• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
04 Желтоқсан, 2013

Ортаға салар ой

302 рет
көрсетілді

 

Өткенге көз жүгіртсек, әрдайым мемлекеттің мемлекеттік-саяси егемендік алуы бұқараның тарихи санасының қалыптасуымен ұшырасып отыратынын байқаймыз. Елбасының «Абылай аңсаған азаттық» атты мақаласында: «Бүгінгі таңда, тәуелсіздік алған жылдары бойында жинақталған тәсілдемелерді пайдалану арқылы ұлттық тарихты түбегейлі қайта зерделеу орын алып отыр», – деген сөздері де осыны айғақтайды.

Өткенге көз жүгіртсек, әрдайым мемлекеттің мемлекеттік-саяси егемендік алуы бұқараның тарихи санасының қалыптасуымен ұшырасып отыратынын байқаймыз. Елбасының «Абылай аңсаған азаттық» атты мақаласында: «Бүгінгі таңда, тәуелсіздік алған жылдары бойында жинақталған тәсілдемелерді пайдалану арқылы ұлттық тарихты түбегейлі қайта зерделеу орын алып отыр», – деген сөздері де осыны айғақтайды.

Тарих ғылымы саяси философиямен, мемлекеттік билікпен байланысты. Қандай да болмасын мемлекеттік билік тарихты зерттеу үдерісін өзінің саяси-идеологиялық негіздеуіне және нығайтуына пайдаланады. Бұл тұрғыда тарих ғылым ретінде билікке тәуелді, оған белгілі бір дәрежеде бағынышты. Биліктің ұзақ уақытқа тарих ғылымын өзінің назарынан тыс қалдыру мемлекетке тиімсіз және дұрыс емес. Ресей президенті В.Путиннің ресейлік тарихи сананы қалыптастыруға негіз бола алатын арқаулық оқулықты жасау идеясын ұсынуы осы жағдаймен байланысты деп ойлауға толық негіз бар. Түпкі ой бойынша, мұндай оқулық Ресей тарихының фактологиялық және теоретикалық қырларын бағалауда бір ымыраға келу болып табылады. Бұл мәлімдеме антилибералдық болып көрінгенмен, мұндай оқулықтың жазылуы қажеттіліктен туындап отыр, өйткені, ол мемлекет пен қоғамның рухани негіздерін нығайту идеясына қызмет етуге бағытталған.

Әсіресе, жас мемлекетке тарихты қай­та зерделеу кезеңінде тарих ғылы­мы­ның дұрыс, арқаулық әдіснамалық негі­зін, дәлірек айтқанда, тарихтағы өзі­нің халқының, мемлекетінің орнымен байланысты жалпы теоретикалық қағи­даттарды, идеяларды, түсініктерді табу маңызды. Аталмыш теориялық-арқаулық түсініктерді негіздеу мемлекет үшін халықтың жалпы рухани қалпына тікелей әсер ететін отандық тарихи сананың жағдайының ерекше маңыздылығымен айшықталады. Оны ескермеу мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін де әлсіретеді.

Осыған байланысты Балтық респуб­ликалары, Украина және кейбір басқа да посткеңестік мемлекеттердің билік тізгінін ұстаушылар өздерінің тарихшы ғалымдары арқылы ұлттық тарихтарының жеке фактілеріне басқаша түсіндірмелер берумен шектелмей, оған қоса өздерінің халықтарының әуелгі әдіснамалық түсініктерін өзгертуге тырысып бағуда. Бұл ұмтылыстың негізінде осы мәселенің шешілуіне байланысты елдің болашағы қандай болатындығына алаңдаушылық жатыр. Бұл мемлекеттердің саясаткерлерінің коммунизм және нацизмді бір мағынада қарастырулары, «Ұлы Отан соғысы» түсінігінен бас тартып, «Голодомор» түсінігімен ауыстыру және оның зардабын кеңестік биліктің қасақана жасаған қылмысы деуі кездейсоқ емес.

Жоғарыда аталып өтілген жайттар, әрине, Отан тарихын зерттеуде нақтылаудың қажеттілігін еш кемітпейді. Керісінше, тарихи танымның әдіснамасының дұрыс қағидаттарын табу нақты тарихи оқиғалар мен фактілерді тиімді зерттеудің қажетті негізі мен шарты болып табылады. Бірақ бүгінгі таңда, Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы М.Тәжин үстіміздегі жылдың маусым айында Астанада өткен ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында сөйлеген сөзінде айтқандай, Қазақстанның тарих ғылымы теориялардың артықшылығы мен молшылығынан гөрі, жетіспеушілік пен тапшылықтан жапа шегіп отыр. Отандық тарихшылардың бір бөлігінің еңбектері сапасы мен мазмұны жағынан терең мағыналы зерттеулерге емес, көбінде анықтамаларға, мағлұматнамалық құжаттарға, ақпар-кітапшаларға ұқсайды.

Мұндай зерттеулерде тарихи факті­лерді теориялық тұрғыдан талдау тәртібінің қажеттілігі, тарихтың дамуының жалпы заңдылықтарына тән үрдісін зерттеу және анықтау жағы ескеріле бермейді, тіпті, назарға да алынбайды.

Мәселенің мәні, әрине, тарихи фактілерді теориямен ауыстыруда емес, ал тарихтың әдіснамасының мәселелерін барынша терең мағыналы қылып жасау қажеттілігінде тұр. Фактологиялық іргетас әрқашанда Отан тарихының мызғымас арқауы болып келді және алда да бола береді. Тарихи фактілер әрдайым тарихшылардың айғақ заты болып табылады. Бұл арада әңгіме, қазіргі отандық тарихи зерттеулердің теориясы мен фактілерінің органикалық бірлігін қамтамасыз етуде, тарихтың әдіснамасы мен эмпирикалық базасын дұрыс байланыстыру жолдарын табуда болып отыр. Басқаша айтқанда, отандық зерттеулердің тарихи фактілеріне теориялық, әдіснамалық негіздеу жетіспейді. Көбінде, бұл жағдай, отандық тарихшылардың теориялық білімге қарсы бағытталған қате түсініктерінің, тарих ғылымының әдіснамалық аппаратын жасау қажеттілігін жете түсінбеуінің салдары. Ескеретін жай, тек бұл ғана емес. Қазіргі уақытқа дейін КСРО-ның тарих ғылымын­да тарих философиясының мәселелері мен әдіснамасын жасау басымдылығы мен құзыры көп жағдайда елдің орталықтары болып табылатын Мәскеу мен Ленинград ғалымдарының еншісінде болғанын естен шығармауымыз керек. Бұл дегеніміз, шет аймақтардың зерттеушілеріне көп жағдайда деректік-статистикалық түсініктемеші рөлі берілді, сол себепті олардың еңбектерінде теориялық-әдіснамалық мәселелер аз қарастырылды. Сондықтан қазіргі таңда теориялық ізденіс ретінде қазақстандық тарих ғылымы алғашқы қадамдарын жасап жатыр деп толық негізбен пайымдауға болады.

Осыған байланысты отандық тарихты теориялық-әдіснамалық қайта зерделеу Қазақстанның мемлекеттік-этникалық өзін-өзі анықтау, билеу, көп ғасырлық өзіндік даму тарихы бар байырғы ұлт қазақ мүдделерін негізге алу тұрғысынан жүргізілуі керек. Бүгінде отан тарихының дамуын тарихи танудың әдіснама саласының маңызды бір бөлігі болып табылатын тарих философиясының мәселелері жете жасалмағандығы ерекше сезіліп тұр. Бәрімізге мәлім және толғандырып жүрген мәселе, әлі күнге дейін отандық философия отандық тарихи үдерісінің дүниетанымдық, іргелі сұрақтарын қажетті деңгейде қайта зерделей ала алмай отырғандығы, соның ішінде, біз, қазақтар, кімдерміз, дүниежүзілік тарихта қандай орын аламыз, біздің арғы аталарымыздың тарихта қандай рөлі болған деген сияқты сауалдарға жауап берілмегендігі. Қазақстан тарихындағы ұлт тұлғаларының рөлін анықтау, тарихи үдеріске өркениеттік парадигмаларды қолдану, қазақтардың көшпелі қоғамында мемлекеттіліктің рөлін қайта қарастыру мәселелері де осы қатарда тұр.

Рас, осы сұрақтарға жауап табуға ұмтылыс тіптен болмады деп айта алмаймыз. Бұл сұрақтарға әрқайсысы өз түсінігіне сай жауап беруге тырысып бағуда. Сөйтіп, қалыптасқан жағдай тарих философиясының аталмыш мәселелерін қарастыруда қазақ халқының тарихын кемсітіп қорлайтын және төмендететін еуроцентристік көзқарастың үстемділік етуіне әкеліп отыр. Сондықтан, отандық тарихшылар алдында тек ғылыми ғана емес, сонымен қатар, бұқаралық сананы мұндай психологиялық стереотиптен арылту міндеті тұр.

Бірақ тарих әдіснамасы тек тарих философиясының мәселелеріне ғана келіп тірелмейді. Отан тарихының әдіснамалық мәселелерін жасау Қазақстан тарихы ғылымының тікелей теориясы ретінде маңызды болып табылатын қазақтардың этногенез мәселесі, Қазақстанның Ресейге қосылуы, Қазақстан тарихын дәуірлерге бөлу, ұлт-азаттық қозғалыстар, кеңестік модернизациялау және т.б. сияқты тар мағынада да қарастырылуы қажет.

Тарихты зерттеудің танымдық тетігі болып табылатын әдіснаманы қолданудың өзі де өзгерістерге зәру. Бәрімізге мәлім, әлемдік тарихи ой, әсіресе, Батыс тарихты тануда алуан түрлі теориялық құралдарды табысты пайдаланады. Бұл тұрғыда, герменевтика теориясының танымдық құралдары, Анналовтың тарихи мектебінің жетістіктері, В.Дильтейдің ілімдері және көптеген басқа тарихты танудағы Батыс әдістері қызығушылық тудырады. Осы аталған әдістерді қолдану, сөз жоқ, отандық тарих ғылымының танымдық сипатын айтарлықтай байыта түседі.

Демек, Отан тарихы танымдық құрал ретінде қолданып жүрген бірқатар ғылыми беделінен айырылған әдістерден бас тартуы керек. Айталық, тарихи тұлғалар жайлы ойымызды қазіргі уақыттың құндылықтары және моралімен салыс­тырып, пішіп-кесетініміз бар. Бұл үлкен қателік. Тарихқа төрелік жүрмейді десем, келісетін шығарсыздар. Мұндай құқықтық желігуді еңсеруге, атап айтқанда, тарихи мәтіндерді зерттеу барысында зерттеушілерден назардағы дәуірге әбден берілуді талап ететін, осы дәуірде үстем болған құндылықтардың шындығына жетіп, сол заманда өмір сүрген тарихи тұлғалардың ой-пиғылын, ниеттерін, ықылас-тілегін, ынтызарын түсініп, талдап және ескеріп барып, олардың жасаған істері мен тарихтағы рөлдерін бағалауға герменевтика әдісі көмектесе алады.

Тарих әдіснамасының бір бөлігі болып табылатын тарихи танымның отандық эпис­темологиясы тарихты тануда іс-жүзінде қолданылатын әдістердің әртүрлілігін қажетсінеді. Бұл мақсатқа жету үшін тарихшылар өз уақытында жемісін берген, бірақ қазір іске тұсау болып отырған оқшаулану құрсауынан шығуға тиіс. Отандық тарих ғылымына философиямен, тек қана онымен емес, өзге ғылымдармен, атап айтқанда, психологиямен, этнологиямен, археологиямен, палеонтологиямен, жаратылыс ғылымдары – математика, биологиямен және т.б. одақ құру керек. Бұл одақ, іргелес ғылыми пәндердің тоғысуы, олардың жетістіктері мен құралдарын қолдану – әрі қарай тарих шындығын танудың олқылықтарын жеңудің жолы, жалпы, отандық тарих ғылымының дамуының жетістігінің кепілі болатындығы сөзсіз.

Тағы бір назар аударатын жайт, отан­дық тарихтың дамуындағы қазіргі өзгерістерді, кейбіреулер көбіне деректеметану сипаттағы жаңа құжаттардың Қазақстанда және шетелдерде ғылыми айналымға енгізілуімен байланыстырады.

Бірақ, бұл отан тарихының қазіргі жағ­дайындағы өзгерістің қажетті және ма­ңызды жағының бір ғана бағыты. Маңыз­дылығы жағынан кем түспейтін тағы бір міндет – біздің ғалымдардың отандық та­ри­хи ойларын тарихтың әдіснамалық сұ­рақ­­тарын жасауда белсенділік танытуға бұру.

Мұндай өзгерістерді ең алдымен, та­рихшылардың жас буын өкілдері жүзеге асыра алады, өйткені, оларға қазіргі уақыт талап ететін жаңашылдықты қабылдау көп жеңіл. Бірақ мұның өзі, мемлекеттің тарихшыларды дайындауға қатысты ұстанымын белгілі деңгейде өзгертуін қажет етеді. Бұл тұрғыда, тарих зерттеушісінің мамандығы беделді болуы керек, «тарих» мамандығына тек қана зерттеушілік қабілеті бар, дарынды жастардың ағылуын қанағат тұтпай, соның ішінде тарихи процесті теориялық, әдіснамалық игеруде икемі мен дағдысы барларды көптеп тартуға күш-жігер салу керек. Студент тарихшыларды әдіснамалық негізде дайындау мақсатында тарих факультеттерінің оқу бағдарламаларына «Тарих философиясын» міндетті курс ретінде енгізу де елеулі көмек болар еді.

Сонымен, отандық тарих ғылымының әдіснамалық аппаратындағы өзгерістер өзінің кешенді шешімін талап етіп отыр. Отандық тарихтың теориялық мәселелерін жасаудың маңыздылығын жете түсіну, зерттеушілердің тарихпен іргелес басқа ғылымдар өкілдерімен тығыз одақтасуының қажеттілігі, студент-тарихшыларды дайындауда білім беру жүйесін өзгертуді.

Сапар КОЛДЫБАЕВ,

А.Байтұрсынов атындағы

Қостанай мемлекеттік университеті философия кафедрасының меңгерушісі,

философия ғылымда­ры­ның докторы, профессор.

Соңғы жаңалықтар