Грузия Премьер-министрі Николоз Гилауридің Қазақстанға жуырдағы сапары жеміссіз болмайтын сыңайлы. Екі ел кәсіпкерлері арасында экономикалық қарым-қатынастарды әрі қарай дамытуға қызығушылық бары байқалады.
Алматыда осы бастамаларға қатысты өткен баспасөз мәслихатында Грузияның Қазақстандағы елшісі, сондай-ақ екі елдің іскер топ өкілдері елдер арасындағы экспортты арттырудың алдағы бағыттары туралы мәлімет беріп өтті. Грузияның Қазақстандағы елшісі Паата Каландадзе екі елдің қарым-қатынасы өте сәтті дамып келе жатқанын нақты мәліметтермен атап, Қазақстан Грузияның негізгі экономикалық әріптестерінің біріне айналып отыр, деді. Соңғы үш жылда қазақ бизнесі Грузияда тікелей инвестиция көлемі жөнінен алдыңғы шепке шықты.
Екі жақты экономикалық ынтымақтастықтың нақты мысалына құрылған баспасөз мәслихатын өткізуге Қазақстанның Алкогольсіз сусындар қауымдастығы мен “ІDS Боржоми-Грузия” компаниясы мұрындық болды.
– Грузия тауарлары, әсіресе, сусындары қазақстандық тұтынушылардың сұранысына ие. Атап айтқанда, грузиннің биылғы жылы өндірісіне 120 жыл толатын “Боржоми” арасан суы Қазақстанда тұрақты сауда өсіміне қол жеткізіп келеді, – деді Алкогольсіз сусындар қауымдастығының атқарушы директоры Әлия Әбдірахметова.
“Боржоми” сауда маркасының қожайыны “ІDS Боржоми-Грузия” компаниясының бас директоры Заза Киквадзенің айтуынша, дағдарысқа қарамастан Қазақстанда “Боржоми” арасан суының саудасы жүріп тұр. “Қазіргі таңда “Боржоми” суы Қазақстанда шетелдік арасан сусындар ішінде ең көп таралды, ол рынокта 80 пайыздан астам көрсеткішке ие. Біз үшін “Боржоми” – рынокта үлкен сұранысқа ие өнім ғана емес, сонымен бірге бүкіл әлемге танымал және уақыт сынынан өткен су ретінде ұлттың мақтанышы. Біз әрбір құтыға арасан суды Боржоми алқабындағы бұлақ көзінен тікелей құямыз және оны Қазақстандағы тұтынушыға ерекше ілтипатпен ұсынамыз, – дейді Киквадзе мырза. – Грузия “Боржоми” суы талғамы күшті қазақстандық тұтынушының сұранысына ие болғанымен мақтана алады”.
Еліміздегі “Боржоми” суының ресми дистрибьютері “Food Trade House” ЖШС компаниясының директоры Нұржан Қожамұратовтың айтуынша, өткен жылы Қазақстанда арасан сулар рыногы 250 миллион литрді құраған, бұл 2008 жылғы көрсеткіштен 11 пайыз төмен. Бірақ, арасан суды тұтыну көрсеткіші түскендігіне қарамастан, “Боржоми” бренді елдің барлық аймақтарында саудасы тұрақты түрде өсіп отыр. Грузияның жоғары сапалы арасан суының дәрумендік қасиеттері жайлы Қазақ тағамтану академиясының вице-президенті, профессор Юрий Синявский де айтып берді.
Сонау 1890 жылы Боржоми қаласында алғашқы “Боржоми” суын дайындап шығарған арасан сулар зауыты жұмыс істей бастаған. Алғашқы құйма зауыты минералды сулар саябағында орналасып, оған Романовтар әулеті қожалық еткен. 1900 жылы боржомилік арасан су өндірісі жылына 1 миллион шөлмектен асып жығылады. Содан бері су дүниенің төрт бұрышына танымал болып, қазір ол әлемнің 30 еліне экспортталады. Жақында “Боржоми” Ұлыбритания, Түркия рыногына шығарылған. Сол сияқты, биыл Таяу Шығыс елдеріне экспорттау ұлғайтылады деп жоспарланып отыр.
Біздің еліміз бұл суды 60 жылдан бері ішіп келеді. Тәуелсіз Қазақстанға “Боржоми” ресми түрде 1999 жылдан бері экспортталуда.
Ғалымдардың заманауи зерттеулеріне көз салсаңыз, адам күніне шамамен үш литр сұйықтық ішуі керектігі айтылады. Соның көп бөлігін ауыз су құрайды. Қазақтанда ауыз су және арасан суларды қолдану көрсеткіші жылына жан басына шаққанда 30 литрден аспайды. Ал Италия тұрғындары жылына шамамен 116 литр ауыз су тұтынады екен.
Айнаш ЕСАЛИ.