• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
04 Желтоқсан, 2013

Алға асыққан Ақтоғай немесе аудан әкімімен өткен бір күн

403 рет
көрсетілді

Аймақтағы алыс аудан орталығы – Ақтоғайға ертелете келген бетімізде әкім Ниқанбай Омарханов жолға шыққалы отыр екен. «Балқаш жақтағы ауылдар шаруашылықтарын аралап, одан әрі Шашубай кенті, Ақжайдақ стансасына барып қайтпақпын. Кеңседегі сырттайғы әңгімеден гөрі елі іші тынысын көзбе-көз көргеніңіз жөн болмас па», деді. Тілегеніміз алдан шыққандай ойды құп алдық. Осы қызметке тағайындалғанына көп бола қоймаған жаңа басшы бұл сапарында біраз жерлерде болып, біраз мәселелерді анықтау үшін біраз жол жүруге тура келетінін де ескертіп өтті.

Аймақтағы алыс аудан орталығы – Ақтоғайға ертелете келген бетімізде әкім Ниқанбай Омарханов жолға шыққалы отыр екен. «Балқаш жақтағы ауылдар шаруашылықтарын аралап, одан әрі Шашубай кенті, Ақжайдақ стансасына барып қайтпақпын. Кеңседегі сырттайғы әңгімеден гөрі елі іші тынысын көзбе-көз көргеніңіз жөн болмас па», деді. Тілегеніміз алдан шыққандай ойды құп алдық. Осы қызметке тағайындалғанына көп бола қоймаған жаңа басшы бұл сапарында біраз жерлерде болып, біраз мәселелерді анықтау үшін біраз жол жүруге тура келетінін де ескертіп өтті.

Қыстаққа оралған жастар

Алдымен Арқа табиғатының таңғажайып жаратылыстарының бірі – Қызыларай тауының бергі адырлары баурайындағы қыстаққа жол түсті. Бүгінде мұндай жер­лердегі көзге жағымды көріністер таңсық болмаса да қыратта жеке тұрған әп-әдемі үй, одан әріде оңа­шалау жып-жинақы, жан-жа­ғы тап-таза шаруашылық ны­­сандары іс жай-жапсарын бірден аңғартқандай болды. Тастан қаланған мал қора, кең жазғы албар, техника қойылған мүйіс, мая-мая шөп бір-бірінен бөлек. Ұқсатымпаз қолдың, ша­руа­қойлық ықтияттылықтың ізі білі­неді. Осының бәріне бас-көз жап-жас жігіт Ернұр Қазанғапов: «Әкей бастап үйреткен жұмыс, талап қой», дейді.

Қалада оқып, қоныстанып, алаң­сыз тұрмыстағы бауыры Ар­нұр екеуі әкенің жапан түздегі жанталас еңбегін көріп жүріп, көмекке келмеу­ге қалай шыдасын, келіншектерін де көндіріп, ертіп ауылға оралыпты. Міне, қазір 900 ірі қараның, 428 жылқының, отар-отар қойдың өсіп-өнуіне қол ұстаса ұйытқы болып отырған көрінеді. 40-қа тарта ауылдастары ортақ жұ­мыстың бел ортасында.

«Мадияр» аталатын шаруа қожа­лықтары қазық тепкен қыс­тақтағы өзгеше бір жаңалық – тұрмысқа, бүкіл шаруаға қажетті электр көзін күн сәулесі арқылы қалыптастыру іске асырылған. Биіктеу тұста орнатылған батареялы табақшалар күн қызуынан қуат алып, үйлерінде теледидардың қалаған сәтте жарқ етуіне, телефон байланысының үзілмеуіне, сүт тартылуына, қоралар жарықсыз болмауына жеткілікті энергиялық күш беретіндігі айтылғанда әкім де елең ете түсті. Аудан жерінің түлік өрбітуге қолайлы қойын-қойнауларындағы 283 қыстақтың әзірге 100-ге жуығын осындай тәсілді қолдануға тарту арқылы жо­баның тиімділігіне көз жете түсіп, мақсат орындалғаны аңға­рылды.

Алайда, ағайынды фермерлер айтқандай, бұл оңай шара емес екен. Ең алдымен, қаражат жағы қиналтады. Мұндай қондырғы орна­ту үшін кем дегенде 4 миллион теңге жұмсалуы қажет. Та­быстары біршама орнықты әрі әр нәрсенің қисынын келтіруге өзіндік талпынысқа икемді, уақыт талабынан хабардар бұлар дүние жинауға қызықпай, іс келешегін ойлап, табиғи энергия көзін пайдалану арқасында қыстақтағыларды рахатқа бөлеген. Ал көрпесі тарт­са аяғына, жапса басына жет­пей­­тіні бір бөлек, барын той-то­малаққа төгетін бірде көл, бірде шөл шаруа қожалықтарының мүм­кіндіктері келе ме? Өздерінен еш артықшылығы болмаса да із­дену жағынан ілгері тұрған аға­йынды Қазанғаповтардың жа­ңашылдыққа ұмтылысын көзбе-көз үлгі ету, электрдің «қол­­­да­ғы» қуатын қолдана білуге демеу­ші­лерді жұмылдыру, осы бағыттағы танымдық-наси­хаттық жұмыстарды ширату сияқты шаралар өз нәтижесін берер деген үміт бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі мұндайларды қол­дап, арнайы субсидия бөлуді қарастырса, қиян түк­пірлердегі еңбеккерлердің тілеуі одан сайын жанар еді деген ой біздің айтпағымыз.

Жаңа кәсіп – жаңа нәсіп

Өмір бәріне де бейімдейтіндігі бұдан әрі жалғасқан Қаратал ауылы тұрғындарының заман талабына сай талпынуынан танылғандай болды. Мұнда алыс-жақыннан келушілердің та­биғат аясында сая­хат құруына, тынығуына қыз­мет көрсетуші кәсіпкерлер тобы қалыптаса бастапты. Қонақ күтуді бір кісідей білетін жұрттың іскерлері енді ежелгі меймандостықты көп ел­дерді аралаған, көпті көрген жандардың талғамын табуға деген ұмтылыспен ұштастыра түскен. Іргедегі Ақсораң биігі етегіндегі ойдым-ойдым орман-тоғай, жаз ортасы неше түрлі табиғи жемістер иісімен мұрын жаратын тау іші, көне дәуір адам­дарының тасқа таңбалаған аң-құс суреттері, сол заман сәу­­лет өнерінің ескерткіштері шо­ғырланған Беғазы қорымы әсемдікті тамашалауды ұната­тын­­дарға ұмытылмастай әсер қалдыруымен қоса, қолдан жасал­ған ұлттық тағамдар жайлы жа­зылған алғыс-лебіздер, әсіресе, осы істі алғаш ұйымдастырушы Рау­­шан Дүйсембекованың арнаулы дәптерінде өте көп екенін көрдік.

Күні кеше үйде бос отырған жұмыссыз әйел бұрын-соңды таныс емес кәсіпті үйіріп алыпты. Жолдасы Асқар мен балаларының күшімен жаңартылып салынған шағын мейманхана соншалықты жарқ-жұрқ етпесе де, жан жылуымен баурайтын болар, ауылдағы осы үйді таңдаушылар көп кө­рінеді. «Кейінгі кезде туристер саны ұлғаюда. Айына 10-15-іне қызмет көрсетеміз», дейді ол. Аудан әкімі алдында тілегін де біл­дірмей қалмады. Өзіне ғана емес, әріптестік істегілерге ортақ мәселе – жолдың нашарлығын айтты. Баяғы ойқы-шойқы көтер­ме жол әдемі көлік мінген саяхат­шылар түгілі жергілікті көн­біс жолаушылардың да өзін қа­жы­татындығын біз де көріп, машина шоқақтаған сайын әкім де ойлана түсіп келген болатын. Туристік инфрақұрылым жақ­сартылса дүниенің түкпір-түк­пірінен тарихы қызғылықты өлкені қызықтаушылар ағылғалы тұрғандай екен, шіркін.

Сүт өндірушілер серпілді

Бұдан соң бағыт Балқашқа түзелді. Қаладағы «Балқашсүт» зауыты мен аудан шаруашылықтары арасындағы өзара байланыстың көңіл қынжылтарлықтығын жо­лайғы әңгімеден біліп келген едік. Анау бір жылдары Қарағанды дүкендері сөрелерінде көп тұр­майтын өнімдерімен танымал болған кәсіпорын аты соңғы кезде естілмей, заты көрінбей кеткен болатын. Түйткіл мәселелерді қал­дырмай баяндады кәсіпорын директоры Қадыржан Қаспақов. Зауыттағы жоғары өндіріс мәде­ниеттілігі тағы көз тартты. За­ма­науи үлгідегі технологиялармен то­лығыпты. Бірақ цехтардың бір шеті бос. Жұмысшылар қарасы сел­діреген. Өнім өткізу көлемі тө­мендеуі осыған мәжбүр еткені сезіледі.

Бүгінде айына сүт тағамдарын 900 тонна мөлшерінде өндіру­мен шектелуге көшкен. Қараған­дыдағы «Нәтиже» фирмасы сияқ­ты бәсекелестердің пайда болуы, көрші елдер кәсіпорындары өнімдерінің көбеюі істі баяу­латқан. Сонымен бірге, сүтпен қамтамасыз етудің нашарлауы да үлкен оралғы болуда көрінеді. Күніне 20 тонна сүт қабылдай аламыз. Жақын маң­дағы ауылдарда сол үшін арнаулы пункттер ашқанымызбен, байланыс нығаймады. Оны бірлесіп ұйымдастыруға селолық округтер әкімдері оншалық құлық та­нытпады. Тегін емес, сатып алы­натындықтан жергілікті жұрт­тың артылған сүт арқылы табыс табуына мүмкіндігі барына қолдау жасалмады. Мәсе­лен, Ортадересін ауылындағы «Қалиасқар» шаруа қожалығы өткен айда 24 тонна сүт өткізіп, 3 миллион теңгеге тарта кіріс ал­ғанындай, басқалардың да қо­сымша пайда құрауына болады. Есептеуімізше, ауданнан жылына 8 мың тонна сүт жиналар еді. Өкінішке қарай, тең жарымына да қол жеткізе алмай жүрміз, деп мәселе түйінін сездірді директор.

Аудан аумағындағы «Балқаш­балық» зауытында да күрделі жайлар жеткілікті болып шықты. Оны өтпелі кезең қиындығында талау-тонауға ұрындырмай, сақтаушы Ахат Құспаевтың айтуынша, Бал­қаш балығына сұранысқа орта жолдан килігіп, қиып тастаушылар аз емес. Басқасын былай қойғанда, облыстың құс фабрикалары балық сүйегі ұнын жақын жердегі осы кәсіпорыннан алмай сонау Ресейден тасымалдайтындығын қайтерсіз. Соның салдарынан олардан тапсырыс мүлдем бол­мағандықтан, тауық-үйрекке қа­жетті жемдік затты Қостанай облысына өткізуге тура келіп жүруін көпе-көрнеу еле­меушілік емей не дерсіз? Жы­лына 800 тоннасын шығаруға жағдайы толық зауыт 200 тоннасын ғана місе тұтуға мәжбүр.

Кәсіпорынның балық қақ­тай­тын, сақтайтын сыйымдылығы 1 мың тонналық тоңазытқыш және аумағы футбол алаңындай қоймасы қаңыраған қалпында тұруына да іш ашыды. Соның екіншісіне құс балапандарын өсіріп, еттендіру үшін пай­да­лануға болмақ ұсыныс зауыт өкілдері көңілінен шықты. Ни­ет етілсе қандай да мұң-мұқ­таж­ға қарайласудың реті та­бы­латындығы тағы бір бай­қалды.

Ата мен ана қуанышы

Мұң-мұқтаж демекші, Бал­қаш қаласының қарт тұрғыны Ноғайбек Мәуеннің әкіммен жүз­десуі еш­қашан есінен кетпес. Ақсақал кенже баласы мен келініне, үш немересіне бас болып, Тораңғылық стансасына қоныс аудармақ ойда екенін ай­туға келіпті. Әдеп сақтап, бі­раз күтіп қалғанын аңғарған аудан басшысының «Ата, бірден жолықпадыңыз ба. Бәрін ысыра тұрып, алдымен сізбен тілдесер едім ғой», деген сөзіне ризалықтан жанары жасаураған қарияға бас­пана мәселесінде көмектесуге уәде етті. Онда біраз жылдан бері бос қалған үйлердің коммуналдық меншікке көшіріліп, ел ішіне ора­лу­шылардың бұдан былай қарай мұндай өті­ніштерін қа­на­ғат­тандыруға мүм­кіндік ке­ңеюі­­не байланысты тілегі орын­дала­тындығына қуанып қалды ол.

Ақжайдақ стансасында да тура осындай оқиға ұшырасты. Төрт балалы жас әйел Бикен Бектемісова жұбайы бастап, ауылдық жерге қоныстану ниеттері барын жеткізді. Тұрғындары сиреген ауылдарды қайта толықтыру, әсіресе, жас­тарды қайтару аудан алдына қо­йылған мерейлі міндет. Осы бағыттағы шаралар шапағатына бөленушілердің күннен-күнге кө­беюі қазақы қалыптағы өңір келешегін кемелдендіре түспек.

Ойдағы қыстақтарға, қырдағы ауылдарға, одан Балқашқа соғы­лып, жалпақ дала төсіне қайта шығып, аймақтың бір шеті Саяқ­­пен ұласқан Ортадерісін, Ақ­жайдақ өңіріне бойланған бұл сапардан түнделете оралып келе жатқанымызда жүргізуші Қуаныш ініміз: «Аға, 800 шақырымнан аса жол жүріппіз. Шаршап-шал­дыққан шығарсыз. Ал бізге бұл үйреншікті жұмыс күні ғой», деді. Ойланып қалдық. Әкімдер туралы сөз сан қилы. Көп жайды білмейді екенбіз.

Жері шалғай, мәселе шаш-етек­тен, көштен қалыңқы Ақто­ғайды алға ұмтылдырудағы қат-қабат істер асықтырған аудан әкімі Омархановтың біз көріп, біз білген бір жұмыс күні осындай болды.

Айқын НЕСІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Қарағанды облысы,

Ақтоғай ауданы.

Соңғы жаңалықтар