Әйтенов.
Бүгінде Шымкентте 19 компьютерлік томография аппараты жұмыс істеп тұр. Жыл басында қалада 310 ИВЛ аппараты болса, қазір олардың 612-ге жетті. 3 оттегі станциясы орнатылды. Бұдан бөлек арналған сұйық оттегіге 9 резервуар орнату жұмысы жүргізіліп отыр.
Сонымен қатар бүгінгі күні қаланың дәріханаларында коронавирусты емдеу үшін 1,7 млрд теңге көлемінде дәрі-дәрмек қоры жасақталды.