• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
04 Желтоқсан, 2013

Ұмтылған жетер мұратқа

410 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабеков ғарыш саласының дамуы барысында жасалып жатқан біраз істерді ортаға салды.

Кеше Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабеков ғарыш саласының дамуы барысында жасалып жатқан біраз істерді ортаға салды.

Қазіргі таңда отандық ғарыш саласын дамыту екі стратегиялық бағытта іске асып жатыр. Оның біріншісі – ғарыштық инфрақұрылымды құру, жасау, дамыту болса, екіншісі – ғылыми-технологиялық база мен мамандардың әлеуетін дамыту. Агенттік төрағасы орынбасарының айтуынша, бірінші бағытта бес үлкен жоба іске асырылуда. Олар: «KazSat» ғарыштық байланыс жүйесі; Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыштық жүйесі; ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің құрылысы; жоғары дәлдікті спутниктік навигация жүйесінің жерүсті инфра­құрылымын құру және «Бәйтерек» зымыран кешенін құру.

ҚазҒарыш өкілі жоғарыда аталған 5 ірі жобаның біреуін 100 пайыз қазақстандық мамандар әзірлегенін атап өтті. «Жоғары дәлдікті спутниктік навигация жүйесінің жерүсті инфрақұрылымын қалыптастыру жобасын 100 пайыз қазақстандық мамандар дайындады. Бұл біздің мамандардың білімділігі мен біліктілігі шетелдік мамандардан кем емес екенін дәлелдейді. Ал қалған жобаларда шетелдік мамандардың үлесі бар. Өйткені, біздің теориялық бағыттағы біліктілігіміз жоғары да, практикалық бағытта кемшіндеу. Оның үстіне, батыстағы заманауи технологияларды пайдалану мақсатында да шетелдік мамандармен іскерлік қарым-қатынас орнаттық», – деді ол.

М.Молдабеков «KazSat-2» аппаратының мүмкіншілігі туралы әңгімеледі. «KazSat-2» осыдан екі жыл бұрын іске қосылды. Жердегі байланыс қызметін Қазақстанның 11 операторы атқаруда. Жалпы айтқанда, бүгінгі таңда аппараттың 63 пайыз мүмкіншілігін пайдаланудамыз» – деді өкіл. М.Молдабековтің сөзіне бақсақ, аталған ғарыш аппаратының іске қосылуы арқасында елдің қазынасынан 2,5 миллиард теңге үнемделген. Яғни, бұған дейін басқа елдің ғарыш аппаратының қызметін пайдаланғанымыз үшін ақша төлеп келген болсақ, енді ол қаржылар елде қалып жатыр. «KazSatтың» тағы бір артықшылығы – ақпараттық жағынан тәуелсіздік алуға мүмкіндік беретіндігі. Айта кетер жайт, «KazSat-3» байланыс және хабар тарату ұлттық геостационарлық спутнигін құрастыру жұмыстары да аяқталыпты. Жыл соңына дейін сынақтан өтіп, келер жылдың бірінші тоқсанында тағы бір әуе кемесі ғарышқа ұшырылмақ.

Ғарыш кемелерінің қызметі орнықты болу үшін жердегі инфрақұрылым мықты болуы тиіс. Оған ғарыш аппаратын басқару жүйесі, аппараттың қызметін пайдалану жүйесі кіреді. Бұл тұрғыда 2005 жылы Ақмола облысының Ақкөл қаласында құрылған Ғарыш аппараттарын жерден басқару кешені және байланыс мониторингі жүйесінің қызметі айтарлықтай. ҚазҒарыш өкілінің айтуынша, аталған кешеннің барлық инженерлік құрамы ҒА басқару және байланыс мониторингі саласында арнайы білім алып, штатты және авариялық режімде басқарудың негіздерін игерген.

ҚазҒарыш өкілі 2015 жылы Қазақстанда ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенi құрылатынын мәлімдеді. Бұл жобаны iске асыру үшін стра­тегиялық әрiптес ретiнде ға­рыш саласындағы әлемдiк көш­бас­шылардың бiрi EADS Astrium атты француз компания­сы таңдалған. Кәсiпорын түрлi тағайындамадағы спутниктердi жасайтын болады. Байланыс спутнигi, жердi қашықтықтан зондтау спутниктерi, ғылыми-технологиялық спутниктер құрастыру-сынау кешенінде құрастырылып, сынақтан өткі­зілмек. Ал, келер жылы жер­ді қашықтықтан зондтау ғарыш­тық жүйесі толық іске қосыл­мақ. М.Молдабеков жерді қашықтықтан зондтау ғарыштық жүйесін жүзеге асыру нәтижесінде жерді қашықтықтан зондтаудың екі ғарыштық аппараты, ғарыш де­ректерін қабылдау және өң­деу үшін жерүсті мақсатты кеше­ні жасалатынын атап өтті. «Ал­ғашқы дәлдігі орташа жерді қашық­тықтан зондтау ғарыш аппа­ратын ұшыру 2014 жылдың бірін­ші тоқсанында, ал дәлдігі жоға­ры жерді қашықтықтан зондтау ға­рыш аппаратын ұшыру 2014 жыл­дың екінші жартыжылдығына жос­парланып отыр. Келесі жылы жүйе толық іске кірісуі тиіс», – деді ол.

М.Молдабеков «Бәйтерек» зымыран кешенін құруға байланыс­ты қазіргі жағдайға да тоқталып өтті. 2004 жылы Қазақстан мен Ресей президенттері «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану туралы келісімге қол қойып, кешенді жалға беру мерзімін 2050 жылға дейін ұзартқаны мәлім. Осы кезде ғарыш айлағындағы экологиялық проблемаларды кезең-кезеңмен шешу мақсатында экологиялық жағынан қауіпсіз жаңа ғарыш кешенін, атап айтқанда «Бәйтерек» кешенін құру туралы келісімге келгені есте. «Жоспар бойынша «Бәйтерек» ғарыш кешені 2008 жылы аяқталып, ғарышқа ұшырылуы тиіс болатын. Бірақ, алғашында 223 миллион долларға бағаланған кешенді ресейлік мердігерлер жеті есеге дейін көтеріп, 1,6 миллиард долларға жеткізді. Бұл тұрғыда ресейлік қадамдар бізді қатты ойландырды. Екіншіден, Ресей дәл осындай «Ангара» зымыранды-ғарыштық кешенін «Восточный» ғарыш айлағында салу шешімін жасады. Әрине, бұл бағытта біз көршілес елмен бәсекелесе алмаймыз. Сондықтан да жобаны жабу немесе осы мәселенің басқа жолын табу жайында ойландық», – деді М. Молдабеков. Ол бүгінгі күні «Бәйтерек» жобасын «Ангара» зымыран тасығышынан «Зенит» зымыран тасығышына біртіндеп көшіру үшін үкіметаралық комиссияның бірлескен әрекеттер жоспары әзірленгенін, енді ол 2014 жылы жүзеге асуы мүмкін екенін атап өтті.

Брифинг соңында М.Мол­дабеков журналистердің сауалдарына жауап берді.

Айгүл СЕЙІЛОВА,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар