• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
04 Желтоқсан, 2013

Кісілік келбеті

520 рет
көрсетілді

Сынаптай сырғып, қолға ұстатпас уақыттың билігіне бағынбайтын жан жоқ. Бүгінгі аяғын апыл-тапыл басқан балақай ертең аптал азаматқа айналса, бүгінгі жас ертеңгі қария. Ал сол уақыт билігіне бағына жүріп, қай кезеңде де, ол мейлі балғын балалығында болсын, қуаты темірдей, қылшылдаған жастық кезеңінде болсын, әлде бойдағы бұла қайрат кеміп, есесіне ақылы кемелденген, үлкендігімен бірге келетін түрлі салмақты парасатымен көтере білетін, барлығын ой-таразысына салып безбендеп, өлшер абыройлы ақсақалға айналғанда кісілік қалыбынан таймайтын жандар тым сирек болар. Тамырын тереңге жіберген тектілігі бар, көргені мен түйгені бар, кісіге жасаған қайырымы мен кеңдігі бар, кейде жанына жақпайтын істі көрсе тіліп айтар шешендігі бар, ойының оралымы мен көңілінің көркемдігі бар Кәрімжан ағаға үнемі таңданумен келемін.

Сынаптай сырғып, қолға ұстатпас уақыттың билігіне бағынбайтын жан жоқ. Бүгінгі аяғын апыл-тапыл басқан балақай ертең аптал азаматқа айналса, бүгінгі жас ертеңгі қария. Ал сол уақыт билігіне бағына жүріп, қай кезеңде де, ол мейлі балғын балалығында болсын, қуаты темірдей, қылшылдаған жастық кезеңінде болсын, әлде бойдағы бұла қайрат кеміп, есесіне ақылы кемелденген, үлкендігімен бірге келетін түрлі салмақты парасатымен көтере білетін, барлығын ой-таразысына салып безбендеп, өлшер абыройлы ақсақалға айналғанда кісілік қалыбынан таймайтын жандар тым сирек болар. Тамырын тереңге жіберген тектілігі бар, көргені мен түйгені бар, кісіге жасаған қайырымы мен кеңдігі бар, кейде жанына жақпайтын істі көрсе тіліп айтар шешендігі бар, ойының оралымы мен көңілінің көркемдігі бар Кәрімжан ағаға үнемі таңданумен келемін.

Жұмыста отыр едім. Кәрімжан аға телефон соқты. Дауысы тым ақырын, жай шығады: «Жаңа ғана Қостанайдан Рәшид телефон соқты, айтқан әңгімесінен қатты ауырып отырмын. Қибаш атаңның баласы Қаржау ағаң қайтыс болыпты, арты дауға ұласқандай, соған қазір жүргелі отырмын. Қу соғыстан ағайынды Шәку мен Қибаштың Әлиханы мен Мал­бағары аман келгенде осы дау тумас еді ғой». Аға шамалы үн­сіз қалды. «Қайтейін, Қибаш атаң­ның атын ататып жүрген Қар­жаудың өзіне дау туғанда, ертең...сонда...». Ағаның айта алмай, қиналып тұрған ойын түсінген мен ешқандай жұбататын да, көңіл алдарқататын да еш сөз таба алмадым. Ойыма әкем Қиекең деп қадірлеп отыратын Қибаш ата түсті.

Ол кісі кіндіктен де жалғыз емес, Шәку деген ағасы, оның Малбағар деген баласы болған, баласыз да емес, Әлихан ат­ты ержеткен ұлы бар, елдің қадір­менді адамының бірі. Соғыс бастал­ғанда Әлихан мен Малбағар алғашқылардың қатарында май­данға аттанады. Екеуі де со­ғыс­тан оралмаған соң, Қибаш атам әйелі Сәлөк әженің інісі Нақыптың бір баласын бауырына салады. Өйткені, Нақыптың әйелі Қымбат та өзіне аталас туыс қарындасы еді. Әкесі жағынан әйеліне, шешесі жағынан өзіне жақын, армандап жүрген атбайлар баланы үйге алып келгенде, Қибаш атаның көңілі жаздың жайлауындай кеңейіп, жадырап, масайрағаннан өңі кірген дөңгелек жүзіне көрік берген сұлу сақалын сипап, айналаға нұрын төгілдіре шашып, үлкен той жасаған. Кішкентай Қаржаудың отырғаны да, талпынғаны да, еңбектегені де, жүргені де бір-бір қуаныш болып, тек сол үй ғана емес, бүкіл ауыл Қиекеңнің жал­ғызы деп әлпештеп, үлкен шалдардың өзі Қаржаудың көшеде өзіне сәлем бергенін, өсіп қалғанын кәдімгідей жыр ғып айтатын. Уақыт өз дегеніне бағындырып, Сәлөк әже де, Қибаш ата да өмірден озды. Артында қалған ұлы Қаржау Қибашұлы Белгібаев бастап, бүкіл ел болып қостап, ол кісілерді соңғы сапарына шығарып салды. Ал Қаржау аға қайтқанда: «Ертең, о дүниеде алдынан сұрақ-жауап шыққанда, шын әкесінің аты аталуы тиіс», депті молда. Кәрімжан ағаның жанының қиналып тұрғаны осы сөз екен. Қаржау ағаның ауы­лына барған соң Кәрімжан аға молдаға: «Қарағым, қасиетті Құран Кәрімде, Пайғамбардың хадистерінде араздасқан адамдарды татуластыру үшін өтірік айтуға рұқсат берілетіні рас па? Егер рас болса, тірісінде бірі апа­сына, бірі ағасына: «Құдай алдында сұраусыз», деп беріп, шаранаға асық жілік ұстатып, анттасқан адамдардың «өтірігін» шығарғаныңды Құран не дейді?» – деген сауал қойыпты. Әйтеуір, не керек, Қаржау ағаның денесі жер қойнына Қибашұлы болып қойылды. Артынан Кәрімжан аға өзі жүріп, қаражатын қалтасынан шығарып, Қаржау ағаның көк тасын Астанада жасатып, оны және өзі апарып, қабірінің басына орнатып келді.

Ағаның анасы Шәрипа әжемнің өзі де, ісі де ірі болатын. Сырттан үйге кіріп келе жатып: «Қараңғы үйдің жарығы» деп еркелететін Кәрімжанының жалғыз болмасы үшін Шәрипа әже қандай қадамдарға бармады? Ол кісінің сол істері күні бүгінге дейін ел ішінде аңыздай болып айтылады. Бірде Кәрімжан ағадан осы жайттың анық-қанығын сұрадым.

– Ол рас, еш өтірігі жоқ, – деп бастады әңгімесін аға. – Әжем қарулы, қайратты кісі болатын. Қайныларын қолтығына қысып көтеріп кетіп, жұртты қыран-топан күлкіге қалдыратын. Мен мектеп оқушысымын, әкем қой бағады, ал сыртқа шығып, үйге қажетті ана-мынаны алып келетін әжем. Әжем қарап жүрмей әкеме бала туып беретін әйел қарастырады екен. Барып өзі сөйлесіп, беретінін беріп, арбасына отырғызып, үйге алып келеді. «Мына кісі кім?» – деп сұраған әкеме: «Қайтесің оны сұрап, осы үйдің адамы», – деп 1 жыл, 2 жыл ұстап, туса туды, тумай жатса, тағы да бос қайтармай өзі апарып тастайтын. Сөйтіп жүргенде, екінші шешемізге тоқталды. Одан алдымен Исатай (Сиса дейміз қазір), одан арасына екі жыл салып Жетпісбай інім туды. Әжемнің сол ісінен не зиян көрдім. Қазір ақар-шақар ел болдық. Жетпісбай бір ауыл ел, мен бір ауыл. Сисам мен Жетпісбайымды маған кім берер еді. Артымнан ерген бір туған інім мен қарындасым бар, менен бай адам жоқ. Балаларымның көкесі мен тәтесі десе шығарда жаны жоқ. Көрмесе көңілдері іздеп, көрсе қуана қауышып жатады.

Әжемдей адам сирек қой. Ат үстінде жүретін. Шиліден Торғайға дейін 120 шақырым ғой, содан қысты күндердің өзінде салт атпен келеді. Мен Торғайда пансио­натта жатып оқимын, сонда маған әкелетіні екі қалта сөк. Қартайғанда да сол ірілігінен жаңылған жоқ, ешқашан бір нәрсені жасырып-пысыруды білмейтін. Жақсы көргенін бар пейілімен жақсы көріп, тілеуін тілеп отыратын да, жаратпаса онысын да бетке ай­тып, әйелдердің арасынан гөрі ер кісілермен әңгімелескенді ұнататын, жарықтық. Топырағы торқа болғырлар. Әжем мен келі­ні Ғайша арасында ғажап түсіністік орнады. Ғайша жеңгең ер көңілді адам еді ғой. Осылай, деп аға әңгімесін қайырды. Аға рас айтады, Ғайша жеңешемнің аңқылдаған пейілі керемет еді. Ағайын-туыс, жақын-жуық қуанса шашуын арқалап, бір қойын сойып алып барып, тойға жанын салатыны, қуаныш, тіпті, жер шетінде болса да, қиналғанына қарамастан, арқаланып, дорбаланып жететіні осы күні көрген түстей. Менің өз анам да келінінің осы ісіне риза болып, бірде: «Айналайын, Кәрімжан жұмысбасты ғой, соны өмірі жоқтатпай салып ұрып жетіп келеді және тапқан балалары қандай, шетінен Кәрімжанның аузынан түскендей», деп Са­пар­күл, Қайырғали, Сапарғали, Бибігүлдердің ағадан айнымай қалған ұқсастығына ризашылығын білдіріп, жеңешемнің көзі жоқ жерде сыртынан мақтап отыратын.

Аға әңгімесін әрі қарай жал­ғады. Ол кезде 4 жаны бар үйге бір шелек қара тары беріледі. Соны кебегімен бір айға жеткізу керек. Бірде үйге қонақ келді ме, сол тары жетпей қалды. Әжем салып ұрып, орталықтағы Оразбек қайнысына барады. Екі кесе берген тарысын алып, үйге қарай кетейін десе, кеш батып қалған. Қайнысы Шоқанбайдың үйіне тоқтап: «Әй ұл, мен таңертең ерте шығып кетемін, өгіздерімнің шөбін дұрыстап сал», – дейді. Сосын, қайнысының үлкен айырмен шаншып тұрып мол етіп шөп салғанын көрген әжемнің көңілі демделіп, үйге кіреді. Заманның тар, уақыттың қиын кезі еді. Шамасы шөп аз болса керек, біраз оттаған соң, ағай өгіз алдындағы шөпті жинап алса керек. Ертесіне әжем шығып кетеді. Ауылдан ұзаған соң, аш өгіз басын шайқап, жүрмей тұрып алады. Қайнысын сыбап жүріп, елге қас қарайғанда бір-ақ жеткен әжеме енді әкем ұрыспай ма: «Осылай жүріп бір күні қасқыр жеп кетеді сені, ертерек шықсаң болмай ма?», – деп...

Содан біршама уақыт өтсе керек, мен ауылға қысқы дем­алысқа келіп жатқанмын. Кеш­кі уақытта сырттан бір құ­шақ бу мен аязды алып ішке «Асса­лаумағалейкум», деп еніп, сырт киімін шешіп Шоқанбай аға отыра бергені сол еді, әкем артқа бұрылып, ілулі тұрған қамшыны алып, інісін қақ басынан тартып жіберді. Қан бұрқ ете түсті, тымағы мен шекпенін қыстыра аға далаға тұра қашты. Әжемнің бұрынғы айтқаны естен шыққан, шалына айқайлап, қайнысының соңынан тұра қуды. Түні бойы әжем екеуміз ағаны айнала іздедік. Аты тұр, өзі жоқ. Амал жоқ, ақыры таба алмаған соң біз де келіп ор­­нымызға жаттық. Таңертең әкем қой бағуға шыққаны сол екен, шекесіне қан қатқан Шоқаң үйге кірді. Әжем бәйек болып, пеште тұрған жылы суды алып, қайнысының қанын жуып, үйдегі бар тамақты салып қазан көтерді. Түсте әкем келді. Шоқаң жүресінен отыра қалып ет турап, түк болмағандай ас іштік. Сенің оның не деген, я болмаса басқа айтқан еш әңгіме болған жоқ. Еке­уі отырып әңгімелесіп, ағам ауылына қайтып кетті.

Жетпісбай мектеп бітіріп, оқу­ға барарда аудан орталығына жүретін болды. Інімнен: «Қазір қайда барып түсесің?» десем, бір туыстың атын айтады. Содан оған: «Жоқ, сен өйтпе, қазір үлкен ісекті алып, Шоқанбай атаң­ның баласы Төлепберген ағаңның үйіне барып түс», – дедім. Барса, үйде Шоқаң бар екен. Жөн сұрасып, Бекболаттың бала­сымын дегенді естіген Шоқаң отырып Жетпісбайға жо­ғарыдағы әңгімені айтады және: «Айтшы, егер сені Төлепберген осылай сабаса сен не істер едің, көтерер ме едің?» деп сұрайды. Қандай әулие кісілер, қазір ағайын тұрмақ, әкесі есейген баласына сөзді байқап-байқап айтады. Қадір-қасиет, үлкенді ұлықтау қазақтың қанына сіңген қасиет еді, амал не, заманына қарай адамы да, – деп сөзін аяқтаған аға үнсіз қалды.

Кісіні жамандықтан жи­рен­тетін, «өкпеге қиса да өлімге қимайтын», кішісі үлкенін сыйлап, кесіп өтпейтін, әке мен бала, аға мен іні, жеңге мен қайны, нағашы мен жиен, құдандалы жермен сыйластықтың қадірін білген қазақы қалыптың қай­мағы бұзылмаған дәстүрінен тәрбие алып, оны заманына сай оқыған білімі мен білігі арқылы толықтыра түскен зерделі жанның кісілікті келбетін ауылдас айтқан бір әңгіме тірілте түсті. Ағаның маған жақын екендігін білетін сол кісі: «Шіркін, Кәкеңдер асыл ғой. Ол 20 жыл кеңшардың директоры болып тұрғанда, біздің ауылдан бір адам істі болып сотталған жоқ. Ауданның, бірінші хатшысының өзі: «Көкалатқа сот та, прокурор да қажет емес, азаматтың аза­маттығы осындайда деген», деп там­сана отырып айтқаны бар. Кәрімжан ағадан осы сөздің анық-қанығын сұрадым.

– Кім айтса да шындығын айтқан екен. Екі кеңшардың директоры болдым, сонда құрығын сүйретіп жылап келген жылқышы да, таяғын ұстап қалған қойшы да, мойнына ақша мінген дүкенші де кездесті, қалқам. Бірақ соның бірін соттатқан жоқпын. Елдің іші бір-біріне ағайын-туыс, жегжат, құдандалы болып келеді ғой, ақсақалдарды жинап ақыл­дасатынмын, бірде тіпті соманың көптігі сондай, ауыл­дағы 5-6 өзге ұлт өкіліне кредит алғызып (көбіне сайда саны, құмда ізі жоқ, тек күнелтісі үшін жүрген жандарға), оны ретін тауып жауып отырдық, сөйтіп, ешкімнің де көз жасына қалмадым деп көңілім тоғайып айта аламын, – деген ағаның кісілік келбеті көз алдымда бұрынғысынан да биіктей түсті.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар